Өзбек елшісімен жүздесті

852
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Саидикрам Ниязход­жаевпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан-Өзбекстан қатынастарын кең ауқым­да нығайту және дамыту, сауда-экономикалық, өңірлік және шекара маңы ынтымақтастығын кеңейту, көлік саласындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі ел арасында ғылым, білім, мәде­ниет, өнер, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру жайы сөз болды.
Бұдан өзге, жүздесу барысында «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» және екі ел арасындағы «Өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші фору­мы» аясында шараларды ұйымдас­ты­ру және өткізу мәселелері қа­ралды.
Бақытжан Сағынтаев Саи­дикрам Ниязходжаевты Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елші лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оның тәжірибесі, білімі мен кәсіби біліктілігі екі ел ара­сындағы қарым-қатынасты одан ары нығайтуға септігін тигізеріне сенім білдірді.
Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 543,1 миллион долларға жетті. Осылайша, өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда тағы 46,1 пайызға өсіп отыр. Салыстыру үшін айталық, былтырғы бірінші тоқ­санда өзара сауда-саттық көлемі небәрі 371,8 миллион долларды құраған болатын.
Қазақстанның Өзбекстанға қаңтар-наурыз айларында өткізген экспортының көлемі 55,1 пайызға ұлғайып, одан еліміз 399,9 миллион доллар табыс тапты. Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстаннан тасы­ған импорты да 25,6 пайызға артып, 143,2 млн долларды құрады.
Қазір мұнай-химия саласында және азық-түлік өнімдерін жеткізу саласында «сауда үйлері» табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан аума­ғында қазақстандық-өзбек­стандық 1180 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды.
Осы күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бейне­конференц байланыс режимінде әлеуметтік-еңбек қызметін цифр­ландыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында «Цифрлы Қазақстан» аясында елімізде электронды еңбек биржасын, электрондық еңбек келісімшарт­тарын және әлеуметтік-еңбек саласы­ның «Бірыңғай ақпараттық жүйесін» енгізу бойынша үш ауқым­ды жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.
Кеңесте Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасы­мова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және басқалары сөз сөйледі.

Ерік Ерденов

Бөлісу:

Пікір жазу


*