Президент Оралдың дамуына оң баға берді

1197
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Оралдағы әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орталықтарын, Жастар және оқушылар сарайын аралады.

Мемлекет басшысы әуелі «Квант» ЖШС-ның жиһаз фабрикасына ат басын бұрып, жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты.
Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде де баяндалды.
Бұдан бөлек кәсіпорын аумағында ин­дустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған жобалар бар.
Елбасы бұдан кейін «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның зауытына барып, тауық етін өндіруге және дайындауға маманданған «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның тағам кәсіпорны жайлы ақпарат алды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты және дайын өнімнің сатылуы жөнінде мәлімделді.
«Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары қоса әңгімеленді.
Нұрсұлтан Назарбаев «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-тың да шаңыра­ғында қонақ болды.
Қазақстан Президенті көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланы­латын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісін қарап шықты. Кәсіпорынның технологиялық қуаты, сондай-ақ қорғаныс саласының өнімдері – атыс қаруы және оқ-дәрі үлгілері көрсетілді.
Мемлекет басшысын «Агран» ЖШС-ның ұжымы да айрықша қуанышпен қарсы алды.
Елбасыға қабырғаға және шатырға арналған материалдар, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытының қазіргі даму барысы және мемлекеттік инвестициялық бағдар­ламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру перспективалары жөнінде мәлімделді. Кәсіпорынның өндірістік үдерісі де паш етіліп, дайын өнім үлгілері назарға ілікті.
Елбасы қаладағы орталық алаңды аралап көр­геннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарла­масының іске асырылу барысына және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарына қанық болды.
Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу, әлеуметтік сала нысан­дарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімделді. «Ақылды қала» тұжырым­дамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы есеп берілді.
Елбасы сондай-ақ өңір жұртшылығымен кездесті. Онда тұрғындар Мемлекет басшысына қабылданған «Бес әлеуметтік бастама» үшін алғысын жеткізді.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың, мейлінше, өзекті проблемаларын шешуге бағыт­тал­­ғанын атап өтті. Бейбітшілік пен келісімді сақ­тау­дың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқын­ды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халық­аралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор еке­нін алға тартты. Әңгімелесу соңында облыс тұрғын­дарына табыс пен бақ-береке тілеп,
Қа­зақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
Одан соң Жастар және оқушылар сарайына тоқтап, денсаулық сақтау және білім беру сала­ларын­дағы цифрландыру жөніндегі жобалар­дың іске асу барысын бақылады. Облыстың белсенді жастарымен кездесіп, жастар мен жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама­лардың іске асырылу барысы жөнінде пікір алмасты. Цифрлы және ақпараттық технология­лардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін алға тартты.
– Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Ары қарай Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.
– Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты. Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін тапсырды.
– Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына да тоқталды. Облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.
Жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл экономиканы» дамытудың қажеттігін атап өтті. Ауыл жастарын жұмыспен қамту проблемасына тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды сұрады.
Шағын және орта бизнес секторындағы диспропор­цияға назар аударды.
– Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 пайызын өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 пайыз тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіп­керлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Соңынан өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген міндеттемелердің жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*