Сен Скриптонитті білесің бе?

1630
0
Бөлісу:

Мамыр айының соңғы күндерінің бірінде Алматының тұрғындары Almaty Arenaда Скрипидің концертін тамашалайтын болады. Жанкүйерлері, 13 мыңдық кешенді аузы мұрнына лық толтырамыз деп жүр.

«Айтпақшы, Скриптонит деген кім өзі? Мен танымайтын жігіт қалайша 13 мыңдық аренаны толтырмақ. Әй, ол тек Қайрат Нұртастың ғана қолынан келетін іс еді ғой» деп, жаңа әншінің атын да, затын да естімеген оңтүстік шаһардың тұрғындары дүрлігіп жүр.

Сөйтсек, осы көктемде Астананың Барыс аренасын басына көтеріп, жұртты сүйсіндіріп, жанды дауыспен залды жарып, «жынды» концерт беріп кетіпті. Ресейдегі жетістіктерінің өзі бір төбе.Телеарнаға шықпаса да, интернеттен түспейді.  Міне, саған…

Бүгінде Скриптонитке, шын есімі – Әділ Жәлелов, жұрттың көзқарасы әртүрлі. «Ақша қуған, атақ қуған әнші емес, шын талант» деушілер де, «нашақор, космополит, елінен де, есінен де адасқан» деп ащы пікір айтушылар да жетерлік. Не десек те, оған назар аударып жүрген Скрипи жоқ.

Жақында Фейсбук әлеуметтік желісінде Шархан Қазығұл ағамыз «Скриптонит – Космополит» деп пост жазды. Жұрт шу ете қалды. Тоқсан ауыз сөзбен-ақ талдап, сараптап, логикалық қорытындысын айтыпты. Дұрыс-бұрысын жұртқа қалдырайық. Жарияланған постты мұртын бұзбай сол күйінде сіздерге ұсынып отырмыз.

«Кереку жерінен шыққан Әділ Жәлелов деген рэпер қазір дүниежүзін өзінің «трэп» стилімен шулатып жүргелі 3-4 жылдың жүзі болды. Осы баланы біраз зерттедім. Қазақтың атын шығаратын-ақ бала екен. Бірақ ұлттың атын аспандатқанын бір байқамадым. Оның қазақ екенін ешкім мойындаған емес, ол баланы енді қартайғанынша ешкім мойындамайтын да сияқты. Кеше теледидардан сұхбат беріп отырған Андрей Аршавин де «Оның әндерін тыңдаған емеспін, бірақ Қазақстаннан шыққан әнші екенін жуырда ғана білдім» деп қалды. Анекеңнің де оны «қазақ» деуге аузы бармады. Бұдан бұрынырақ Иван Ургант та «біздің ресейлік әнші» дегенін естігенімді де әлі ұмыта қойған жоқпын.
Scriptonite сөзін қарамаған сөздігім қалмады. Ағылшын сөзі деп берілген. Дей тұра, аудармасы бірде-бір сөздікте жоқ. Авторға толық еркіндік беретін «скрип комикс культура» деген бар еді, соның «скрипін» алған болар дедім. Бір анық, Скрип – әндерінен боғауыз сөз бұрқырап тұратын Әділ баланың шығармашылығына дәл келетін сөз. Ал, тонит дегені ағылшынның «предписывать манеру поведения» дегеніне келеді. Осы версиям дұрыс болса, Әділ баланың ойлап тапқан атауы «аузына келгенді оттай беретін «отауызды» мәнердегі еркін ойшыл әнші» дегенге келеді. Логикалық ойлау осындай қорытынды жасауға итермеледі.

Оның әндерін әлем жастары өліп-өшіп тыңдайтынын ешкім жоққа шығара алмайды. Ресейдің әншілері шықпаған биікті бағындырды. «Дом с нормальными явлениями» атты дискісі миллиондаған тиражбен өтті. Бірақ қазақтығымен мақтанған Әділді көрмедім. Туған жерінің түбіне келіп тұрып, (Астанада жуырда концерт бергенін айтамын) керекулік жерлестеріне жолдың нашарлығын сылтау етіп, тегін өнер көрсетуге де жарамай кеткен Әділ батырдың қазақтығына күмәнім одан сайын күшейе түсті. Тамырынан үзілген адамның әлемдік өркениетке ұмтылғанынан ұлтқа бес тиын пайда жоқ екенін осы жігіттің мысалынан анық аңғарасыз! Соғанқарағанда «Скриптонит – космополит» деп батыл айта беруіме болатын сияқты. Екеуінің де «ит»-пен аяқталып тұрғанына мен кінәлі емеспін.»

 

P.S.: Скрипи көп сыналатын әнші, сонымен қатар өзі де көп сын айтады. Жақында өзінің жеке парақшасында Павлодар облысының әкімдігін постымен шаншып алды. Туған жері, өз ауылына баратын жолдың сапасының тым нашар екенін, ауыл тіршілігінің жұтаңдығын айтып пікір білдірді. Әкімшіліктің қатқан жауабына «сөзбен емес, іспен дәлелдеңдер» деген ойын жеткізді.

 

А. Бек.

Фото: Esquire

Бөлісу:

Пікір жазу


*