Шегіртке шапқыншылығының картасы жасалады

1366
0
Бөлісу:

Қазақстан шегірткелерге қарсы на­ғыз шайқас бастады. Бұл ретте тара­тыл­ған ақпараттар дәл бір алғы шептен тү­­сіп жатқан «суыт хабарларды» көзге елес­­тетеді. Мәселен, «жауға» қарсы шабуыл­ға 37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиация жә­не басқалары жұмылды­рылуда екен. Биыл жойқын соққы беру үшін ел Үкі­меті арнайы техника санын да күрт арт­тырып отыр.

Мұның мәнісі де, маңызы да бар. Үйірлі шегірткелер мыңдаған жыл бойы егіншілердің үрейін ұшырып келеді. Бұл қазіргі заманда да «үлкен апат» саналады, ал байырғы замандарда олардың шапқыншылығынан кейін тұтас елдер қырылып қалған кездер болыпты. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі 125 жылы Солтүстік Африка­дағы римдік Киренаика және Нумидия жұрттарында қаптаған шегіртке бар­лық егістіктер мен жайылымдарды жалмап қойып, ашаршылыққа жол ашқан. Салдарынан осы жұрттардың барлық тұрғыны – 800 мыңға жуық адам қырылып қалған. Ал бертінде Аргентина бастан өткерген «саран­шалар» үйірінің ұзындығы 210 шақы­рымға, ені 20 шақырымға созылған екен. «Қаптаған жау күннің көзін тұмшалады» деп батырлар жырында бейнеленетін көрініс осыған да келеді.
Демек, кез келген елдің мақсаты бұл апаттың осынша ауқым алуына жол бермеу болса керек. Сондықтан мәселені ел Үкіметі қырағы назарда ұстауда.
Оңтүстік Қазақстан облысында вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төраға­лығымен өткен, ОҚО, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының өкілдері қатысқан жиында шегіртке зиянкестерінен қорғану мәселелері талқыланып, шешімдер қабылданған.
Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің мәліметінше, 2018 жылы зиянды және аса қауіпті организмдер мен карантинді объектілер елімізде 5,1 миллион гектар аумаққа таралады деп күтілуде. Оның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестері 1,92 миллион гектар, ал саяқ шегірткелер 444 мың гектар жерді жайлауы ықтимал екен.
Бұл ретте аса қауіпті, зиянды орга­низмдерден және карантинді объек­тілерден қорғану және олармен күрес іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бағытталған.
Еліміз бойынша күреске барлығы 540 техника жұмылдырылуда. Оның қатарында 37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиа­ция, 33 аэрозольді генератор, 141 уль­тра аз көлемдегі бүріккіштер (УАКБ) және 192 иыққа ілетін бүріккіштер бар. Салыстыру үшін айталық, 2017 жылы тек 330 бірлік техника тартылған. Яғни, биыл техника көлемі бір жарым еседен астамға арттырылды.
Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде 2018 жылдың 10 сәуірінен басталыпты. Осы орайда итальяндық шегірткеге және азиялық шегірткеге қарсы шаралар қабылдануда.
Биыл бұл күреске заманауи технологиялар көмекке келуде, сөйтіп шегірткелер үйірінің әр қозғалысы ғарыштан қадағаланатын көрінеді. Атап айтқанда, шегірткелердің таралуына мониторинг жүргізу және нақты бақылау үшін GPS трекерлер мен GPS навигаторларды қолдану ұйғарылды.
Болашақта шегіртке шапқыншы­лығының өрбу барысы дәл бір майдан­дағыдай, картада көрсетілетін болады. АШМ агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында аса қауіпті әрі зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылатынын және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев таяуда Үкімет отырысында осы күрестің барысы жайында Министрлер кабинетінің мүшелеріне жеке баяндаған болатын.
– Жедел жағдайлар үшін «Фитоса­нитария» РМК-ның резервтегі техни­касы дайындалды. Марокколық шегірткенің жаппай таралуы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарын­да күтілуде, осы өңірлерде марокколық шегірткеге қарсы 639,6 мың гектарды: Оңтүстік Қазақстан облысында – 340,9 мың гектар, ал Жамбыл облысында 298,7 мың гектарды өңдеу жоспар­ланған, – дейді бірінші вице-министр.
Биыл республикалық бюджеттен арна тартқан қаржы сыртында, жергілікті атқарушы органдар төл бюджетінен 408,4 мың гектар жерді өңдеуге 718,3 млн теңге бөлді.
Қытай, Өзбекстан және Ресейден біздің шекаралас өңірлерімізге үйірлі шегіртке «әскерлерінің» қаптай ұшып келуінің уақтылы алдын алу мақса­тында, министрлік көрші елдермен бірге, үйірлі шегіртке тектестермен күресудегі ынтымақтастық туралы ке­лісімдер бекітіпті. Мәселен, Ресеймен арада 2018 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары келісілген екен.
Шегіртке – қазақ жеріндегі егін мен басқа да өсімдік атаулыға келуі ықтимал жалғыз залал емес. Салалық ведомство дерегінше, Қазақстанда жеміс ағаштарының «күйігі» ошақтары 150,3 гектарға ұлғайыпты. Дегенмен басқа карантиндік объектілермен зақымдалған жерлердің көлемі 2015 жылғы 248,54 мың гектардан 2018 жылы 123,63 мың гектарға азайғаны байқалады.
Дамыған елдер өздеріндегі өсімдік­терге және жан-жануарларға зұлмат әкелер бұл зиянкестерді «лаңкестерге» балап, қатты қорғанады. Мәселен, АҚШ ұшақтан түсіп, өз жеріне аяқ басқан барлық адамдарды тінтуден өткізіп, жеміс-жидек, көкөніс түрлерін тапса, дереу тәркілейді, әуежайдан ары асырмай, жояды. Осылайша, турист сөмкесіндегі алмамен бірге жат­жерлік зиянкес түрінің де Аме­ри­каға еніп кетуіне тосқауыл қойылады.
Қазақстан әуежайларында әрбір шетелдіктің, не елге оралған отандас­тың сөмкесін жеміс-жидек пен көкөніс табу үшін тексермейді. Зиянкестер тек кеденде, ірі жүктерді шекарадан бері алып өту кезінде іздестіріледі.
Үкіметте жария етілген дерек бо­йынша, қазір Қазақстанда каран­тиндік объектілердің 14 түрі таралған, олар жайында тиісті құрылымдар білетін көрінеді және барлық залалды ошақтарда карантин жариялаған.
Өткен жылы жүргізілген бақылау кезінде карантинге жатқызылған өнім­дерді әкелу немесе транзитпен алып өтудің 1 мың 202 фактісі анық­талды. Оның ішінде 276 жағдайда ка­ран­тиндік объектілер табылды. Соларды елге алып келгендерге 86,33 млн теңге сомасында айыппұл салы­ныпты. 11,8 мың тонна карантинге жатқызылған өнім экспорттаушы ел аумағына кері қайтарылды, тағы 121 мың тоннасы жойылды.
Биыл жыл басынан бері дәл осындай 254 жағдай әшкереленді. Оның тоғызында карантиндік объек­тілер табылған. Оған жол бергендер жалпы көлемі 11,3 млн теңге айыппұл­мен жазаланған. Ұтқыр топтар құру нәтижесінде, 2017 жылғы қазаннан бастап, Қырғызстан аумағынан каран­тинге жатқызылған 4,2 мың тонна өнімді бері тасудың жолы кесілді.
Шегірткеден де, өсімдіктің өзегіне түсер кесірлерден де сақтану аса ма­ңызды. Себебі, бұл елдің экспорттық әле­уеті мен отандық ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің шетелдік нарықтардағы тартымдылығына тікелей әсер етеді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*