ФОРУМНЫҢ ҮЗДІК ИДЕЯЛАРЫ ЖИНАҚТАЛАДЫ

795
0
Бөлісу:

Екі күннен соң Астана экономикалық форумы басталады. Еуразияның негізгі экономикалық конгресі саналатын Астана экономикалық форумы Қазақстанның жаңа міндеттеріне, әлемдегі өзгерістерге де сай болуы тиіс. Осы мақсатта биыл АЭФ негізінде, Global Challenges Summit іске қосылады. Жиын қарсаңында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздегі бірқатар сарапшылармен кездесіп, форумда көтерілетін мәселелер мен панельдік сессияларды талқылады. 

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде АЭФ: Global Challenges Summit 2018 форумының бұған дейінгі форумдар­дан айырмашылығы, халықаралық дең­гей­­дегі сарапшылардан қандай идея­ларды қабылдау керегі сөз болды.
Биылғы форум бағдарламасының негізін экономикалық өсім және ресурс­тық тұрақтылық, цифрландыру мен кент­тену, ұзақ өмір сүру және қаржылық револю­ция, жаһандық қауіпсіздік пен мәдени ілгерілеу тақырыптары құрайды. Талқылауға шақырылған сарапшылардың барлығы да осы тақырыптар бойынша өтетін сессияларға қатысады, енді бірі кей сессияларды жүргізеді де. Мәселен, АЭФ-тың Орталық Азия елдеріне қатысты сессиясын жүргізу белгілі экономист, «Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Махмұтоваға жүктеліп отыр. Оның айтуынша, Орталық Азия аймағы экономикасын дамыту үшін елдерді интеграциялаудың маңызы зор. Себебі, Орталық Азия аясындағы ынтымақтастық әлі де болса жеткілікті деңгейде іске аспай отыр.
«Өзбекстан басшылығына келген жаңа Президент көрші елдермен ынтымақ­тастық­ты жолға қоюды қолға алды. Ол өзбек елінің сыртқы әлемге барынша ашық екенін көрсетті. Ол жақта рефор­ма­лар­дың қандай жылдам қарқынмен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен Орталық Азиядағы 5 елдің жалпы ішкі өнімінің 75 пайызын Қазақстан қамта­ма­сыз етіп отыр. Бірақ Өзбекстанның өңірдегі халқы ең көп ел екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан бізге сыртқы әлеммен қарым-қатынасты көршілермен бірлесе отырып қалып­тастыру қажет. Біз негізгі геосаяси орында тұрмыз. Егер өңір ретінде жұмылсақ, ықпалымыз күшейе түсетіні сөзсіз. Бүгінде Жапония, Қытай, АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы бар. Осы ретте біз сыртқы әлеммен байланыста бір тарап болсақ, бұл Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның ұстанымын күшейтеді» дейді Меруерт Махмұтова.
Оның айтуынша, АЭФ – 2018 алаңын­да Еуразияның ірі экономи­касы­ның мүмкіндіктері мен қиындықтары туралы мәселе көтеріледі.
«Соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның экономикалық комиссия­сының жобасына қатысып жүргендіктен, бұл – маған өте қызықты тақырып. Сондық­тан Қытай министрліктерінің веб-сайттарына жиі кіремін. Қытай эконо­ми­ка­сында болып жатқан барлық екпінді өзгерістерді бақылап жүрмін. Спикерлер тізімі де қызықты. Олардың әрқайсысы форумда өз тарапынан «Қытай» тақырыбын барынша ашып көрсетеді деп ойлаймын» дейді.
Стратегиялық бастамалар орталы­ғы­ның аға серіктесі Олжас Құдайбергенов форум аясында геосаяси шиеленіс, санк­ция­лық соғыс, Төртінші өнеркәсіптік революция, Өзбекстанмен инвестиция­лар­ға күрес секілді мәселелерді талқылауға қатысатынын айтты.
«Бұл үрдістерді әр сарапшы әрқалай қабыл­дайды. Жалпы, осы үрдістерден шетте қалып қоймау үшін Қазақстанда не істелуі керектігін де талқылау қажет» деді.
«Астана» халықаралық ғылыми кеше­ні­нің Бәсекеге қабілеттілік орталығының жетекшісі Әнуар Боранбаев Астана эко­но­микалық форумында әлемдік өсімнің жаңа бенефициарларын анықтау туралы қызықты диалог өрбуі мүмкін деп болжайды. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін Батыс әлемі жаһандық өсімнің негізі бенефициары болса, бүгіндері жағдай өзгеріп келеді. Яғни, енді Батыс әлемінің орнын Азия басуы мүмкін деген болжам бар. Алайда Азияның негізгі бенефициар болуы Қытайдың қаншалықты жаһандық орталық бола алатынына байланысты екен.
Астана экономикалық форумының екі сессиясы гендерлік теңдік мәселелеріне арналмақ. Бұл туралы ExpoWomen комите­ті­нің төрағасы Әлия Жолболдина сөз етті. Оның айтуынша, биыл форумға Дженифер Мартино, Андриана Марайс, Ксения Собчак сынды әйелдер қауымы­ның танымал өкілдері арнайы шақырылыпты. Форумның бірінші күні әйелдердің эконо­ми­калық әлеует саласындағы құқықтары талқыланса, екінші күні әйелдердің көшбасшылық мәселесіне басымдық берілмек.
«Өйткені бүгінгі таңда әлемнің қар­қын­ды өзгеріп жатқанына қарамастан, гендер және гендерлік теңдік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр» дейді Әлия Жолболдина.
Сарапшылар пікірін тыңдаған министр Тимур Сүлейменов форумда Қазақстанда іске асыруға қажетті де пайдалы идеялар мен ұсыныстар жинақтауды ұсынды. Ол идеялар елімізде қолданылуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, 17-19 мамырға жоспар­ланған Global Challenges Summit шарасына 450-ден астам спикер қатысады. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, физик, ішектер теория­сының тең авторы және ғылым таратушы Митио Каку, Goldman Sachs бұрынғы төрағасы және БРИКС қысқарту авторы Джим О’Нил, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша бас экономисі Ганс Тиммер, саясаттанушы және қалалар дамуының визионері Параг Ханна, Грузияның вице-премьері, Сыртқы істер министрі Михеил Джа­нелидзе, Эстонияның бұрынғы прези­денті Тоомас Ильвес, БҰҰ сегізінші Бас хатшысы және Халықаралық олим­пиа­да комитетінің этика жөніндегі комис­сиясының төрағасы Пан Ги Мун, кино­ре­жиссер, «Алтын арыстан» Венеция ки­нофестивалінің бас жүлдегері Кшиш­тоф Занусси бар.
Астана экономикалық форумы ЕХРО конгресс-орталығы мен Hilton Astana мей­рамханасында өтеді.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*