Боздақтар рухына тағзым етті

1007
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы Құрметті қарауылдың сап түзеуімен Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, бір минуттық үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың рухына тағзым етті.
Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттандырды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Баты­ры атанды. Тыл еңбеккерлері майданды қарумен, азық-түлікпен және керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.
– Біздің аталарымыз революция мен репрес­сия­ны, ал әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Тек біздің ұрпақ қана бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.
Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек арда­герлерімен еркін әңгімелесті.
– Сіздер жанымызда болсаңыздар, біз, бала­ларыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіз­дерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жаны­мызды құрбан етуді үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мереке­леріңізбен құттықтай­мын! Сіздерге зор ден­саулық, табыс және бар жақсылықты тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы риза­шылығын білдірді.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*