Еуропарламент делегациясымен кездесті

826
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Ивета Григуле бастап келген Еуропалық парламент делегациясымен жеке кездесті.

Әңгіме барысында Н.Нығматулин Еуро­палық Одақпен серіктестік қатынастарды кеңейту және тереңдету – Қазақстанның сырт­қы саясатының стратегиялық басым­дықтарының бірі екенін мәлім етті.
Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясы аясында өзара әрекеттестік жайына тоқтала келе, Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіп­сіздікті нығайтуға бағытталған ауқымды бастамаларына ерекше назар аудартты. Бұл ретте Елбасының бастамалары әлем елдерінің, соның ішінде орталықазия елдерінің тұрақты дамуы үшін қажет екені атап өтілді.
Осы орайда Нұрлан Зайроллаұлы Еуро­одақтың біздің өңір мемлекеттерімен ынты­мақтастық бойынша жаңарған Стратегиясының қабылдануы бірлескен әрі өзара тиімді жо­баларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашарына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ивета Григуле Еуропалық Одақ­тың әрдайым Қазақстанды тек осы өңірдегі ғана емес, сондай-ақ әлемнің осы бөлі­гіндегі ең басты серіктесі ретінде қарасты­раты­нын мәлімдеді. Даулы мәселелерді тек келіс­сөздер және бітім жолымен реттеуді көздейтін Қазақстан Президентінің сарабдал саясатының маңыздылығын атап өткен И.Григуле ханым қазақ елін өзгелер үшін осы бағыттағы жақсы үлгі-өнеге деп атады. Бұл жерде ол Сириядағы шиеленісті шешудегі, сонымен қатар Ауған­стандағы жағдайды тұрақтандырудағы Қазақстанның күш-жігерін тілге тиек етті.
«Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитеті тең төрағасының мәліметінше, Еуроодақ біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігін, сонымен бірге Азиядағы және тұтастай алғанда, бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін жо­ғары бағалайды.
Еуропалық парламентші Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды екендігіне екпін түсірді.
Кездесуге қатысушылар парламентаралық диалогты өрістету қажеттілігі жөнінде ортақ ойға тоқайласты. Мәжілісте өткен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламенттік ынтымақтастық комитетінің 15-отырысы – осы бағыттағы кезекті қадам.
Бұл жиында қазақстандық және еуропалық депутаттар біздің еліміз бен ұжымдық Еуро­паның сыртқы саясаты және қауіпсіздігі мәселелерін, сондай-ақ 2017-2018 жылдардағы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы қызметі жайын еркін айта отырып, тарқата талқыға салды.
Бұдан өзге, осы отырыста Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіру, Сириядағы жағдайды реттеу түйткілдері жөнінде жан-жақты пікір алмасу жүрді. Әрине, жиында экономикалық және әлеуметтік реформалар, инвестициялық тартымдылықты жақсарту, энергетикалық қауіпсіздік, өңірлік ынты­мақтастық, «Бір белдеу, бір жол» қытайлық бастамасын жүзеге асыру перспективалары жайы да назардан тыс қалмай, талқылауға тамыздық болды.
Отырыс қорытындысы бойынша Бірлескен декларация қабылданды.

 

 

Елдос CЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*