Баладан артық бақ бар ма?

1634
0
Бөлісу:

«Адамның бір қызығы бала деген». Өкінішке қарай, бұл бақыт бәріне бірдей бұйыра бермейді. Сондай сәтте әке, ана атануды қалайтын азаматтар жетімдер үйіндегі баланы бауырына басып, асырап алып жатады. Ал кейбір жалғызбасты қыз-келіншектер «қартайғанда демеу болса екен» деген ниетпен бүлдіршіндерді қамқорлығына алады. Өзінің балалары бола тұра, өзгенің баласына тәлім-тәрбие беріп, отбасына қабылдауға дайын ағайындар да бар. Бала асырап алушыларға нендей талап қойылады? Жалпы, оның тәртібі мен жүйесі қандай? Шекара асып, басқа ұлттың баласы атанып жатқан   бүлдіршіндер бар ма? Осы мәселені саралап көрген едік. 

Асырап аламын десеңіз…
Нұрбек мен Жансұлудың шаңырақ көтергеніне 7 жылдың жүзі болды. Осы уақыт бойы бала сүюді армандап келеді. Павлодар, Алматы, Астана қалаларындағы емдеу мекемелерінің табалдыры­ғын тоздырып, тіпті жасанды ұрық­тан­дыру жасаса да – нәтижесіз. Сондықтан әулеттің үлкендерімен кеңесе отырып, олардың батасымен бала асырап алуға бел буды.
– Бұл – біз үшін өте маңызды шешім. Алғашқыда екі ойлы болғанымыз рас. Ол кімнің баласы? Қандай жағдайда тастап кетті? Ертеңгі күні биологиялық анасы не әкесі келіп, тартып алмақ болса, қайтеміз? Осы секілді сұрақтар әлі күнге дейін маза бермейді. Бірақ халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл бар. Сондықтан ата-ананың қамқорлығынсыз, мейірімінсіз қалған балаларға пана болғымыз келеді. Жеті жыл аралығында «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» сөзінің түп-төркінін жіті түсіндік, сезіндік. Оған қоса, «біреудің баласын бауырыңа бассаң, Алла саған да бала береді» деген пайым бар. Осының барлығын ескере келе, бойымыздағы күмәнді сейілтіп, сенімді күшейтіп, бала асырап алатын болдық. Осы ретте оның қалай жүзеге асатыны туралы ақпараттың аздығын аңғардық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеуметтік желілерде бала асырап, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге алу туралы мәлімет неғұрлым көп болса, біз сияқты отбасыларға соншалықты көмегі мол, – дейді Нұрбек.
Жұбайлардың бұл ұсыныс-тілегі орынды. Әсіресе, былтыр бала асырап алу тәртібіне енгізілген өзгерістерден көпшілік бейхабар. Осыны ескеріп, Павлодар облыс­тық мамандандырылған сәбилер үйіне арнайы ат басын бұрдық. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Сандуғаш Смағұловамен тілдесіп, бүлдіршіндердің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын өз көзімізбен көріп, соңғы жаңа­шыл­дықтар туралы біліп қайттық.
Алдымен, елімізде өзгенің баласына ата-ана атанудың үш жолы бар екенін айта кетелік. Біріншісі – патронаттық тәрбиеге алу, екіншісі – қамқоршылық (қорғаншылық), үшіншісі – бала­ны асырап алу. Соңғысы, сот шешімі арқылы ғана жүзеге асады. Ал 14 жасқа толмаған балалар – қорғаншылыққа, 14-18 жас аралығындағы балалар қамқоршылыққа алынады. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды шарт бойынша отбасы тәрбиесіне беру «патронаттық тәрбие» деп аталады. Жоғарыда аталғандардың бірі бойынша баланы асырап алмақ болсаңыз, жергілікті жердегі білім беру бөліміне қарасты қорғаншылық және қамқоршылық секторына барып, тиісті құжаттар тапсы­руыңыз керек. Олардың қатарында жеке және неке қию куәліктері, денсаулық жағдайы, сотталмағаны, тұрғылықты мекенжайы, жал­ақысы туралы анықтамалар бар. Соның бәрін тапсырған соң Халық­қа қызмет көрсету орта­лығынан электронды кілт аласыз. Сол арқылы бала асырап алуға кандидат ретінде тіркелесіз. Бірақ бұрынғыдай кезекке тұрып, оның жылжуын күтудің қажеті жоқ. Өткен жылы жетім және ата-ана­лардың қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер базасы құрылып, сайты іске қосылған еді. Электронды кілт алған кандидат қана сайтқа кіріп, еліміздің кез келген өңіріндегі жетімдер туралы қажетті деректерді ала алады. Мұнда бала­ның суретімен қоса, есімі, ұлты, жасы, әлеуметік мәртебесі (яғни, қандай себеп бойынша балалар үйіне тапсырылғаны), денсаулық жағдайы туралы мәлі­меттер көрсетіледі. Бұрын бала асырап алуға ниеттілер осы ақпа­рат­тардың бәрін жетімдер үйіне барып қана алатын және өзге облыстағы, қаладағы балалар жайлы мәліметтен бейхабар еді. Енді республика бойынша барлық ақпарат қолжетімді. Егер баланың сырт келбеті, жасы ұнаса, «танысамын» деген тетікті басады. Сол кезде оған автоматты түрде жолдама беріледі. Бұған дейін оны алу үшін жергілікті білім бөлімдеріне баруға тура келетін-ді. Сөйтіп, жолдама арқылы танысуды қалайтын балаға келіп, көзбе-көз жүздеседі, сөйлеседі, тәрбиешілерімен тілдесіп, толық мағлұмат алады. Егер жұбайлар балаға бауыр басып, бала да жатырқамаса, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге алу туралы шарт жасалады. Баланы түбегейлі асырап алмақ болса, сотқа өтініш беріп, соттың шешімі шыққан соң ғана бала отбасыға беріледі.
Былтыр енгізілген тағы бір жаңа­шылдық – жас айырмашы­лығындағы шектеуді алып тастау. Айталық, 2017 жылға дейін бала мен оны асырап алушы арасындағы жас шамасы 45-тен аспауы тиіс болса, қазір ондай тыйым жоқ. Ал қатаң сақталуы тиіс талап – бала­лар үйіндегі бір отбасының бала­ларын бөлуге болмайды. Бірін – басқа отбасының, екіншісін тағы бірінің асырап алуына рұқсат етілмейді.
– Көп жағдайда 35-45 жас аралы­ғындағы ерлі-зайыптылар бала асырап алуды қалайды. Одан бөлек жалғызбасты әйелдер, бала­лары бар отбасылар да өтініш біл­ді­ріп жатады. Алдымен, таны­сып, кейін бірнеше рет келіп, сөй­лес­кен соң нақты шешімін айта­ды. Бұл ретте баланың дүкен­нен таңдап алар тауар емес екенін баса айтқым келеді. «Мынау жақсы екен» деп іліп алып кетуге болмайды. «Бұл балаға мен не бере аламын?», «Оны ата-ана мейіріміне бөлей аламын ба?», «Білім беріп, денсаулығына қарауға мүмкіндігім бар ма?» деген мәселелерді таразыға салу керек. Кей кезде асырап алушылар белгілі бір уақыт өткен соң балаларды қайта әкеліп тастайды. Ал кейде ата-аналар жарты жыл аралығында сот жүзінде құқығын қалпына келтіріп, туған баласын асырап алушы отбасыдан кері қайтарып алып жатады. Басқаның баласын бауырына басарда бұған да дайын болу керек, – дейді Павлодар облыстық мамандандырылған сәбилер үйінің бас дәрігерінің міндетін атқарушы Сандуғаш Смағұлова.
Атап өтер тағы бір жайт, «бала асырап аламын» дейтін, түйсі­гі жоғары, саналы азаматтың «ер­тең­гі күні ол баланы қайтіп баға­мын?» деген сұрақтың маза­лауы заңдылық. Павлодар қала­лық білім беру бөлімінің қорған­шы­лық және қамқоршылық сек­то­рының меңгерушісі Әсия Дүйсем­бекованың айтуынша, қам­қоршылыққа алған әр бала үшін мемлекет ай сайын 24 050 теңге төлейді. Ал 2 немесе одан да көп баланы патронаттық тәрбиеге алған адамға айына шамамен 40 мың теңге, әр балаға жоғарыда аталған 24 050 теңге беріледі. Кей пы­сықайлар мұны ақша табу­дың көзіне айналдырып, тағ­дыр тауқыметіне ұшыраған бала­лар есебінен бизнес жасамаса болғаны…

Неге?
Қазақ – жетім мен жесірді жылатпаған халық. Алайда бүгінгі қоғамда жетім балалардың болуы өзекті өртемей қоймайды. Тоғыз ай бойы құрсағында көтерген ана неге сәбиінен бас тартады? Кейбіреулер бір балаға зар болып жүргенде неге бауыр еті баласын кеудесінен итереді? Бұл сауалдар көпшілік ортада жиі қойылып, талқыланады. Бір анығы – балалар үйіндегі балалар «уақытша» және «түбегейлі бас тартқан» болып екіге бөлінеді. Соңғысының атауын естудің өзі жүректі сыздатады.
– Әйелдер балаларын перзент­ханада босанған бойда тастап кетіп жатады. «Көкек» аналардың дені – студенттер, үй-күйі жоқ кезбелер. Одан бөлек балалар үйінде ата-ана құқығынан айы­рыл­ғандардың перзенттері тәрбие­ленеді. Егер жарты жыл аралығында ата-анасы жағдайын түзеп, жат қылықтарын қойып, тұрақты жұмысқа орна­ла­сып, соттың алдында баласын одан әрі тәрбиелеуге мүмкіндігі де, ниеті де бар екенін дәлелдесе, отбасына қайтарылады. Ал кей жағдайда ата-ана баласын өздері ерікті түрде бізге әкеліп, уақытша қалдырады. Себебі, қазіргі күні ешкімнің шекесі шылқып жүрген жоқ. Не баспанасы, не күнкөрісі болмаса, баланы қайтіп бағады? Сөйтіп, бізге өтініш жазып, жарты жылға өз қарамағымызға аламыз. Осы уақыт аралығында мәселесі шешілмесе, тағы жарты жылға алып қалуға мүмкіндігіміз бар. Өзін ғана емес, баласын да тамақтандырып, киіндіріп, жылы, таза үйде тәрбиелей алатындай жағдай жасаған кезде қайтадан ата-анасымен табысады, – дейді С.Смағұлова.
Ал бала 4 жастан асқан соң Павлодар қаласындағы, Кенжекөл, Качир ауылындағы балалар үйіне орналастырылады. Бұл ретте Сандуғаш Қалымқызы нәрестесін тастап кеткендердің барлығы дерлік баласын іздеп келмейтінін қынжыла айтты.
– Баласын сыртынан болсын көруге, оның қандай отбасының тәрбиесіне берілгенін білуге ниеттілер жоқтың қасы. Қайта бала өсіп, ес білетін жасқа келген соң, студент, қызметкер атанған кезде «мені кім тапсырды?», «анамның, әкемнің есімі кім, қайда тұрады?» деп іздеп келіп жатады. Өкінішке қарай, бізде деректер мен құжаттар бола бермейді, – дейді ол.
Айта кетелік, балалар үйі ошақ қасындағы жылулық пен махаб­батты толыққанды, бәріне бірдей бере алмаса да, олардың өзгелерден кем болмауы үшін тырысып бағуда. Мәселен, облыс­тық мамандандырылған сәбилер үйінде физиологиялық, логопед, монтессори кабинеттері, бассейн бар. Дәрігерлер, мейірбикелер мен тәрбиешілер бүлдіршіндердің денсаулығының мықты болуы, саналы тәрбие алуы үшін жұмыс істейді. Қазір мұнда 66 бала тәрбие­ленуде. Жыл басынан бері 2 бал­дыр­ған отбасына оралып, төртеуін қамқоршылық пен патронаттық тәрбиеге, біреуін асырап алса, енді бірінің жасы жеткен соң Кенжекөлдегі балалар үйіне ауыс­ты. Ал былтыр осы сәбилер үйінен 18 балақай ата-анасымен қайта қауышты, 40 бала өзге отбасының тәрбиесіне берілді және 12 баланы асырап алды. Жалпы, бүгінгі таңда Павлодар қаласында 188 бала жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар есебінде тіркеуде тұр.

Шекара асты
Жетім балалар туралы сөз қоз­ғағанда, олардың шекара асып, мұхит­тың арғы жағына кетіп қала­тыны жиі айтылады. Ресми дерек­терге сүйенсек, 1991-2016 жыл аралығында шетелдіктер 9 мың­нан астам қазақстандық жетім баланы асырап алған. Әсіре­се, АҚШ, Испания, Бельгия, Ка­нада, Франция, Германия елде­ріне кеткен отандастарымыз көп. Сандуғаш Смағұлованың айтуын­ша, 2010 жылы біздің облыста балаларды шетелдіктердің асырап алуына мораторий жарияланған. Ал былтыр бұл шектеу алынып тасталды.
– Бала асырап алуға ниет­ті қазақстандықтарға да, шетел­дік­тер­ге де бірдей талап қойылады. Бірақ жасыратыны жоқ, өзге мем­лекеттен келгендерге біз­дің отандастарымыз бағып-қағу­­дан бас тартқан балаларды бере­міз. Яғни, аурушаң, дамуы кеше­уіл­деген, денсаулығы нашарлау бала­лар шекара асып жатады. Себебі, біздің елдің, әсіресе қазақтардың менталитетіне ауру баланы асырап алу әлі де жат дүние. Олар он екі мүшесі сау, сөйлейтін, еститін бала­ларды қалайды. «Асырап ал­ған баласы ауру екен» деген қаңқу сөздерден де қорқады. Ал шет­елдіктер бұған қалыпты жағ­дай ретінде қарайды, – дейді С.Смағұлова.
Былтыр сәбилер үйінің екі тәрбиеленушісі басқа мемлекеттің азаматы атанды. Бірі –Канадаға, екіншісі Испанияға кетті…
Бүгінгі жағдай осындай. Байқағандарыңыздай, бала асырап алу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Шетелдіктерге қатысты қойылған мораторий күшін жойды. Енді балалар үйі де жойылып, әр бала өз отбасында тәрбиеленсе, содан асқан бақыт бар ма?! Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Павлодар облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*