«Еңбек – менің бүкіл ғұмырым»

964
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жұмыс сапарының екінші күнін «Керуен-Medicus» медицина орталығына барудан бастады.
Мемлекет басшысы медицина орталығының қызметімен танысып, клиника ұжымымен әңгімелесті.

– Дәрігер емделушіге қамқорлықпен қарап, әсіресе, аналарды босандырғанда өзінің мейірімін дарыта білуі қажет. Бүкіл Қазақстан бойынша заманауи құралдармен жабдықталған көптеген медициналық орталықтар салынды. Дәрігер – ең ұлы мамандық екенін әрдайым есте сақтаңыздар. Сіздерге табыс тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа медицина техникаларын өндіруші Siemens, Karl Storz, General Electric, Drager, Hamilton және басқа да жетекші компаниялар ұсынған қазіргі заманғы құрал-жабдықтар көрсетілді.   «Керуен-Medicus» жаңа ғимараты 2017 жылы салынған болатын. Оның жалпы көлемі – 10 мың шаршы метр. Клиникада нақты уақыт режімінде 3D-форматындағы күрделі операциялар жасалады. Медициналық орталық Кореяның Severance Hospital, Германияның Freiburg University Klinik, Сеул ұлттық университетінің Бундан клиникаларымен, сондай-ақ Еуропаның жетекші клиникаларының өкілі – Puls Global компаниясымен кадр даярлау жөнінде ынтымақтастық орнатқан.

Қазақстан Президенті орталықтан шығып, SmArt.Point стартап алаңына ат басын бұрды. Мемлекет басшысына орталықтың жетекші стартап жобалары («Chocofamily» компаниялар тобы, Nommi жобасы және SmartSatu платформасы) таныстырылды. Олар тағамға тапсырыс беру және әуе билеттерін сату жөніндегі интернет-гипермаркет, тауар жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы тауар айналымына арналған алаң, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша интернетке жылдам әрі мейлінше ыңғайлы қосылуды көздейтін Wi-Fi роутер әзірлемесі ретінде жұмыс істейді.
Елбасы мемлекет тарапынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Арнайы министр мен вице-премьер тағайындалды, әр министрлікте осы мәселелермен айналысатын адамдар бар. Біз әлемде болып жатқан үдерістен қалып қоймауымыз керек. Біз цифрландырудың арқасында, әсіресе, өндіруші компаниялардың еңбек өнімділігін жылдам арттыра аламыз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
«Chocofamily» интернет холдингінің негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Рамиль Мухоряпов Нұрсұлтан Назарбаевқа ІТ-саласы мен жалпы цифрландыру үдерісіне зор мән беріп отырғаны үшін алғыс айтты.
– Біз ІТ-қоғамдастығы атынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы үшін өзіңізге шынайы ризашылық білдіреміз. Біз соның арқасында өркендеп келеміз. Ақпараттық технологиялардан басқа бірде-бір сала мұндай жылдамдықпен дами алмайды. Біз Қазақстандағы интернет нарықтың көшбасшысы болып қана қоймай, халықаралық деңгейге де жетіп, үлкен компаниялар құра алатынымызға сеніміміз зор, – деді компания басшысы.
Елбасына мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерімен қамтылмаған, қалыптан тыс өмірлік ахуалды реттеу жөніндегі «OpenАlmaty» қоғамдық қабылдау орнының жұмысы таныстырылды. Оған 7 айдың ішінде 18 396 өтініш түсіп, олардың 78 пайызы сол жерде жедел шешімін тапты.
SmArt.Point жобасы – Алматыдағы технологияларды дамытуға арналған кеңістік. Онда жоғары технологиялар мен креативті бизнес саласында жұмыс істейтін 40 компания орналасқан. Олардың жиынтық ақша айналымы 100 миллион доллардан асады. Қызмет ету бағыттары электронды сауда, қаржы технологиясы, автоматтандырылған логистика, медиа, компьютерге арналған бағдарламаларды әзірлеу, телекоммуникация, блокчейн, заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсету аутсорсингі, білім технологиялары сияқты салаларды қамтиды.
IT-хаб жалпы көлемі 9000 шаршы метрді қамтитын екі қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда бір мезгілде жеке орындарды немесе 7-8 қызметкерге арналған офистерді жалға алатын 700 адамға дейін жұмыс істей алады.
Бұл нысан аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы ашық тұрады. Мұнда келіссөз жүргізуге арналған бөлмелер, ойын алаңдары және спорт залы бар. Әртүрлі мамандық пен салалардың өкілдерін біріктіретін орталық коворкинг қағидаты бойынша салынған.

Мемлекет басшысы одан кейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының спорт инфрақұрылымын, медициналық қызмет көрсету және цифрландыру нысандарын аралап көргеннен кейін оған қала әкімі Бауыржан Байбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы және алдағы жоспарлары жөнінде баяндады.
– Алматы еліміздің ең ірі және әсем қаласы болып қала бермек. Сол себепті әкімдік қалаға деген жанашырлығын көрсете отырып, шынайы ықыласпен жұмыс істеуі керек. Мен жолдардың, мектептер мен балабақшалардың жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылымның жақсара түскенін, сондай-ақ жаңа аудандардың пайда болғанын көріп отырмын. Бұл жұмысты тұрақты түрде жүргізу қажет, – деді Елбасы.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Алматы қаласын одан әрі өркендету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қазақстан Президенті келесі кезекте халық артисі Юрий Померанцевті қабылдады.
Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Юрий Померанцевтің Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық дамуына зор үлес қосқанын атап өтіп, оны 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
– Сіздің өмір жолыңыздың өзі – үлкен ерлік. Сіз үш жүзден аса драмалық рөлдерді сомдап, он екі фильмге түскеніңіз өз алдына, Ұлы Отан соғысына қатысқан адамсыз. Отандық драматургия мен киноның барша жұрт мойындаған шебері әрі өнер майталманы ретінде, Сіз тамаша артистер шоғырын тәрбиелеп шығардыңыз, педагогикалық қызметіңізді әлі де жалғастырып келесіз. Сіздің ұзақ өмір сүруіңіздің сыры тынымсыз еңбек етуіңізге байланысты болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ю.Померанцевке «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісін табыс етіп, оның Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерінің кавалері және басқа да көптеген медальдардың иегері екенін атап өтті.
– Сіздің өнегелі өміріңіз бен белсенді қоғамдық қызметіңізді, Қазақстанның мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесіңізді көрермендеріңіз бен өнеріңізге бас иетін бірнеше ұрпақ жақсы біледі. Соны ескеріп, Сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру жөніндегі жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы.
Ю.Померанцев Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, мұндай жетістіктерге көп жылғы әрі қажырлы еңбектің арқасында жеткенін атап өтті.
– Ең жоғары марапатты иеленген соң, оны қалай ақтаймын деп ойлап отырмын. Еңбек – менің бүкіл ғұмырым, тіршілігімнің мәні. Туған Қазақстаныма қызмет ете беремін, – деді халық артисі.

Мемлекет басшысы «Astana Group» компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұловты да қабылдады.
Кездесу барысында Нұрлан Смағұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа автомобиль жасау саласының дамуы және автомобильдерді экспортқа шығару мәселесі жөнінде баяндады.
– Автомобиль саудасының көлемі артып келе жатқаны байқалады. Автомобиль жасау мекемелерінде «Маз» көлігін құрастыра бастадық.  Алматыдағы зауыт «Hyundai» машинасын бояуға және дәнекерлеуге толықтай көшті. Ресей Федерациясына 450 автомобильді экспорттадық, Тәжікстанға 300 «Hyundai County» автобусын жасап, жөнелту жөнінде келісімге келдік. Мұндай операцияларды Өзбекстанмен де бірге жүзеге асырамыз деген ойдамыз. Осылайша, Қазақстан өндіріс алаңы ретінде Орталық Азияда  маңызды рөл атқара бастады, – деп қорытындылады компания басшысы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Нұрлан Смағұловты мемлекеттік, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*