Еуропалық парламент өкілдері «Нұр Әлемнен» ерекше әсер алды

912
0
Бөлісу:

«Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Ивета Григуле бастаған Еуропарламент делегациясы Қазақстандағы ресми сапары аясында «Нұр Әлем» – «Болашақ энергиясы» мұражайына келді.
Жоғары мәртебелі қонақтарға павильонның тақырыптық экспозицияларын, сондай-ақ, ел экономикасының түрлі салаларын «цифрландыруына», жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға және жаңартылған энергия көздеріне көшуге айтарлықтай үлес қосуға қабілетті ЭКСПО-2017 нысандарын көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасымен таныстырды. Қазіргі таңда көрме аумағында АХҚО, «Astana Hub», Халықаралық жасыл технологиялар орталығы, IT-университеті сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Еуропарламент депутаттарын көрмеге келушілермен тікелей қарым-қатынаста болатын интерактивті экспонаттар ерекше таңдандырды.


– Біз қуаныштымыз! Менің ойымша, бұл көрмені барлық адам келіп өз көздерімен көруі қажет. Себебі, «Нұр Әлем» павильоны тек әдемілігімен ғана емес, сонымен қатар ақпараттық танымдылығымен де қызғылықты. Мен ғарыш энергиясына арналған қабатты ерекше атап өткім келеді. Планетарий маған қатты әсер еткені соншалықты сәл кідіріп, өз әріптестерімнен қалып та қойдым, – деп атап өтті Еуропарламент депутаты Иоахим Целлер.
Қазір ұлттық компания оның мазмұнын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, мұнда әр түрлі білім беру, танымдық іс-шаралар және мектеп оқушылары мен студенттерге арнап «ашық» сабақтар өткізіледі.
– Павильонның әр қабатында ұлттық рух байқалады. Менің ойымша, бұл шетелдіктер үшін де, ең кішкентай көрермендер үшін де танымдылыққа толы қызық. Себебі, өз ұлтыңның мәдениеті мен дәстүрлерін жастайынан үйрету қажет, – дейді Иветта Григуле ханым.
Экскурсия соңында Еуропарламент делегациясы ұлттық компанияның ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі мұрасын тиімді пайдалану және дамыту саласындағы қызметін жоғары бағалады.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*