Алматы облысы алда келеді

895
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарында Atameken business city көрме кешеніне барып, оның жұмысымен танысты. Көрме кешенінде оpen space форматында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, бизнес-форумдар мен кездесулер өткізуге арналған алаң, сондай-ақ жас кәсіпкерлерге идеяларының пайда болуынан коммерциялануына дейін қолдау көрсететін бизнес-инкубатор жұмыс жасайды.

Амандық Баталов Мемлекет басшысына «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағ­дарламалары мен «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасының» Алматы облысында жү­зеге асырылу барысы жөнінде баяндады.
Елбасы бизнес қоғамдастығы өкілдерімен кездесу барысында тәуелсіздігіміздің 26 жылы ішінде Қазақстанда шағын және орта бизнесті тиімді дамыту үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
– «Бес әлеуметтік бастама» да бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй құ­рылысы және осы салаға қатысы бар шыны, кірпіш, сондай-ақ басқа да құрылыс материалдарын өндіру ісі бизнес жүргізудің ресурстары саналады. Жол, мектеп, аурухана, инфрақұрылым салу – бәрі де бизнеске тиесілі. Кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді пайдалануы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Алматы облысының артықшылықтарына тоқталып, туристік кластерді дамыту үшін табиғи-климаттық жағдайы қолайлы әрі географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын және әлеуетінің зор екенін атап өтті.
– Сіздерді Алакөлде жұмыс істеуге ша­қырамын. Мен сол жерде болдым. Онда жақсы мүмкіндіктер бар. Бұрын ол жерде 400 мың адам демалса, өткен жылы демалушылар саны екі есе өскен. Биыл олардың саны миллионнан асады деп жоспарланып отыр. Жол да, инфрақұрылым да бар. Тек құрылыс жүргізу керек. Алакөлде қазірдің өзінде бес жұлдызды қонақүйлер мен жақсы туристік кешендер салынып жатыр. Мұнда барлық қазақстандықтар демалуға келетіндей керемет жағдай жасауға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Алматы облысында, ең алдымен, дәстүрлі түрде өсірілген ауыл шаруашылығы дақыл­дарын өндіру ісін дамытуды тапсырды.
– Бүгінде жаңа қант зауыттары іске қо­сылып, қант өндірісі арта түсті. Қазірдің өзінде 60 мың тонна қант өндірілді, оны көбейту үшін мүмкіндік бар. Қазір Үшарал ауданында соя, арпа өсірілуде. Жарма зауыты және Алматы апортын өндірістік ауқымда өсірумен айналысатын жеміс шаруашылығы бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Салтанат сарайының жаңа ғимаратына барып, оның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Елбасыға әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың, соның ішінде 570 адамға лайықталған бассейннің, жабық жеңіл атлетика манежінің, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, музыкалық және жалпы білім беру мектептері мен драма театрының құрылысы жөнінде баяндалды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*