Қазақ даласындағы доллар дәуірі

1073
0
Бөлісу:

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда «құмар ойынның» әлемде жоқ түрі пайда болды. Халық, әсіресе  қалалық бөлігі аққұла америкалық валютаның әр қадамын бағып, қалай қарай ытқитынын күн сайын тексеріп тұратынды шығарды. Көптеген қазақстандықтар жиған-тергенін «жасыл қағазға» аударып та үлгерді. Сарапшылар да қарап қалмай, «бағам әткеншегі» деген ұғымды ойлап тапқан. Ал Ұлттық банк қазақстандықтардың бұл «құмарлықтан» айыққанын қуана хабарлап отыр. 

Әлемді май ішкендей еткен кейінгі жағдайлар кесірінен ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы биылғы наурыздағы 318,31 теңгеден қазір 330 теңгеге дейін түскеніне қарамастан, валюта айырбастау орындарына жүгірушілер легі байқалмайды. Керісінше, қаржылық реттеушінің ақпаратынша, АҚШ валютасын сатып алу көлемі ақпан айымен салыстырғанда, тағы 15,3 пайызға кеміген екен.
Осыдан бірер жыл бұрын банк­тердегі халық жинағының 80 пайызы долларда сақтаулы бол­­ған. Қазір қазақстандықтар сақ­тау құралы ретінде қайтадан теңгеге бет бұрды. Ұлттық банк, отандық банктердегі депозиттер көлемі 2018 жылғы наурыздың соңында 16 триллион 820,8 млрд теңгеге жеткенін мәлімдейді. Со­ның ішін­де жеке тұлғалардың жи­нақ­тары – 7 триллион 996,6 млрд теңге.
Депозиттердегі қаражаттың жалпы санындағы 9 триллион 426,3 млрд теңге ұлттық валюта үлесінде. Ал шетел валютасына 7 триллион 394,5 млрд теңге тиесілі. Осылайша, долларлану деңгейі 2018 жылғы наурыздың соңында 44 пайызға дейін құлдырады. Биылғы ақпанда 45,2% болған.
Шынында, Қазақстанда жер­гі­лікті валюта мен Америка ақша­сының арасындағы өзара қарым-қатынас тарихында қазіргіден де қиын замандар болған. Бұл үшін қазақ еліндегі доллардың жүз жыл­дан астам дәуірін зерделегенді жөн көрдік.
Бастау-меже ретінде 1887 жылды аламыз, себебі дәл осы уақыт­та Ресей империясында қаржы министрі С.Виттенің аты­шу­лы ақша реформасы жүргізілген болатын. Ол тұста елімізде аракідік Қоқан (1710-1876), Хиуа (1512-1920) және басқа орталықазиялық хандықтардың шақа-монеталары азаматтар арасындағы қолданыста кездесе беретін. Бірақ негізгі төлем құралы рөлін патшаның ақшалары атқарды.
Сол кезде ағылшын үлгісі бойын­ша патша банкноттары им­пе­­рияның алтын қорына бай­лан­­­ды. Нәтижесінде, бекітілген бағам пайда болып, 1 доллар 1,94 рубльге теңелді. Бұл көрсеткіш 1916 жылға дейін өзгермеген.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс тұсында Ресей империясында алапат инфляция қарқын алды да, әлсіреген ақ патша құлдилаған төл валютасының арынын тоқтата алмай, тізгінін бос қоя берді. Соның кесірінен бағам 1 доллар үшін 6,7 рубльге құлдырады. Бірақ бұл тек басы ғана еді.
Рас, толық отарланғанымен, ресейлік экономикаға түбегейлі кіріге қоймаған қазақ елі олардағы жойқын инфляцияны сезінбеді. Бізде ол тұста ең басты «қатты валюта» – төрт түлік мал мен оның өнімдері болатын. Тек Жайық асып, Омбы – Орынборға аттанып, мал өткізетін саудагерлер ғана бір сиыр­дың құны отыз сомға дейін қым­баттағанын, сонымен бірге өзге тауарлар бағасы да шығын­данға­н­ын білді. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деген мәтел содан шықса керек.
Елдегі экономикалық-қаржы­лық есеңгіреу төңкерістен кейін шырқау шегіне жетті. Билік басы­на большевиктер келген 1918 жылы 1 доллар 11 рубльге пара-пар болса, Қазақ АКСР және басқа да автономиялық республикалар құрылып, ортақ экономикалық саясат жүргізіле бастағанда, 1 АҚШ доллары 256 ортақ рубльге айырбасталатын күйге жетті.
Алайда оқиғаның ары қарайғы өрбу барысы қазақтың бір сөзімен «масқара» деп атауға лайық: арада екі-ақ жыл өткенде большевиктік рубльдің долларға шаққандағы бағамы 2083-ке бір-ақ құлады.
Ары қарай тіпті «жермен-жексен» болды. Қызыл өкіметтің ұлттық валютасының абсолюттік минимумы бір жыл өтпей жатып орнаған: бір доллар құны 2 мил­лион 352 мың 941 рубльге теңел­ді. Бұл заманда қазақ елін ашар­шы­лық жайлап жатты.
Гиперинфляция «әскери ком­му­низм» саясаты мен жаппай қар­жылық бейберекетсіздік кесірінен туындаған болатын. Нәтижесінде, елде бірнеше ақша түрі қатар жүре бастады, оның ішінде тіпті пат­ша­лық ақшалар, Колчактың және басқа да қашқын «ақтардың» ресми танылмаған, жасанды валюталары да қолданысқа кірді. Әжелері мен ата­ларының әңгімесіне құ­лақ қой­ған қазақстандықтар мұны жақсы біледі. Кейбір қа­зақ­­­стан­дықтың «отбасылық мұра­ға­тын­да» бұл сөлке­байлар мен ақша қағаздар әлі күнге сақтаулы.
Сол заманда халық қарапайым бартерге ден қойды. Базарларда киім-кешектер мен малды астыққа және тұзға айырбастады.
Большевиктік валюта болса, күн емес, сағат санап, құнын жоғал­та берді. ХХ ғасырдың 20-шы жыл­дарының басында 100 мың «совзнактың» (сол кездегі қаржы бірлігі) құны революцияға дейінгі 1 «копейкаға» тең болды.
Қаржылық сектор өзімен бірге жаңа одақты құрдымға сүйреп бара жатқанын түсінген Ленин билігі қаржылық шаруа­шылықты қалпына келтіру жоспарын жүзеге асыруға кірісті. 1922 жылы жаңа ақша реформасы жария­ла­нып, ескі валюта дено­­ми­на­цияланды. Қаржы эмиссиясына (шығарылымына) жауапты Мемлекет­тік банк қайта құрылды.
Сонымен қатар алғашқы қатаң бекі­тілген валюта – «советтік черво­нец» айналымға жіберілді, ол құны бойынша 10 патша рубліне теңестірілді.
Экономистер мына бір елеулі дерек­ке назар аудартады: әу бас­тан-ақ Кеңес Одағы бүкіл әлемнен эко­номикалық автономия қағи­да­ты бойынша құрылғанымен, өзінің технологиялық артта қалу­шылығы кесірінен ол импортқа қатты тәуелді болды да, бәрібір дол­ларизацияның жойқын соққы­сы­на ұшырады.
Себебі, Кеңес өкіметі шетелден им­порттайтын тауарлар үшін ком­­мунистік символикасы бар «червонецтермен» төлей алмады: Батыс ол кезде большевиктік Ресей­ді мемлекет деп танымайтын. Тиісін­ше, тауары үшін орақ пен балға бейнеленген ақшаны қабыл­даудан бас тартты.
Осы орайда кезінде құпия санал­ған әрі жария етілмеген бір қызықты жайт анықталып отыр: қиын жағдайда қалған кеңес өкіметі революционерлер 1918 жылы атып тастаған Николай II патшаның мүсіні қашалған арнайы монеталарды қайтадан басып шы­­ғара бастаған. Өйткені батыс мойын­даған легитимді билік сол бола­тын. Дәл осы монеталарды кеңес­тер шетелмен есептесуге пайда­­ланылды.
Ал одақтың өз ішінде, соның ішінде қазақ елінде қызылдардың төл жаңа валютасы жүрді. Елде кең ауқымды деноминация науқаны өткізіліп, жаңа советтік рубль ескі 1 миллиард рубльге айырбасталды.
Оның үстіне бұл шақта АҚШ «Ұлы депрессия» дағдарысын бас­тан өткеріп жатқан болатын. Сол уақытта әрбір доллар да Аме­риканың алтын-валюталық қорына қатаң таңылатын. Тиісін­ше, айналымдағы ақша­сы­ның саны алтын қорының көлемімен шектелетін. Сондықтан белгілі бір уақытқа теңгерім орнап, 1935 жылы 1 доллар бағамы 1,15 рубльді құрады.
Бірақ рубль үшін «жылымық» кезеңі ұзаққа созылмады: 1936 жылдан бастап, доллар құны тағы өсе бастады. Оған ере алмасын се­зін­ген Кеңес өкіметі рубль құнын франкқа байлау туралы ше­шім қабыл­дайды. Дәл осы жылы ара­сын­да ҚазССР де бар «Кеңестік социалистік республикалар одағы» (КСРО) құрылғаны мәлім. Әрине, әлемдік нарықта өз бетінше сауда жасауға құқығы болмаған Қазақ­стан империялар бәсекесінде дол­лар­дың сөзі өтімді, бәсі жоғары екенін көп сезіне қоймады.
Оның үстіне бұл бақталастықты бағамдауға Екінші Дүниежүзілік соғыс мұрша бермеген. Дүниені дүрліктіріп, әлемді қанға бөлеген, жөргектегі баланы жылатып, ана­­лардың көзіне жас үйірілтіп, ер­ле­рі­міздің көкірегіне кек түйгізген сұра­пыл соғыс валюталар ойынына тосқауыл қойды: доллар құны 1950 жылға дейін 5 рубль деңгейінде «қатып» қалды.
1950 жылы доллармен шама­­лау тоқ­татылды да, кеңес валю­тасы тіке­лей алтынға байла­ныс­ты­рыл­ды: әрбір рубль осы асыл тастың 0,222168 грамымен қамтамасыз етілуге тиіс болған. Бұл ресми бағам 10 жылға дейін сақталады.
1960 жылы КСРО-да «тариф­­терді 10 есе арзандатуға» бағыт­тал­ған Хрущевтің ақша реформасы жүргізілді де, кеңес азаматтарының жинақтары екі есе құнсызданып қалды. Бұл реформадан кейін валю­та бағамы 1 доллар үшін 0,9 рубль деп бекітілді.
Бұл бағамның сақталуына 1972 және 1973-жылдары жүрген дол­лар девальвациясы септескен. Осы тұста АҚШ әлемдік «алтын стан­­дарттан», яғни әр қағаз ақша­ны алтынмен қамтамасыз ету сая­сатынан бас тартқан дүние­жү­зіндегі жалғыз мемлекетке айналды. 1976 жылғы «Ямайка ақша жүйесі» құжатына қол қою арқылы әлем елдері Американың бұл қадамына келісіп қана қоймай, заң­­дастырып берді. Өйткені жа­һан­­дық соғыстан қаусап шық­қан Еуропаға жаңа заманда өрлеу үшін Америка капиталы ауадай қажет еді. Сол келісім бойынша әлем­дегі валюталар еркін айырбас бағамына көшті.
Осыны пайдаланып, КСРО ал­тын құны жоқ америкалық ақша бірлігіне шаққандағы өз валю­та­сы­ның құнын қымбат белгілей бас­та­д­ы: 70-ші жылдардың ортасында «0,758 рубль = 1 доллар» деп бекі­тілген. Бірақ бұл бағам өмір шын­дығынан алыс еді. Мәселен, Кеңес Одағы күйрер алдында доллар ресми түрде «0,56 рубль тұрады» деп мәлімделетін. Алайда «көлеңкелі нарықта» «халықтық» бағам 1 АҚШ валютасы үшін кем дегенде 30-33 рубль беретін.
Ақыр соңында өз алдына отау құрып, Тәуелсіздік алған Қазақ­стан 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап, төл ұлттық валютасын – теңгені айналымға жіберді.
«Теңгені енгізу еліміздің эко­но­микалық егемендігін қамта­масыз еткен шынайы базаға айналды, – деп еске алды кейін Елбасы Н.Назар­баев. – Қазақстан тәуелсіз қар­жылық-экономикалық саясат жүр­гізіп, дербес ақша-кредиттік сая­сатты қолға алды. Түбегейлі эко­­номикалық реформалар жүр­гі­зілді. Бүгінде теңгенің әлем­дік валю­талар қатарынан ойып орын алғанына ешкім де күмән келтіре алмайды».
Әу баста Д.Сембаев басқарған еліміздің Ұлттық банкі 1 доллар 4,7 теңгеге тең деген бағам белгіледі. Алай­да көп уақыт өтпей-ақ бұл бағам 20 теңгеге жеткен.
Елде жүрген гиперинфляция кесі­рінен 1994 жылы теңге бірден 8,6 есе девальвацияланды. Келе­сі 1995 жылы тағы 18 пайыздық құн­­­сыздану жүрді. 2000 жыл­дар­дың басында доллар 70 теңгеге баға­лан­ды. Кейін – 120, артынша 155 меже­сіне дейін өсті. Бірақ ол тұста теңгенің шетелдік валюталарға қатысты бағамын Ұлттық банк қатаң бекітетін әрі шектейтін.
Ұлттық валюта бағамының бер­тін­дегі тарихы бәрімізге белгілі. 2015 жылдың 20 тамызында тең­ге­нің жаңа тарихы бастау алды: осы күні Қазақстанның ұлттық валю­тасы еркін айналымға жіберілді.
«Доллардың дәуірі аяқталуға таяу» деп ара-тұра ресейлік ақпа­­рат құралдары мен сарап­шы­сы­мақ­тары өңмеңдеп, өңеш жырты­сып қояды. Мұнысы енді әзірге бос сандырақ.
Ешбір елдің қаржылық реттеу­шісі, соның ішінде қазақстандық Ұлттық банк әлемдік жетекші валютаның күйреуін күтпейді. Мемлекеттік саясаттың мақсаты да ол емес. Тек ел экономикасы мен төл валютаның ұстыны берік, қолдауы мықты болса, халық үшін ешқандай доллар қорқынышты емес.

Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*