Париж төріндегі жылы жүздесу

719
0
Бөлісу:

Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум өтті. Жиын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды. Жиырмадан астам елден келген ғалымдар жиналған іс-шара Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтаухатымен ашылды. Мемлекет басшысының жолдаған Үндеуін Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі және ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев оқып берді.

Құттықтаухатта «Көп­теген елдердің ғалымдары мен сарап­шыларының, тарих­шылары мен тіл мамандарының қатысуы­мен мұндай алқалы жиын­ның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің ерек­ше символдық мәні бар. Әлем­дік өркениетке өл­шеусіз үлес қос­­қан Түркі жұрты­ның қара шаңы­­рағы — Қазақстан сан мың­жылдық тамырлы тарихы­ның кет­кенін келтіріп, кемін толтыр­ған «Мәдени мұра», «Ха­лықара­лық тарих тол­қынында» сынды бағдарлама­ларды іске асырды» дей келе, «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасы аясында ат­қа­рылып жат­қан шараларға тоқталды.
Ж.Ғалиев форум жұмысының білім мен ғылымның «ғибадат­ханасы» атанған ЮНЕСКО-да өтуі шараның ауқымын көрсе­те­тінін атап өтті. Елші жиынды ұйым­дастырғаны үшін Ха­лықара­лық Түркі академиясына алғысын жеткізді. ЮНЕСКО Хатшылы­ғының халықаралық байланыстар департаментінің директоры Генц Сейти Түркі тілдерін дамытудың маңызына айрықша мән берді.
Әзірбайжанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі Анар Кариев жиынның Түркі халықтары үшін маңызды екенін атап көрсетіп, осындай форум ұйымдастырғаны үшін Халықаралық түркі акаде­миясына алғысын жеткізді. Оның айтуынша, түркі тілдері Еуро­падан бастап, Азияға дейінгі кең аумаққа тараған.
А.Кариев Әзірбайжан пре­зиденті Илхам Әлиевтің форум қатысушыларына арналған құт­тықтаухатын оқыды.
Қырғызстанның Франция­дағы Тұрақты және өкілетті елшісі Асейин Исаев Қырғызстан пре­зиденті Сооронбай Жээнбеков­тың үндеуін оқып берді. Өз ха­тында қырғыз ағайындардың пре­зиденті форум барысында Шыңғыс Айтматовтың 90 жыл­дық мерейтойы аталып өтуі құп­тарлық жағдай екеніне тоқталды. Сонымен қатар С.Жээнбеков 2018 жылғы қазанда Қырғыз­станда Шыңғыс Айтматовқа арналған үлкен жиынның өтетінін жеткізді.
Түркияның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі Ахмет Алтай Женгизер түркі халықтарының түбірі ортақ тілі болғаны үшін өзара түсінісу оңай екенін айтып берді. Ол Кеңес Одағы кезінде түркі әлемінің өзара байланысы алшақтағанымен, қазіргі таңда қарым-қатынасымыз нығайып келе жатқанын баса айтты.
Бұдан кейін мінберге көтеріл­ген Халықаралық Түркі ака­демиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі осыдан 125 жыл бұрын Вильгелм Томсонның түркі руна жазуын алғаш оқығанын еске салып өтіп, оның тарихи маңы­зын тілге тиек етті.
Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Гүней Эфендиева іргелі жиын ұйымдастырғаны үшін Ха­лықара­лық Түркі акаде­миясына алғыс айта келе, тілдің ұлт ретінде қа­лып­тасудың, мәде­ниетті сақтап қалудың негізгі тірегі екенін ашып көрсетті.
Жиынның бірінші панельдік сессиясы «Түркі жазба ескерт­кіш­тері» тақырыбына арналды. Оған модераторлық еткен Ресей ғы­лымдар академиясы Археология институтының профессоры Игорь Кызласов түркі халықта­рына тән руна жазуларының түпкі тамыры жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, түркі елдерінің VIII-XII ғасырдағы руна жазулары бірегей мұра. И.Кызласовтың сөзіне қарағанда, руна жазуы басқа әліпбилерге қарағанда түркі сөздерінің дыбыс ерекшеліктерін дәл көрсетеді.
Түркітанушы профессор Осман Фикри Серткая сессия барысында Вильгелм Томсонның көне түркі жазуын қалай оқыға­нын түсіндіріп өтті. Сонымен қа­тар Ресей ғылымдар академиясы­ның профессоры Игорь Корму­шин, Халықаралық түркі акаде­миясының профессоры, қырғыз­стандық Кадыралы Конкобаев, Гете университеті Түркітану де­пар­таментінің басшысы, про­фессор Марсел Эрдал, Кольн университетінің профессоры Хуркабаатар Солонггод түркі жазба ескерткіштері туралы баян­дама жасады.
Спикерлер ілкімді іс-шара­ның түркі әлемін біріктіретінін жеткізе отырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ықылым заманнан арқауымызды үзбеуге көмектесетінін сөз етті. Профессор М.Эрдалдың айтуын­ша, тағылымы мол тарихқа иек артқан жаңғыру мәселесі барша түркі тілдес халықтарға қажет. Ол мұның себебін кей тілдердің жойылып бара жатқанымен түсін­дірді. Сондай-ақ ол түркі тілдерін қолдайтын бағдарламаларды жаһандық деңгейде жүргізудің қажеттігін атап өтті. Осы орайда, М.Эрдал Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта тиімді жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етіп, ЮНЕСКО-ны осындай шараларды қаржыландыруға және ұйымдастыруға шақырды.
Панельдік сессияның екінші бөлігі түркі тілі мен әдеби-мәдени мұраларына арналды. Онда Мағ­жан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың ту­ғанына – 90 жыл, Әзірбайжан мем­­лекетінің құрылғанына 100 жыл толуы атап өтіліп, осы та­қы­рыптар төңірегінде баяндама жа­салды.
Жиынның үшінші бөлігі түркі тілдерінің таралу аумағына ар­налды. Бұл сессияға модераторлық еткен Сүйер Экердің сөзіне қара­ғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» ма­қаласы Қазақстан халқының асыл қа­зынасы іспетті.
Форум жұмысы барысында жойылу қаупі бар түркі тілдерінің өкілдері өз ана тілінде ЮНЕСКО-ның мінберінде сөз сөйледі. Айта кетерлігі, бұған дейін олардың дауысы мұндай іргелі ұйымда естіл­меген болатын. Спикерлер өз сөздері арқылы саны аз қалған ұлттардың үнін барша әлемге паш етті.
Форум жұмысы аясында түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғалар ұмыт қалған жоқ. Жиыннан бір күн бұрын қатысушылар Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойған болатын. Қорыта айтқанда, Париждің қақ төрінде өткен шара түркі әлемінің татулы­ғы мен бірлігіне өз үлесін қосаты­ны анық. Ата-бабалары­мыз мәңгі­лік тасқа қашап жазып кеткендей «мыңжылдық, түмен күндік білігі­міз бен белгіміз» бол­сын деген ізгі де ықыласты ниеті осылайша, ме­рейлі жиынмен жалғасын тапты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*