Елбасы теннис орталығын ашты

1348
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыға келіп, жаңадан салынған «Эйс» теннис орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Мемлекет басшысы жаңа орталықты аралап көріп, Қазақстанда теннисті дамыту үшін 10 жыл ішінде барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Ресми мәлімет бойынша, корттар саны төрт есе өсіп, 60-тан 244-ке жеткен. Сондай-ақ тенниспен айналысатын спортшылар саны анағұрлым артқан.

– Теннис спорты тиісті инфрақұрылым болғанда ғана дамиды. Әр өңірде балалар спортпен шұғылданып, биіктерді бағындыруы үшін әлемдік стандартқа сай теннис орталықтары салынуға тиіс. Осы теннис орталығында жаттығатын спортшылар әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жас теннисшілермен әңгімелесу барысында әрдайым жеңіске деген сенімдерінің берік болуына, жігерлілік пен спорттық шеберлік арқылы алға қойған мақсаттарына жетулеріне ниеттестік білдірді.

Жалпы көлемі 8100 шаршы метр болатын «Эйс» теннис орталығында «хард» қатты жабындысы төселген 4 жабық және 6 ашық корт бар. Сондай-ақ мұнда 2 тренажер залы, медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер, нұсқаушылар кабинеттері, конференц-зал, тамақтану орындары орналасқан. Барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл жаз мезгілінде «ATP Challenger» деңгейіндегі турнирлерді өткізе алатын Алматыдағы бірден-бір теннис орталығы.

.

Спорт нысаны жеке инвесторлардың қаржысына салынды. Мамыр-1 ықшам ауданында орналасқан.

Спорттың аталмыш түрі Қазақстанда 1940-1950 жылы  дамып,  соғыстан кейінгі уақыттарда Александр Дрозд, Степан Пекай, Маргарита Суховерхова және Александр Марки топ жарды. 1970-1980 жылдары ресейлік білікті бапкер Августин Вельц  бірнеше таланттарды жаттықтырып, бірқатар Еуропа чемпиондарын тәрбиеледі.
Қазақcтан тәуелсіздікке қол жеткізген тұста алғаш тенниске ден қойған ағайынды Олжас-Диас Досқараевтар болды. Кейін апалы-сіңілі Мәдина-Әмина Рақымдар үлкен жетістікке қол жеткізді. Қазір ел намысын Зарина Дияс  халықаралық додада  қорғап жүр.

 

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*