Саяхатшыны сақтандыратын заңды құптады

1118
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасына түзетулерді мақұл­дады. Бұл құжатқа бір топ депутат баста­машы болған. Олардың дәйектеуінше, жобаның әзірленуіне сұйытылған газ нарығындағы ахуал себеп көрінеді.

Сұйытылған газды қазіргі кезде бензиннен «көгілдір отынға» көшкен авто­көлік құралдары, сондай-ақ балон­дарға толтырылған күйінде, еліміздің тауарлық газбен газдандырылмаған өңірлеріндегі тұрғындар тұтынатыны мәлім. Қолданыстағы заң бойынша бұл отынның ең жоғарғы бағасын Энергетика министрлігі белгілейді. Атап айтқанда, бүгінде сұйытылған газдың бекітілген шекті көтерме сауда бағасы, қосылған құн салығын есепке алмағанда, тоннасына 38 мың 437 теңгені құрайды.
Жаңа заң жобасы авторларының бірі Б.Ізмұхамбетовтың түсіндіруінше, бұл құжат сұйытылған газдың көтерме бағасын бірте-бірте реттеуден босатуды қарастырады. Сондай-ақ цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан саясат шеңберінде шығынмен жұмыс істейтін зауыттарға сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа беруді енгізгеннен кейін электрондық сауда алаңдары арқылы олардың кірістілігін қамтамасыз ету көзделген. Депутаттар әзірлеген түзе­тулер бұл тетіктерді 2019 жылдан бастап, 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен енгізуді көздейді.
Осы күні Мәжіліс бірқатар заң­намалық актілерді екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді. Оның ара­сында «Валюталық реттеу және валю­талық бақылау туралы» заң жобасы бар. Осыған қатысты жалпы отырыстан кейін журналистерге түсініктеме берген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды реттеу елден ақшаның әкетілуіне жүйелі түрде тосқауыл қоюға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Ал жобада қарастырылған нормаларды іске асыру валюталық операциялар туралы ақпараттың ауқымын кеңейтуге, валюталық бақылау тиімділігін, соның ішінде ақшаның елден әкетілуіне қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыруға ықпал етпек.
– Жұмыс жасау барысында біз бұрын заңдармен реттелмеген арналарды әшкереледік және оларды «елден ақшаны әкету белгілері бар» деп жіктеу қажет­тілігін көріп отырмыз. Біз заңда осындай операциялардың бірнеше түрін белгі­ледік. Бұған Қазақстанға ақшаны аударуды талап етпей қарыздар беру, бейрезиденттерге пайызсыз қарыздар ұсыну және уақыты екі жылдан асатын экспорттық-импорттық операциялар кірді, – деді Д.Ақышев.
Оның айтуынша, заң жобасында банк құпиясына жататын ақпаратты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы да көзделген. Бұдан басқа, жобаны қарау барысында депутаттар елімізде орталық контрагент институтын дамыту бойынша түзетулер енгізді.
– Осы бастаманы іске асыру Қазақ­стан қор биржасында жасалатын мә­мілелердің аяқталуына кепілдікті және мәмілеге қатысушы тараптардың барлық мін­деттемелерін орындауын қамтамасыз етеді. Бұл ішкі және шетелдік инвесторлар үшін «Қазақстанның қор нарығында тәуекелдерді басқарудың және инвес­торлардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері бар» деген оң белгі болып табылады, – деді қаржылық реттеуші басшысы.
Осы күні депутаттар «Кейбір заңна­малық актілерге сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда құптап, жоғарғы палатаға жолдады.
– Заң жобасы өңірлер, соның ішінде шалғай ауылдар үшін сақтандыру қыз­меттерінің қолжетімділігін арттырады. Өйткені осы заң қолданысқа енгізілгеннен бастап, халық пен кәсіпорындар сақ­тандыру шарттарын сақтандыру компаниясының офисіне бармай және агенттердің делдалдық қызметіне жү­гінбей, интернет арқылы өз бетінше бекіте алады. Сондай-ақ онда шетелге шығатын туристті сақтандыру тәсілдерін өзгерту көзделеді. Қазақстан осы заң арқылы бұған дейін қолданыста болған туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан енді шетелге шығатын туристің мүддесін міндетті сақтандыруға көшетін болады, – деді ҰБ төрағасы.
Жалпы отырыста халық қалаулылары «Сайлау туралы» конституциялық заңға түзетулер енгізетін жаңа конституциялық заң жобасын жұмысқа алды. Құжат жаңа институттарды енгізуге, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Конституциялық заңға ұсынылып отырған түзетулер барынша ашық әрі демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Отырыс соңында бірқатар депутаттар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауал жолдады. «Нұр Отан» фракция­сының мүшесі Н.Дулатбеков Қорғаныс министрі С.Жасұзақовқа қайырылып, «Монета ауласынан мерекелік медальдар, төсбелгілер шығаруды және олармен белсенді азаматтық позициясы бар, жалпы патриоттық акцияларға тұрақты қатысатын азаматтарды наградтауды» ұсынды.
Нұротандық депутат Б.Макен Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жүгініп, «тілсіз жаудан» қорғану мәселелерін көтерді. Кейінгі бес жылда білім беру мекеме­лерінде 212 өрт болу дерегі тіркеліпті. Олардың 64 пайызына өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу себеп болған. 49 жағ­дайда отқа мұқият қарамағандықтан тұтанған, 18 жағдай қасақана өртеу салдарынан орын алған.
Премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Т.Хитуов жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайтын автокөлік жолдарының сапасы мен бүтіндігіне қатысты мәселе көтерді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*