Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ, Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы: алтын көмбені аршу қиын

2259
0
Бөлісу:

– Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Біз екеуміз», «Қаз­дар қайтып барады» әніңіз – қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік туындылардың бірі. «Біз екеуміз» қос жүректің лүпілінен туған дүние деп қабылдаймыз. «Қаздар қайтып барадының» бойында бір қимастық жатқан сияқты…
– Біз екеуміз, біз екеуміз,
Қауыз жарған гүл екенбіз, – деп келетін «Біз екеуміз» әні отбасылы жұптарға арналған. Өлеңін жаз­ған – көрнекті композитор Мэлс Өзбековтің бауыры, мар­құм Кәрім­жан Нүсіп. Бұл екі кісі – менің өнер саласының есі­гін ашуы­ма себепкер болған аза­мат­тар. Әннің негізгі кейіпкері – зайыбым Шәрипа. 40 жыл отау құрған жарым қатты сырқатқа ұшырап, қиналған сәттерде ішкі толқыныстан туындаған дүние болатын. Кейін өнер айдынында өзіндік қолтаңбасы, сүйіп тыңдай­тын көрермені бар інім Досымжан Таңатаров орындап, үлкен сахнаға алып шықты. 2002 жылы Қазақ радиосының «Ән тыңдайық» бағдар­ламасында көрерменнің ықыласы, дауыс беру нәтижесінде «Жыл әні» атанып, музыкасүйер қауымның сүйікті шығармасына айналды. Одан кейін де бірнеше ән жазылды. Бірақ халықтың көңі­лі­нен ерекше орын алған осы «Біз екеуміз» әні болып қалды.
«Қаздар қайтып барады» әні балалық шақты бірге өткізген, өмірден ерте кеткен жан досым, білікті маман, құрметті ұстаз, Т.Рыс­құлов ауданының қоғамдық өмі­ріне бүкіл ғұмырын арнаған, төрт мәрте мәслихат депутаты бол­ған, көптеген мемлекеттік награ­да иегері Сейітжан Өскен­баев­қа арналған еді. Жүректі сыздатып, сезімді қозғаған ән. Сейітжан Досымжанның ұстазы болатын.
– Байқауымызша, композитор­лық қырыңыздан гөрі қызметіңіз үнемі алда жүретін тәрізді…
– Менің арғы атам Қасен әнші, сал-сері болған дейді көнекөз қария­лар. Нағашы жағымнан Жапай тәтем де сырнаймен ән салған ойын-сауықтың адамы еді. Музыкаға әуестігімді алғаш бай­қаған нағашы атам Әндіз, ұстазым Ерғали Күлекев болатын. Алайда ешуақытта «ән жазамын, саз­гермін» деп кеуде қағып, жар салған емеспін. Көңілдің көр­кей­ген бір сәттерінде қолыма жан серігім домбырамды алып, көкі­рек сарайын ашатын әуезге бері­летінім бар. Менің жүрек тебіренісімді халыққа жеткізіп, ең бірінші қуанышқа бөлеген Досымжан бауырым болса, екіншісі – ұлым Нұрлан. Әр өнер адамы өзінің жолын қуған жанды шәкірт тұтатыны шындық. Бұл орайда өз қолыммен тәрбиелеп, қазір ел мақтанышына айналған шәкірттерімді бақытым деп санай­мын. Тахмина Әшімбекова, Назгүл Дүйсембаева, Жалғас Толған­баев, Оңал Азаматова, облыс­­тың маңдайалды әншілері Нәз­кен Қошқарбаева, Балжан Аманқұлова, Рысбек Қадырқұлов, Ізбасар Көпбергенов, Бекболат Әмірбетов, Шолпан Пірімқұлова, Өміржан Қырғызалиев, Көпшіл Ертаевтар менің әріптестерім ғана емес, өнердегі ізімді жалғастырушы ізбасарларым деп білемін.
– Республикалық деңгейде жеке шығармашылық кеш өткізетін уақыт келді деп ойламайсыз ба?
– Еңбек жолым мәдениет, өнер саласынан басталып, Алланың қалауымен осы салада 40 жылдай тер төгіп келемін. Соның басым көпшілігі басшылық қызметте болғандықтан, жұмыс ауқымы көп. Дегенмен қызмет пен шығар­ма­­шылықты қатар алып жүру­ге тырысып бақтым. Соның нәти­­же­сінде, осы уақытқа дейін бір­қатар ән жазған екенмін.
Төл туындыларымды жи­нақ­­­тай келе, былтыр 60 жас ме­рей­тойым қарсаңында Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­­­­ла­сына орай «Туған жерге туың­ды тік!» акциясы аясында Тараз қаласында «Ән – ғұмыр» атты шығармашылық кешімді өткіз­дім. Рухани қолдау көр­сету мақсатында өткен кон­цер­тімде елімізге танымал эстра­да жұлдыздары Досымжан Таңа­та­ров, Әділ мен Дана, Гүлнұр Өмір­баева, «Аламан», «Астана» топтары, Айгүл Мақашева және облысымызға белгілі өнер иелері мен шығармашылық ұжым­дар өнер көрсетті. Сонымен қатар, осы мерейтойға орай шығар­ма­ларымнан «Ән – ғұмыр» атты СD жинақ және кітап жарық көрді.
Мұнымен шығармашылық ізденісім тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да келер ұрпаққа берері мол дүниелерді жарыққа шығару жоспарымда бар. Басқа қалаларда шығар­машылық кеш өткізу мәсе­ле­сі келер күннің еншісінде деп ойлаймын. Бұйырып жатса, оны да қолға ала жатармын.
– Басшы ретінде Жамбыл облысының мәдениет саласында атқарылып жатқан қандай өзгерістер мен тың серпілістерге тоқталар едіңіз?
– Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақала­сын­да көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында облы­сы­­мызда бесжылдық үлкен бағдар­лама әзірленді. Еліміздің барша тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдаған, жалпы жұртшылықтан қолдау тапқан Президенттің бұл мақаласы төл руханиятымызды түлетуге ықпал ететін іргелі жұмыстарға арқау болмақ.
Аталған бағдарлама аясында өңір халқының рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақса­тында бірқатар айтулы шаралар іске асырылуда.
Алдымен тарихи ескерт­кіш­терімізді жаңғырта отырып, мәдениетіміз бен тарихымыз тереңнен арқау тартатындығын таныту бағытындағы жұмыстар жүзеге асты. Мәселен, Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ортағасырлық Тараз қаласының айналасында көптеген қалалар мен қорғандар, қамалдар мен керуен сарайлары бар. Соларды саралай келіп, бұрын көп зерттелмегендерін жаңғыртуға кірістік. Атап айт­қан­да, 2018 жылы ғылыми-зерт­теу жұмыстары жоспарланған нысандардың ішінен Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы ортағасырлық Бектөбе (VII-XII ғасырлар) қала жұрты таңдалынып, нысандарға қарастырылған қаражат біріктіріліп, қалашықта кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Алдымен оның Шахристан бөлі­гін­дегі қазба жұмыстары жал­ғастырылатын болады. Яғни, Шахристанның шығыс қақ­пасы, оған жапсарласқан магис­­тралды көше бөлігі мен тұр­ғын үй құрылыстарының бір бөлігін және X-XII ғасырға тән қоғамдық ғимараттардың (мешіт, медресе) бірін аршып зерттеу, археологиялық консервациядан және қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр.
– Осы ескерткішті болашақта туристік нысан ретінде қалыптасты­руға мүмкіндік бар ма?
– Әрине, бұл жоспарымызда бар. Ескерткіш Тараз қаласының батыс қақпасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Тараз қала­жұр­тындағы «Көне Тараз» архео­ло­гиялық паркі, Қарахан, Айша бибі нысандарымен бірігіп біртұтас туристік бағытты құрайтын бола­­ды. «Қазақстанның киелі жер­­лері картасының» тізіміне облыстан енген 8 тарихи-мәдени ескерткіштер айналасында да нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Олардың қатарына Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі, Бабажы хатун, Байзақ батыр кесене-сәулет ескерткіштері, Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені археологиялық ескерткіштері енді. Сондай-ақ Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына Жамбыл облысынан 27 ескерткіш ұсынылды. Бұл нысан­дар Мәдениет және спорт министрлігінің және «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орта­лы­­ғының қолдауымен шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енгізілді.
Биыл «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, ар­хив­­­тік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жи­нақ­талған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карта­лар мен кітап-альбомдар баспа­дан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы және голограммасы енгізіледі.
– Әулиеата өңірінің көптомдық әдеби энциклопедиясын шығару жос­пары нақтыланды ма?
– Бұл бағытта ақылдастар алқа­сы мен арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс жүргізуде. Жоба аясында кітапқа керекті тың деректер алу үшін М.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріндегі дерек көзде­­рінен тарихи құжаттар жинақ­тау бағытында жұмыстар жүр­гі­­зілетін болады. Сериялы көп­томдық энциклопедияның алғаш­қы 5 томы биыл жарық көре­ді. Сондай-ақ «Тараздан шыққан Таразилер» кітабын шығару қолға алынып отыр. Жамбыл облысында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармаларынан тұра­тын «Әулиеата өңірінің музы­калық мұрасы» атты бұрын шығарылған 8 дискідегі жи­нақ­ты жалғастыру мақсатында облыстық филармонияның 50 жыл­дығы қарсаңында «Әуе­ні әсем – Әулиеата» атты музы­ка­лық жинағын шығару жұмыс­та­ры жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голо­граммасы бүгінгі таңда облыс­тық тарихи-өлкетану музейіне орнатылды. Бұл голограммаға облысымыздың киелі орындары енгізіліп, келушілер тарихи-мәде­ни нысандарды жан-жақты тамашалауына мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта облыс әкімінің бастамасымен «Ежелгі Тараз» ашық аспанасты музей кешенінің Шахристан бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бірнеше мәдени нысан бой көтермекші.
– Былтыр Анкарада Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшілігінің шақы­руымен Жамбыл облысының өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көр­сетті. «Қазақстан күнінде» 500 мың көрермен жиналғанының куәсі болып қайттық. Осы жылы қай мемл­е­кет­ке шығу көзделіп отыр?
– Жақында Жамбыл облыстық фи­лармониясының «Балауса» цир­­кінің әртістері Ильяс Рахман­құ­лов пен Талап Таубековты MTG ұйымдастыруымен Ыстам­бул­да өткен «Сиқыршылар» фести­ва­­лі­нің іріктеуінен өтіп, Доха қала­сын­да жалғасын тапқан 118 елдің сиқыршылары қатысқан MAGIC FESTIVAL – 2018 фестиваліне жолдама алып, Талап Таубеков ІІ орынды иеленген болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Польша арасындағы көпжылғы достық пен мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Польша аста­насы Варшавада Жамбыл облы­сы­ның мәдениет күндері өтті. Облыстық филармония шілде-тамыз айларында – Польшаға, қыр­күйекте Қызылорда облысына гастрольдік концертін жоспарлап отыр.
– Биыл облыста қандай үлкен іс-шаралар өтеді немесе алдағы уақыт­қа қойып отырған ауқымды мақсаттар бар ма?
– Жыл басынан бірқатар мәде­ни-көпшілік іс-шаралар іске асырылды. Оның ішінде Жам­был Жабаевтың туылған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ай­тыс жоғары дәрежеде мәреге жетті. Жер­­гілікті күйші-композитор Ә.Желдібаев, жыршы-термеші А.Бетбаевтың шығармаларының тарихын таныту, орындау әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында «Домбыраның қос ішегі» атты шара, «Рухани қазына» мәдениет қызметкерлерінің фестивалі, «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразия­ның мәдени көпірлері» атты халықаралық Қазақстан-Италия көрмесі, тағы да басқа іс-жобалар ұйымдастырылды.
Жыл соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық, об­лыстық деңгейдегі фести­валь­­дер мен конкурстар қолға алынады. Атап айтсақ, Алтын­бек Қоразбаев атындағы III халықаралық «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші, композитор Нұрлан Байкөзовтың эстрада және джаз музыка фестивалі, «Жаңа есім – 2018» облыстық кастингі, облыс аудандарының мәде­ниет және өнер күндері, Халық­аралық «Өнер шеруі» атты шығармашылық фестивалі өтеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*