Банк мемлекетке алақан жаймауы керек

1062
0
Бөлісу:

Мемлекеттік қаржы есебінен банктерге қолдау көрсету шаралары тыйылуы керек. Сенатта өткен «Қазақстан экономикасын да­мытудағы банк секторының рөлі» та­қы­рыбындағы парламенттік тыңдауда палата төр­а­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны мә­лім­деді. Кіріспе сөзінде спикер елді ілгерілетуге ба­ғытталған бағдарламалардың табысты жү­зеге асуы банк жүйесінің тиімді жұмысымен ты­ғыз байланысты екеніне де назар аудартты.

Дегенмен Сенат басшысы «бүгінде банк ме­неджменті күрделі өзгерістердің қысы­мы­на төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуір­дің талаптарына сай деңгейін көрсет­пегенін» ашық айтты. Бұл өз кезегінде «экономикалық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етіп, ха­лықтың қаржы институттарына деген сені­мін әлсірете түсті».
Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының қаңтар айын­дағы жолдауында қаржы секторына сер­піліс қажет екенін атап көрсеткенін еске сал­ды. Еліміздің қаржы жүйесін реттейтін не­гізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қа­тар, банктер портфелінің жағдайын сауық­тыру және берілген ипотекалық қарыздар мә­селесін шешу міндеті қойылды. Сонымен қа­тар Президент банктердің портфельдерін «на­шар» несиелерден тазартып, банк қо­жайындарының активтерді шетелге әкетуін тоқ­тату жөнінде өте орынды талап қойды.
Еліміздің банк секторын мемлекеттік қолдау аясында қомақты қаржы жұмсал­ға­нын айта келе, Сенат төрағасы «уақытылы қа­­­былданған шаралар нәтижесінде банк са­ласындағы жағдай біршама тұрақталып, заң­ды және жеке тұлғалар салымдарының сақ­талуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жа­салғанына» назар аударды.
– Бұл ретте мемлекеттік қаржы ресурс­тары есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қол­дау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шара­лар­дың соңы осы болар деп үміттенеміз! Мұндай сая­сат кейбір банктердің мемлекеттің қол­дауына иек артып, қаржы саласындағы әді­лет­ті бәсекелестіктің бұрмалануына жол беру­мен қатар, банк секторы жұмысының тұ­рақ­тылығы мен беделіне теріс әсер етеді. Біз­дің ойымызша, Ұлттық банк қызметі негі­зінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер мен осы саладағы пайда болуы мүмкін құры­лым­дық түйткілдерге алдын ала баға бере оты­рып, қордаланған мәселелерді реттейтін тиім­ді тетіктерді кешіктірмей іске қосуға ба­ғытталуы керек, – деп нықтады Қасым-Жо­март Кемелұлы.
Бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде не­сиелендіру арқылы ел экономикасының өсімін ынталандыру – банк жүйесінің басты мақ­саты. Сондықтан Қ.Тоқаев банк сала­сын­­да ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыруға шақырды.
– Біз банк жүйесінің қаржылық тұрақ­ты­лығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды ал­дын ала анықтауға басымдық беруіміз қа­жет. Бұл қаржы саласын реттеу мен қада­ға­лау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі же­тілдіре түсуді талап етеді. Өз кезегінде Се­нат Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бас­тамаларын қолдауға дайын. Қажет болса, тиіс­ті заңдарға түзетулер енгізу арқылы Ұлт­тық банктің құқығын күшейтіп, екінші дең­гей­дегі банктердің иелері мен акционерлері жауап­кершілігін арттыру керек, – деді Сенат бас­шысы.
Ол банк акционерлеріне және олармен бай­ланысты тұлғаларға несие беруге заңмен шек­теу қоюды ұсынды. Спикердің байла­мын­ша, олардың банк активтерін шығарып әкетуіне тосқауыл қояды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ха­лықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру маңызды болып отыр. өйткені қаржы саласындағы қарапайым тіл­дегі ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкелуде. Қаржылық қызметтер түрінің кө­беюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқ­тық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы кезінде бұл шаралардың маңызы зор.
Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген Ұлт­тық банк төрағасы Данияр Ақышев Бі­рыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жүз­деген миллиард қаржысын банктерге ба­ғыттау жоспарланып отырғанын мәлім­де­ді.
Ол банктердің экономиканы несиелен­діруінің қазіргі проблемаларын шешу үшін бірқатар шаралар қабылданатынын жеткізді. Олардың қатарында «жинақ салымдарын енгізу арқылы банктердің қорландыру ба­засын күшейту», «банктердің облигациялық бағдарламасын қайта жаңғырту», «депо­зит­тердің мерзімдеріне қарай ҚДКҚ шекті став­каларын белгілеу» кіреді. Соның ішінде бірінші тетік «жоғарылатылған сыйақы мөл­шерлемесін және жоғарылатылған мем­лекет­тік кепілдікті» көздейді.
– Ал «банктердің облигациялық бағдар­ла­масы» БЖЗҚ-ның қаражаттарын 200 миллиард теңгеге дейінгі сомада банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттердің қаржы құралдарына инвестициялауды қа­рас­тырады. Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес осыған қажетті шешімдерді қабылда­ды. Қаражат облигацияларды 5 жылға дейін­гі мерзіммен сатып алу арқылы нарықтық та­лаптармен берілетін болады. Шоғырлан­дыру тәуекелін төмендету мақсатында зей­не­тақы активтері банктердің әрбір обли­гациялары шығарылымының 50%-ынан аспайтын көлемінде инвестицияланады, – деді Данияр Ақышев. Оның түсіндіруінше, бұл тәуекелді жалғыз БЖЗҚ ғана емес, қор нары­ғының өзге қатысушылары да көтеруі үшін қажет.
Шараға қатысушылар алдында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Еу­ропа қайта құру және даму банкінің Қа­зақстандағы кеңсесінің директоры Агрис Прей­манис және басқалары сөз сөйледі. Пі­кірсайысқа сенаторлар Бірғаным Әйті­мова, Мұхтар Жұмағазиев, Серік Жақсы­беков, Дәурен Әділбеков, Бақтыбай Шелпе­ков, Нариман Төреғалиев, Ғұмар Дүйсембаев қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Талқылауды қорытындылаған Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечина парламенттік тыңдау Мемле­кет басшысының қаржы секторын «қайта жаң­ғырту» туралы тапсырмасын іске асыруға сеп болуға тиістігін атап өтті. Талқылау ба­ры­сында ұзақмерзімді қаражатқа зәрулік, ак­тивтердің сапасы, қорландыру мен не­сиелеу арасындағы алшақтық, бизнестің қаржыландыруға балама таңдауының азды­ғы, қабылданған шаралардың реттеушілік ық­палына талдаудың жоқтығы туралы өзекті мә­селелер айқындалды. Бұл мәселелерді ше­шу ұсынымдар жобасында көрініс тауып отыр. Ондағы ұсыныстар әлі де пысықталып, кейін тиісті мемлекеттік органдарға жі­бері­летін болады.

 
Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*