Танкті тізгіндеген қайсар қазақ

878
0
Бөлісу:

1919 жылы 23 ақпанда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Қабанбай (бұрынғы Қызыл қазақ) ауылында дүние есігін ашқан Сүлеймен Ибрагимов шаруа отбасында өсті. Әке-шешесі мен бауырлары аштық жылдары көз жұмып, жетімдіктің зардабын жас­тайынан тартты. Қызыл армия қатары-
на шақырыламын дегенше, Мақаншы ауданын­да мұғалім болып қызмет атқа­рады. 1939 жылдан бастап Украинадағы Богуния мекенінде әскери борышын өтеп, кейін тактикалық соғыс жаттығуларын меңгеру үшін Белорусьқа жіберіледі. Бес жыл бойы қан майданның қақ ортасында жүріп, Т-26 танкісінің командирі болады. Кейін гвардия лейтенанты, танк взводы­ның командирі атақтарына да қол жеткі­зеді. Әрине, атаққа жетті деп айта салу оңай. Бірақ ерлігі еленемін дегенше, Кали­нин майданында, 2-Украин майданында, Б.Хмельницкий орденді бригадасында, Забайкал майданының құрамында ұрыс салды. Әсіресе, 196-танк бри­га­дасымен Калинин май­­данында соғы­суы өте-мөте маңызды оқиғаға баланады. Өте маңызды дей­тін себебіміз, 1941 жыл­дың соңында Сталин жауды Мәс­кеуден шегіндіру ту­ралы бұйрық еткен бо­латын. Соған байланысты Кеңес әскерлері 5 желтоқсанда қарсы шабуылға шықты. Шабуыл аясында әскерлер Ржев қаласы маңында кескілескен шайқастарға қатысты. Бұл ұрыс оңайға түскен жоқ. Өйткені Калинин облысының қалың ормандары – кеңестік танктердің жау қолына еркін түсуіне мүм­кіндік сыйлап қоя берді. Сөйтіп, Кеңес армиясының әп-сәтте қатары сетінеп ке­теді. Әскерлер жаппай отқа оранып, шы­ғынға батып жатқанда Сүлейменнің эки­пажы ұтымды тактика қолданып, жауды тықсыра түседі. Жиырма үш жастағы жа­лынды офицер соғыс тәсілдерін тиімді пай­даланып, ашық жекпе-жек жағдайын­-да жаудың құтын қашырады. Бәлкім тактиканың дұрыс қолданылуы, бәлкім Құдайдың қарасқаны, майданға түскен күллі 196-танк бригадасынан тек Ибра­гимов басқарған экипаж ғана аман-сау шы­ғады. Ал Бураково қыстағы үшін бол­-ған жойқын шайқастан соң механик Мулевпен бірге жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен марапатталады. Сүлеймен Әубәкірұлының тағы бір ерлігі – 1942 жылы 1 тамызда болды. Бураково елді­мекеніне кіре бергенде танк экипажы жау қоршауында қалады. Сонда да еш абыр­жымаған Сүлеймен танкінің люгынан жау тарапына қарай граната лақтырып, 10 не­місті өлтіріп, біреуін жаралайды.
Сүлеймен Ибрагимов Т-26, Т-60 және Т-70 танктерін асқан шеберлікпен бас­-қара білген. Мінездемесі мен механика­-лық құ­рылымы әртүрлі танкілерді жуса­-тып өр­гізу үшін ынта, жігермен қатар кә­сіби сауаттылық та керек. Сүлейменнің бір басынан нағыз жауынгерге қажетті қасиеттердің барлығы дерлік табылатын. Ол сондай қасиеттердің бәрін «жаудың бетін қайтару» атты бір мүддеге ғана жұм­сады. Және онысы нәтижесіз де болмады. Бұл күндері Комарно қаласын азат етудегі ерекше ерлігі тарих қатпарында жарқырай көрінеді. Жан алысып, жан беріскен шай­қастар мезетінде танкімен соғысу – аса азапты шаруа. Ұтымды тәсіл пайдаланып, жеңіс туын желбіретіп майдан даласынан шығу бір бөлек. Сол майданда қаншама әскердің шынжыр табан астында қала­тынын көру, пайымдау тіпті бөлек дүние. Бірақ ондай сәтте кім танкі астында қалды, кімді-кім таптап кеткеніне көңіл бөліп жатуға да уақыт тапшы. Қаншама дарынды жігіт, қарымды әскер танкі табанында тапталып мерт болды десеңші… Ол со­ғыстағы әрбір әрекетін отанын қорғау, ауылда тілеуін тілеп қалған ағайын-жұрт­тың сенімін ақтау деп түсінді. Сол себепті, әрқашан қаймықпай дұшпанның блин­дажына бірінші болып кіріп, өз танкісімен жау гарнизонына тікелей бағыт алатын. Әрине, әскери тапсырмаларды орындау кезінде қаншама рет басына қатер төніп, ажал тырнағын батыра жаздаған сәттер өте көп болды. Бірақ Сүлейменді қорғаушы періште, аман алып қалып отырды. Майдан даласында жан аямай соғысқаны үшін талай рет жоғары дәрежелі марапаттарға ұсынылды. Гвардия майоры Пузырев 1945 жылы 15 мамырда оны Кеңес Одағының Батыры атағына лайық көрсе, 5-гвардия­лық танк корпусының командирі, гвардия генерал-лейтенанты Савельев «Ленин» ор­деніне лайық көрген. Алайда гвардия ге­нерал-полковнигі Кравченко қазақ ба­тырына мұндай ірі атақтарды қимай, не­бәрі «Қызыл Ту» орденін ғана беруді құптайды. Бірақ ол үшін атақ аса маңызды бола қойған жоқ. Атақ бермеді деп, со­ғыс­пай қалмасы белгілі. Жалпы, 1945 жыл­-дың 2 мамырына дейін экипажымен бір-
ге дұш­пандардың 6 танкі, 7 өздігінен жү­ретін қондырғы, 13 ДЗОТ, 7 пулемет, 6 ми­номет, 120-ға тарта солдаты мен офицерін жойған.
Қанды соғысқа қаймықпай кіріп, кел­ген қауіпті де, қатерді де қайыспай қарсы алды. Қарсы келген дұшпанға тіке жүрді. Кері шегінген кезі жоқ, алмас қылыштай ті­ліп түскен кезі көп. Ибрагимов пайда­ланған тиімді әдістердің арқасында жау та­лай техникасынан айырылды. Сондай ұрыстардың бірінде Австриядағы Вена қаласының түбінде ауыр жараланып, гос­пи­тальға түседі. Бірақ жарасы жазылып, ауруы басылған соң көп ұзамай соғысқа қайта араласып кетеді. Бұл сәтте Кеңес Одағының жеңіске жеткені баршаға аян бо­лып, бүкіл майдан даласы қуанышты хабарды сүйіншілей таратып жатқан еді. Сүлеймен майдандас достарымен бірге жеңісті Чехословакия астанасы Прагада қар­сы алып, тойлатады. Бірақ бұл қуа­нышы ол үшін қысқамерзімді демалыс секілді ғана болды. Себебі, Сүлейменді Жа­пониядағы екінші майдан күтіп тұрған болатын. Жалпы, Екінші Дүниежүзілік со­ғыстың 1945 жылмен аяқтала салма­­ғаны, кейін тағы 2-3 жылға жалғасқаны көп­ші­лікке белгілі. Осылайша, сол жылы мамыр айының аяғында ауыр техникаларымен бір­ге жапон даласына аттанады. Ол жерде танкішілердің взвод командирі Ибра­ги­мов Үлкен Хинган таулы-дала, шөлді жерлерде өз шеберлігін көрсете білді. Моңғолия жеріне келген соң Үлкен Хинган тауын кесіп өтіп, Маньчжурия жеріне енеді. Ибрагимов жағдайды тез түсініп, жедел басқарып, өжеттілігінің арқасында жауды үлкен шығынға ұшыратты. Олардың ша­буылы Шаньчунь, Харбин, Мукден, Порт-Артур бағыттары бойынша жасалды.
Ресей Қорғаныс министрлігінің орта­лық мұрағат құжаттарында оның жарқын ер­лігі былай сипатталады:
«Танкі взводының командирі ретінде жұмыс істей жүріп ол өзін техникалық аса сауатты офицер ретінде көрсетті. Жолдас Ибрагимов әркез өз взводының көш­бас­шысы бола білді. Ол басқарған танкілер бекітілген кепілді 30-35 мотосағаттан әлдеқайда көп жұмыс істеп, 2100-2120 шақырымды еркін жүріп өтетін. «Үлкен Хинган» тау белдеуін аса жоғары темпе­ратура жағдайында асып өту кезінде оның взводы ешбір келеңсіздік пен апатқа жол бермей, өздеріне берілген міндетті асқан абыроймен алып шықты. Ол қиын жағ­дайда ұтқыр шешім қабылдап, майдан дала­сында ешбір қиындыққа ұрынбай, тапсырманы ойдағыдай атқаратын. Сон­дықтан жолдас Ибрагимов I дәрежелі «Отан соғысы» үкіметтік марапат ордені­-не лайықты. 3-батальон командирі, гвар­дия майоры Воробьев. 25.09.1945».
Әлбетте соғыста еткен еңбегі Кеңес Одағы­ның билігі тарапынан ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. Үш мәрте жауынгер­лік «Қызыл Ту» орденін өңіріне тақты.
1945 жылы 12 ақ­панда – II дәрежелі, ал 1945 жылы 1 қазанда I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Бұдан бөлек, батырдың еншісінде «Буда­пешті алғаны үшін», «Вена­ны алғаны үшін», «Праганы алғаны үшін», «Германия­ны жеңгені үшін», «Жапо­нияны жеңгені үшін» және көптеген ме­рейтойлық ме­даль­дары бар. Жоғарғы қолбасшы Сталиннің 16 рет алғысхатын алған. Кейін еліміз тәуелсіздік алып, еге­мен­дікке аяқ басқан тұста Елбасының бұй­рығымен Ұлы Отан соғысының 50 жыл­дығында Президенті­-міз Н.Назарбаевтың қолынан «Данқ» ор­денімен марапатталған.
Майдан даласында нағыз хас батыр­-дың қарекетін жасап, қазіргі бейбіт за­-манға өлшеусіз үлес қосқан Сүлеймен Әубәкірұлы соғыс аяқталған соң өзінің сүйікті мұғалімдік мамандығына қайта оралды. Ол елге 1947 жылдың 30 сәуірінде келген. Одан кейінгі ғұмырын түгелдей дерлік бала тәрбиесіне арнады, елеулі еңбек етті. Адал ісі көптің көзайымына айналып, тәңір қолдаған талайлы тұлға екенін айқын аңғартты. Ол Семей мем­ле­кеттік мұғалімдер институтын үздік баға­мен бітірген еді. 41 жыл бойы халық ағарту жүйесінде қалтқысыз қызмет етіп, шәкірт­теріне тарих пәнінен білім нәрін құйды. Зейнеткерлікке шығамын дегенше ұзақ жыл бойы Мақаншы ауданындағы Ғани Мұратбаев және Сәкен Сейфуллин атын­дағы орта мектептердің директоры қыз­метін абыроймен атқарды. Сапалы шәкірт тәрбиелеп өсіріп, қаншама буынның абы­ройлы, білімді ұрпаққа айналуына өлшеу­сіз еңбек сіңірген дана тұлға Оқу ми­нистрлігінің, пионер, комсомол ұйым­­дарының мақтау грамоталарымен, Қазақ­станның, КСРО «Халық ағарту қызметінің үздігі» белгілерімен марапатталған. Алты қыз, бір ұл тәрбиелеп жеткізген батыр аға­мыз кейін де немере мен шөбере сүйіп, қызыққа батты. Кешегі талай сынақтан сүрінбей өткен бүгінгі егемен Қазақ­стан­ның берекелі өмірге жеткенін, ұрпағының алаңсыз оқу оқып, өмір сүрген бейбіт күні­не куә болған ақсақал 2005 жылы 2 сәуір­де бақилық болды. Оны білетін, жақын танитын барша адам Сүлеймен Ибра­ги­мов­ты адалдығымен, іскерлігімен, жауап­кершілігімен көптің көңіліне, жұрттың жүрегіне жол тапқан ойлы, ақылды, халық арасында беделді, сыпайы мінезді адам деп сипаттайды.

Қайрат ҚАРАМАҢДАЕВ,
Құрлық әскерлері әскери институты әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы

Бөлісу:

Пікір жазу


*