ОЛАР ЕУРОПАНЫ КӨРГЕН ЕДІ…

1214
0
Бөлісу:

Ол кезде Отан ортақ еді. Сол Отанға қауіп төніп, соғыс өртіне оранған шақта мыңдаған қазақ майданға аттанды. Жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Қасық қаны қалғанша елін, жерін жаудан қорғады. Ерікті, еріксіз әскерге алынып, көбісі құрбан болды. Өлі, тірі екені белгісіз кеткендер қаншама?!. Алғы шептен оралғандар соғыстан сансыраған халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысты.

«Ұлы Отан соғысы» деген тарихи атау алған осы соғыстың алғашқы жылында қайтыс болғандар тіпті көп. Вермахт әскері мұздай темір құрсанып, буырқанып бұр­санып, ә дегенде Кеңес армиясына қатты соққы берді. Жаудың бетін қайтару үшін Кеңес өкіметі барын салды. Үш солдатқа бір мылтықтан келсе де, тірі адамдар қалқаны тау-тау өлікпен толықты. Әр қазақ ауылынан 700-900-дай адам майданға аттаныпты. Солардан аман келгендері 200-ге жетпейді… Жалпы, қазақ құрбандығының нақты статистикасы жасалған жоқ. Қазақстан елдімекендеріндегі әскери монументтердегі сарбаздар тізімі толық емес. Еліміз бойынша 2 миллиондай адам майдан шебінде болды деген дерек бар. Бәлкім, одан да көп болуы мүмкін…
Айтайын дегеніміз, соғыстың алғашқы күнінен бастап, аяғына дейін соғысқан азаматтар туралы. Олар Шығыс Еуропаны көрді. Польша, Венгрия, Румыния, Болгария, Чехославакия сияқты мемлекеттерді басып өтіп, Германияға жетті. Сол елдердің тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көрді. Елге аман оралғасын майдангерлер еңбек майданына араласты. Көбі қазаққа белгісіздеу салаларды игерді. Көлік, байланыс, құрылыс салаларында жемісті еңбек етті.
Соғысқа дейін, одан кейін қазақ ауыл­дарында тоқал тамдар көп еді. Солардың орнына шиферлі үйлер тұрғызылды. Еңселі мәдениет ошақтары, клубтар, кітапханалар, балалар бақшасы пайда болды. Техника тілін білетін қазақтар көбейді. Соғыстан аман оралғандар өлімнің не екенін білді. Артына ұрпақ қалдыруға ұмтылды. Қазақстан де­мографиясына үлкен дем бергендер де со­лар.
Павлодар облысы Май ауданында бір азамат Румынияда болған екен. Елге оралғанда ауылдастары «Румыния деген қандай ел екен?» деп сұрайды. Сонда әлгі кісі «Румыния деген алға кетіп қалған екен. Олардың сиыр қорасы біздің контордан жақсы» деп жауап беріпті. «Совет кеңсесін сиыр қорадан кем көрді» деп, жаңағы азаматты сыртынан көрсетіп, он жылға соттап жіберген екен…
Осы оқиғадан-ақ қазақ азаматтары Еу­ропа мемлекеттерінің сол кездің өзінде алға кет­кенін көріп, іштей мойындағанын аң­ғаруға болады.
Жеңісті жақындатқан жауынгерлер соғыстан кейін қазақ елін көркейтуге күш сал­ды. Өз ұрпағын білімді, білікті болуға тәр­биеледі. Қазіргі уақыт биігінен қарасақ, аман оралған азаматтардың барлығы да әлемдік даму қарқынын сезе білді. Оларға сол үшін де өлшеусіз қарыздармыз!
Әр нәрсенің зиянды және пайдалы жағы болады. Соғыстың зияны – қазақ халқы­ның сан жағынан ойсыратып кеткені. Пай­да­сы – ұлтты жұрт қатарынан қалмауға, жақ­сы өмір сүруге, мейлінше көбейуге де­ген ұмытылысқа жетелеуі.
Ұлтымыздың жауынгерлік рухы жо­ғары. Бейбіт сүйгіш табиғаты берік. Соның бәрі – соғысқа қатысқан сарбаз­дар­дың ар­қа­сы. Сондықтан аталарымыз бен әке­ле­ріміздің рухына жыл сайын тағзым етіп, қан­дай құрмет көрсетсек те жа­ра­сады.

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*