ҚОШТАСУ КЕШІНЕ МЕКТЕПТІҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

2631
0
Бөлісу:

Соңғы қоңырау соғылатын күн таяғанда міндетті түрде көтерілетін бір мәселе бар, ол – мектеп түлектерінің қоштасу кеші, осы кеш үшін жиналатын ақшаның көлемі. Ең қызығы, бұл мәселені көтерушілер ақша жинауға мектеп ұжымын кінәлап, жаз­ғырып жатады. Ал шындығында, біздің қоғам қоштасу кештерін өткізуге мектептің де, мұғалімнің де қатысы жоқ екенінен бейхабар.

Жоғарыдағы сөзіміздің бір мысалы, күні кеше алматылық бір ата-ана Алматы қалалық білім басқармасының ресми сайтына қоштасу кешіне ақша жинаған­дардың үстінен шағым түсірді. Шағым мәтінінде «…мектеппен қоштасу мен виньетка үшін 100 мың теңгеден жинап жатыр. Лимузинмен қыдырады екен, сағаты –16 мың теңге, мейрамханаға барады, мұны ата-аналар жиналысында айтты, ақша жинағысы келмегендерді үркітіп қорқытты» деген жолдар бар. Шағымданушы меңзеген мектеп әкімшілігі де көп күттірмеді. «Мектеппен қоштасу кеші өтпейді, бақылауда ұстаймыз, виньеткалар да, лимузиндер де болмайды» деп шағымданушы сөзін жоққа шығарып жауап берді. Бұл жауапқа сену-сенбеу – әркімнің еркіндегі шаруа, тек бір нәрсе анық – мектеппен қоштасу кештері өткен, өтеді де. Тек ол кештерді өткізуге кімдер жауапты, осы кештер үшін мұғалімді жазғыру қаншалықты дұрыс деген мәселе төңірегінде сөз қозғамақпыз.
Айтқандай, өткен жылы депутаттар Үкіметке түлектер кеші үшін ақша жинауға тыйым салуды сұраған. Бұл ұсыныс қабыл болмады. Себебі, Білім және ғылым министрлігі мектеп түлектерінің қоштасу кешін өткізуге қарсы емес. «Мен түлек­тердің лимузинмен қала аралауына, қоштасу кеші үшін ірі сомада ақша жинап, даң­ғазаға айналдыруына, әрине қарсы­мын, алайда олардың таң шапағын қарсы алып, ақылға қонымды кеш өткізу­леріне тыйым салуды қолдамай­мын» деді сала министрі Ерлан Сағадиев, жуықта ғана берген сұхбатында.
Ал ата-аналар мен мектеп мұғалімдері не дейді?

Қарлығаш Әзірханова, ата-ана:
– Ата-ана ретінде де, мұғалім ретінде де мектептің қоштасу кешін өткізуге қарсымын. Мектеп ұжымы ата-аналар өздері шешсін деп ешқандай жауапкер­шілікті алмайды, бірақ қарсы да емес. Бір ғана мектеп бітіру кеші үшін өте қымбат баға шықты. Қызымның көңіліне қарап қосылуға тура келді. Осындай көп қаражат жұмсағанымды көрген қызым қатыспай-ақ қойсам қайтеді деді. Бірақ бір өзін қалдыра алмадым. Ақшаның жартысын басында беріп қойған соң аяғына дейін шыдауға тура келеді. Мұндай кешті өткізуде ысырапқа жол бермейтіндей жолын қарастыру керек. Осындай даң­ғазадан оқушылардың арасына жік түседі. Киген көйлектері, жиған ақша­лары – бәрі талқыланады.
Келесі жылы оқу бітіретін қызым әпкесінің қоштасу кешіне жұмсалған қаржыны көріп мектеп бітіру кешіне қатыспаймын, одан да сол қаржыға шетелге тілдік курсқа барып келейін деген шешім қабылдап отыр. Демек, бала ойлана бас­тады. Сондықтан меніңше, мектеп бітіру кешіне жеткенге дейінгі кезеңде балалар өз еркімен мұндай мере­келердің керек емес екенін түсінетіндей тәрбие­леуіміз керек.

Нұржігіт НҰРБОЛАТҰЛЫ,  ата-ана:
– Биыл біздің үйден де мектеп бітіретін бала бар. Банкетке 100 мың теңгеден жи­нал­ғанын естідім. Бұған жағдайы келе қоймайтын отбасылар қайтеді деп ем, «біздің сыныпта тұрмыс жағдайы төмен бала жоқ» деген жауап алдым. Менің тү­сін­генім, әр мектеп түрлі көлемде ақша жинап жатыр. 30-40 мыңнан жинап жатқандар да бар. Әрине, ата-анаға обал. Бірақ бәрі де сол, баламды қатарынан қалдырмаймын деген қағидамен тауып беріп жатыр. Менің жағдайым келеді, ал тұрмысы төмен отба­сыларға қиын соғады, әрине. Мұның бәріне түптеп келгенде, өзіміз – ата-аналар кінәліміз. Әйтпесе, мектеп ұжымы сол кешті өткіз деп зорлап отырған жоқ.

Бақытгүл САЛИ,  ата-ана:
– Әу баста, қоштасу кеші дегенге мен де қарсы болатынмын. Енді басыма келгенде бәрі орынды сияқты көрінді. Балаға – барым деген халықпыз ғой, заманға сай қымбаттап жатса да, шамам келмейді деген ата-ананы көрмедім. 90-100 мың теңгеден жинап жатыр, оның ішіне мектеп пен ұстаздарына беретін сыйлық та кіреді. Бұдан бөлек кешке киетін киімін қосса, биыл бір балаға, шамамен, кем дегенде 150 мың теңге жұмсалады. Бұл дегенің, бір қарасаң, жайдан-жай шашылу. Енді осы шығын керек пе? Үнемдесек те болар еді, мысалы, қоштасу кештерінің ас мәзірі үлкен тойлардыкінен кем емес. Одан да шағын фуршет жасап, құттықтау тілектерін айтып, билеп тараса да жетер еді деп ойлаймын. Сосын лимузинмен қыдыру деген бар екен, оны қабылдай алмадым. Кей ата-ана «баламыз өмірінде бір рет мектеп бітіреді, мінсін» деп жатыр. Лимузин мінетін мүмкіндік одан кейін тумайды деп кім айтты? Баласы үйленсе, тойында мінеді емес пе? Даңғазаға бой ұрып бара жатқанымыз жасырын емес.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,  Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицей мұғалімі, «Зияткер ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– «Мектеп бітіру – түлектің өзі үшін де, ата-анасы үшін де есте қалдыруға тұрарлық оқиға. Бірақ соңғы жылдары мектеп бітіру кештері даңғазаға айналып барады. Соңғы қоңырау соғылатын 25 мамырға мектеп мұғалімінен бастап, жергілікті әкімдік, Құқық қорғау органдары төтенше жағдайға дайындалғандай дайындалатын болды. Көліктермен даңғазалатуға тыйым салынса да, мұғалімдер мен ата-аналардың күзе­тінен есебін тауып сытылып шығып, көше кезіп кететін түлектер аз емес. Бірінен-бірі асып түсетін қымбат көлік жалдаған олар ауыл-қала көшелерінде түрлі апатқа ұшырап, өздері де, өзгелер де зардап шегіп жататын мысал аз емес. Меніңше, бұған кей ата-аналардың екіжүзділігі себеп. Оларға қанша ескертілсе де, түлектер көлік жалдауға ақшаны ата-анадан алмағанда, кімнен алады? Қоштасу кешінен бұрын, осы 25 мамыр күні де сынып жетекшілері мен мектептердегі ер мұғалімдер өз бала-шағасын Тәңіріге тапсырып, қаладағы кафе-ресторандарды торуылдаумен жүреді. Егер тойлап жүрген түлектерін кездестірсе, үйіне қайтаруға тырысады. Оған көндіре алмаса, мектеп басшысына хабарлайды. Сосын ҰБТ өтіп, мектеп бітіру кеші болады. Мұнда да сол, қай сынып қай мейрамханада тойлады деген бір-бірінен асып түскісі келетін бәсеке қызады. Бар­лық мұғалім үшін жауап бере алмаймын, ал өз ісіне адал мұғалім шәкіртіне ешқашан неге де болмасын ақша жинау туралы әңгіме айтпайтынына – мен кепіл.
Бұрынғы «Ата-аналар комитеті» деген құрылым бұл күнде «Қамқоршылар кеңесі» деп атауын өзгерте салды. Мектептерде Батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағ­дар­ламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын «Қамқоршылар кеңесін» құру үшін алдымен, елде орта тап қалыптастыру керек. Бізде мектепке қо­мақ­ты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын шын мәніндегі орта тап бар ма? …Міне, осы Қамқоршылар кеңесі мүшелерінің арасынан (яғни, ата-аналардың ара­сынан) «Біз­дің баламыз жұрттың баласынан кем бе?» деп ақша жинап, дүркіретіп атап өтуге ұсыныс тастайтын пысықай ата-аналар табылады. Оларды «Сыныптағы бар баланың ата-анасының қалтасы көтере ме?» деген сұрақ мазаламайды да. Кейде сол жиналған ақшадан өзіне сый-сияпат алып қалудан кетәрі емес сынып жетекшілері де болуы мүмкін. Жалпы, ақша жинаудан жарысып, даңғазаға айналмаса, мектеп бітіру кешін өткізгеннің еш сөкеттігі жоқ. Ал даңғазаны қалай тоқтатуды мен білмеймін, тек Құдай ата-аналарға сабыр берсін деймін.
…Ата-аналар қоштасу кешін өткізуге аса қарсы емес, сонымен бірге, ысырапты азайту қажет екенін де мойындайды. Бірақ ата-аналар арасында баламның тілегін орындап жүрмін деп асыра сілтеп жібере­тіндер де бар. Даңғаза мен дарақы­лықтан алдымызға жан салмай келе жатқанымыз сондай, 11-сынып бітірушілерді айтпа­ғанда, балабақша мен бастауыш сыныпты тәмамдаған бала үшін де шабылаты 4 ата-аналар бар. Міне, осы ата-аналардың аптығын басу қиын ба? Қиын түгі жоқ. Мысалы, Астанадағы №76 мектеп-лицейде бастауыш сыныппен қоштасу кешіне тыйым салынған.
«Мектеп директоры ретінде бас­тауышпен қоштасу деген шараның форматын «отбасылық мерекелік тәрбие сағаты» форматына ауыстырдым. Баласының төрт жылдық өсуін көретіндей тағылымды тәрбие сағатын өткіземіз, оқушылар мектеп формасымен (!) ғана қатысады, қымбат сәнді көйлек киіп, шашын ересектерше сәндеуге тыйым салынған. Оқушының мерекесі жасына лайық болуын қадағалаймын. Дастарқан жайылмайды, мұғалімге немесе мектеп әкімшілігіне сыйлық берілмейді» дейді аталған мектеп директоры Сафура Төлек­тегі. Оның айтуынша, баланы жас кезінен ысырап­шылдық пен дарақылықтан арашалап өсірсек, мектеп бітіру кеші де басқаша өте бастайды.
«Бұл тұрғыда, ата-аналардың көзқа­ра­сын өзгерту қиынырақ. Біреуінің тұңғышы, біреуінің еркесі, т.б. … Мәселе, сараңдықта емес, қызғанышта да емес. Қоштасу кеші бала үшін де, түлек үшін де, ересектер үшін де тәрбиенің көрінісі болуы тиіс. Мазмұны мен негізгі си­паты «ересек өмірге қадам басу», «өзіңе деген жауап­кер­шілік», «үлкен­дердің сенімін ақтау», «маман­дыққа жауап­ты қа­дам», «болашаққа батыл қадам» деген ұғым­дар төңірегіне ауысуы керек деп есеп­тей­мін» дейді.
Сафура Сей­дуәли­қы­зы­ның айтуынша, мек­теп әкімшілігі мек­­тепте ақша жи­на­мау, сый­лық алмау жө­нін­­де бұйрық шы­­­ғара алады. Мек­теп бітіру ке­шіне бұйрық шы­ғара ал­майды. Се­бебі, қолы­­на ат­тес­та­тын алған түлек – азат түлек. Де­ген­мен де қоштасу кешін ұйым­дас­тыру алқа­сымен кеңесу маңызды.
«Кешті ұйым­дас­тырушы ата-аналармен оқу жылы соңына қарай міндетті түрде кездесемін. Қоятын талаптарым да бар, оны ата-аналар қабылдайды. Қаражат көлемінің әр отбасы төлей алатындай мөлшерде болуын және қаражат мөлшері барлық ата-ананың қатысуымен бел­гіленуін де ескертемін. Кешті басқару­шының (асаба) бағ­дарламасымен алдын ала танысуларын өтінемін, оқушы-жас­тарға бағытталған мазмұнда және отба­сылық құндылықтарды сақтауы мен мәдениетті деңгейде болуын да бақылау қажеттігін ескертемін. Лимузинмен қыдыруды болдырмауды жыл сайын талап етемін, дегенмен ата-аналардың ойлары менің талабымнан гөрі балаларының тілегіне қарай ойыса береді. Биылғы ата-аналарға балалары лиму­зинмен қыдыр­ғанда арасында 1-2 ата-ананың болуын қатаң ескерттім. Себебі, жастар лимузинде өздерін тым еркін сезініп, түрлі эмоцияға беріліп жататын сәл келеңсіздеу сәттерге жыл сайын ата-аналар өздері куә болып жүр» дейді.
Мектеп директоры мектеп бітіру кеші әр түлектің өмірінде жақсы естеліктермен қалуы керек, ал олардың қауіпсіздігі үшін, негізінен, ата-аналар жауапты екенін айтады. Соған қарамастан, кеш болатын күні мектеп инспекторы, сынып жетек­шілері, мектеп әкімшілігі кеш барысын бақылауда ұстайды екен. Соның арқасында қандай да бір келеңсіздік бұл мектеп тәжірибесінде болған емес.
«Кештен кейін бір тәртіпсіздік немесе оқыс оқиға орын алса, біз де жауаптымыз деп ойлаймын. Өйткені ол жастар біздің алдымызда бірнеше жыл білім мен тәрбие алды, біздің әр баланы танып, ата-ана­сымен бірлесе жасаған жұмысымыз дұрыс бағытта болса, шектен шыққан оқыс оқиға болмауы тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар оқу жылының соңғы тоқсанында жүргізілетін түсіндіру жұмыстары да маңызды. Әр түлекті білеміз, кімнің сәл «қателік жасап қоятынын» жобалай аламыз және сол балалардың ата-аналарына да баласымен бірге болудың қажеттілігін ескертеміз» дейді мектеп директоры.
Сонымен, мектеппен қоштасу кешінің тыныш өтуіне ұйымдастыру алқасындағы ата-аналар жауапты екен. Ал олар өз жауапкершілігін жете түсінбесе ше?

Ләззат АХАТОВА, заңгер:
– Мектеппен қоштасу кешін ата-аналар ұйымдастырады, сол себепті, ол кештен кейін орын алатын қандай да бір инци­дентке мектеп әкімшілігі жауап бермейді. Ата-аналар осыны есте ұстағаны абзал. Өйткені сол кештен соң орын алған оқиға үшін бірінші кезекте, кәмелеттік жасқа тол­ған балалар мен олардың ата-аналары жауапқа тартылады. Сондықтан мұндай шараны өткізуді мойнына алған ата-аналар комитеті жауапкершілікті сезіне білгені жөн.
Қымбат көліктер кортежімен қала ара­лауға қарсы ата-аналар жоқ емес, бар, алайда олар өте аз болғандықтан, азшылық көпшілікке бағынады деген заңдылық үстем болып тұр. Мұндай жағдайда алаң­даулы ата-ана кешті ұйымдастырушылардан қолхат жаздырып алса, артық болмайды. Ол қолхат алаңдаулы ата-ананы жауап­кершіліктен босатпайды, десе де, ұйым­дастыру алқасындағы ата-аналарды ойландыруға себеп болады.


Әр елдің салты басқа…

Қоштасу кеші әр елде түрлі форматта өтеді. Бұл сол елдің мәдениеті мен өмір сүру салтына байланысты. Мысалы, АҚШ-та қоштасу кешіне жұп болып барады да, мектеп әкімшілігі кештің ханзадасы мен ханшайымын таңдайды. Германияда түлектер мектеп ауласына ағаш егеді. Австралияда қоштасу кешіне ерекше көлік мініп бару салты бар. Ол елде лимузин мініп ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Сондықтан кей түлектер өрт сөндіру машинасымен, тіпті трактормен де барады. Швецияда таң ата салысымен, мектеп түлектерін гүл көмкерген жүк көлігіне салып алып, қала аралатады, бұл күні ата-аналар балаларына тұрмыстық заттарды сыйға тартады. Себебі, шведтер кәмелеттік жасқа толған баласына «енші» береді. Ал Қытайда қоштасу кеші өткен күннің ертеңі көше сыпырушылар үшін ең бір қолайсыз күн саналады екен. Өйткені түлектер дәптер, сызғыш, күнделік сияқты мектепті еске түсіретін заттардың бәрін терезеден лақтыратын салт бар.


Түйін:

Сөз басындағы ойға оралсақ, мектеп түлектерінің қоштасу кешіне, оны ұйымдастыруға мектеп ұжымының қатысы жоқ. Қоштасу кешінің бар жауапкершілігі  ата-аналарға жүктелген. Сондықтан кеш барысындағы баланың қауіпсіздігі ата-аналардың жауапкершілігінде. Демек, мектеп пен мұғалімді жазғыру ешбір қисынға келмейді.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*