ҰБТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ НАМЫС

1170
0
Бөлісу:

Мемлекеттік гимн мәтінінде «Намысын бермеген, қазағым мықты ғой» деген тіркес бар. Қазақ елінің бүгінгі және ертеңгі жас ұрпағы осы «Намыс» деген сөздің мәнісін терең ұғынуы керек. «Қоянды – қамыс, ерді –намыс өлтіреді» деген қайдан шықты? Біздің ұлт болып ұйысқан сәттен бастап, жан серік болып келе жатқан осынау киелі ұғымға көлеңке түспеуі тиіс. Жігерін намыс отына жаныған жастардың қатары артқан сайын Тәуелсіздік тұғыры биіктей түседі.
Абай атамыз 39-қарасөзінде «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді» деп жазып кетіпті.
Абай Құнанбайұлы осы екі мінезге «Ел басы, топ басы деген кісілер болады екен, көші-қонды болса да, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» деп сипаттама беріпті.
Мына заманда Абай атап көрсеткен осы екі мінез қайта орнығуға тиіс. Мемлекеттік билік құрылымында «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» қағидаты жүзеге асты. Қазақстан дербес ел болды. Барар бағытын, жүрер жолын дер кезінде айқындап алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасқан саяси элита қазақ көшін алға сүйреп келеді.
Ал намысқорлық мәселесіне келетін болсақ, көп нәрсені жоғалтып алғанымызды аңғарамыз. Тірлігіміздің көбісі «адамшылыққа ұқсамай, шайтандыққа тартып бара жатса», соның негізгі бір себебі – намысшыл қалпымызды жоғалтып алғандығымыздан…
Қазақ – қазақ болғалы мұндай заманды басынан өткермеген болар: татулық пен тұрақ­тылық, өсім мен өнім, жаңару мен жаңғыру – осы заманға тән; бодандық дегенді білмейтін бостан ұрпақ өмірге келді, пәлен заман қағажу көрген қазақ тілі өркенін жайды; тілі шықпай жатып Мемлекеттік гимн орындалғанда оң қолын жүрек тұсына қойып, орындарынан атып тұрып, әуенге қосылатын жас ұрпақ легі көбейді.
Биыл мектеп бітіретін түлектер саны 146 мыңнан асып тұр. ҰБТ сынағын 96963 түлек тапсырады. Сол 96 мың түлектің 73 мыңы ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Бұл – жалпы сынақ тапсырушылардың 80 пайызы.
Осы дерекке былтыр Қазақстан бойынша мектепке барушылардың 91 пайызы қазақ сыныптарына барғанын қосыңыз. Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында туу көрсеткіштері өте жоғары. Бұл аймақтардың еліміздің демогра­фиялық дүмпуіне қосып отырған үлесі алдағы уақытта көбейе бермек. Елордасы Астана мен Алматы қалаларының тұрғындар санын арттырып отырған да – осы өңірлер.
Демек, ендігі таңда қазақтың саяси, эконо­микалық, мәдени, әлеуметтік дамуында мемлекеттік тілді еркін меңгерген буынның ала­тын үлес салмағы артады. Осыған сай бизнестің, тұрмыстың, мәдени кеңістіктің бұған дейін қатып қалған ережелері өзгереді.
Қоғам сондай өзгерістерге дайын болуы тиіс.
Мемлекеттік тілді мәңгілік мұрат еткен буын Абай нұсқаған «намысқорлық» жолмен жүргенде ғана бүгінгі тірлігіміздің баяны бар. Бәсеке атаулының бастауы – намыс. Намысты адам – табысты адам. Тәуелсіздік үшін барын салу, жанын салу – бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылған нәрсе!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*