Әріптестік одан әрі нығаяды

884
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдады. Мәжіліс спикері өзбек дипломатын елшілік қызметінің басталуымен құттықтап, оның мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық деңгейдегі әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеріне сенім білдірді. 

Нұрлан Зайроллаұлы атап өткендей, бүгінде қос мемлекет көшбасшыларының өзара түсіністігіне және тату достығына негізделген бірлескен жұмыс арқасында қарқынды саяси диалог жолға қойылды, көпқырлы әрекеттестікті тиімді дамытуға қол жеткізілді.
Мәжіліс басшысының байламынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің өткен жылғы өзара сапарлары ары қарайғы жан-жақты ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады. Олардың нәти­жесінде стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды.
Н.Нығматулин аймақтық және шекара­лық әріптестіктің даму деңгейіне назар аударып, осы жылы тұңғыш «Қазақстан – Өзбекстан аймақаралық форумы» өтетінін, ол екі мемлекет арасындағы сауда-эконо­ми­ка­лық ықпалдастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.
Өз кезегінде С.Ниязходжаев қазақстан­дық-өзбек қатынастарының өрбу қарқынына тоқталып, соңғы уақытта оның стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін айтты. Өзбекстан елшісі қос мемлекет басшыларының жылы қарым-қатынастары Қазақстан мен Өзбекстан халықтарына бұрынғыдан да жақындаса түсуге мүмкіндік бергенін жеткізді.
Кездесу барысында өңірлік және шекара­ма­ңындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гумани­тар­лық ынтымақтастық мәселелері де талқы­ға салынды. Жүздесушілер сондай-ақ Орталық Азияның экономикалық әлеуетін нығайту қажеттілігі туралы ортақ ойға тоқайласты.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*