Әлемдік нарыққа жаңа өнімдер жол тартуда

1174
0
Бөлісу:

Қазақстандықтардың банктерге және басқа да қаржылық ұйымдар қызметіне көңілтолмастығы жоғары деңгейде сақ­талуда. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев­тың төрағалығымен өткен Үкімет отыры­сында мәлімделді. Жиында Үкімет мүшелері экспорттаушыларды қолдау шараларын пысықтады. Сондай-ақ тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы жылдық есеп қаралды және көлік пен логистиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Еуразиялық экономи­калық одаққа кіргелі бері, алғаш рет оның мүшелерімен сауда-саттықтың оң өсіміне қол жеткізіп отыр. Бұл туралы оты­рыста әріптестеріне Ұлттық эко­номика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады.
– Қазіргі кезде отандық өнімдерді өткізудің басты нарығы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер саналады. Осы интегра­циялық бірлестік жұмыс жасай баста­ғалы бері Қазақстанның ЕАЭО елде­рімен өзара саудасының көлемі алғаш рет оң үрдіс-динамикаға шығып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылы Қазақстан­ның ЕАЭО елдеріне сатқан экспорты 5,1 млрд долларды құрады, оның
61,6 па­йызы немесе 3,2 млрд доллары ши­кізаттық емес экспортқа тиесілі. Бұл ретте шикізаттық емес экс­порт­тың үлесі 2015 жылмен салыстырғанда 55 пайызға дейін жетті, – деді Т.Сүлей­менов.
Оның айтуынша, ТМД елдерінің дәстүрлі нарығы – біз үшін келесі басым­дықты экспорттық бағдар. Бұл елдермен сауданы дамыту әлеуеті зор, өйткені олар географиялық жағынан жақын орын тепкен. Әрі арамызда ертеден көліктік инфрақұрылым жолға қойылған, сондай-ақ Қазақстан мен Достастық елдері арасында еркін сауда режимі бар.
Мәселен, министрдің мәліметінше, 2011 жылы қол қойылған ТМД елдері арасындағы Еркін сауда аймағы туралы келісім елдеріміз арасындағы сауданы баж төлемдерінен босатады, тарифтік емес шектеулердің қолданылмауын қамта­масыз етеді, санитарлық, фито­санитарлық шаралардың, техникалық стандарттардың сақталуын, транзит еркіндігін қарас­тырады, бұлар тауар ай­налымның өсуіне ықпал етеді. Қазақ­стан мен ТМД елдері арасындағы сауда айналымы (ЕАЭО-ны қоспағанда) 2017 жылы 4,6 млрд долларды құрады, сөйтіп алдыңғы жылдан 19,9 пайызға артты.
Бұл жерде Достастық елдері де бізден шикізаттық емес тауарларды көптеп са­тып ала бастапты. Былтыр ТМД кеңістігіне жеткізілген мұндай тауарлар экспорты 1,27 млрд долларды құрады және 2016 жылғыдан 32,6 па­йыз­ға ұлғайды. Бұл нарықта Қазақ­стан өткізетін негізгі экспорттық тауарлар – темір немесе легирленбеген болат­тан жасалған жарты­лай фабри­каттар, ұн, сұйытылған пропан, алюми­ний, мырыш. Бүгінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер «қызметтердің еркін сауда-саттығы туралы келісім» бекіту үшін келіссөздер жүргізуде. Бұл болашақта отандық қызметтердің ТМД елдеріне экспортын өрістетуге де қолайлы жағдай туғызуы тиіс.
Бұлардан бөлек, Еуразиялық одақтың өзге, үшінші елдермен еркін сауда аймағын құруға келісуі де қазақстандық тауарларға өзге елдердің нарығын ашуға көмектесуде. Мысалға, 2015 жылы ЕАЭО мен Вьетнам осындай келісім бекітті. Содан бергі 2 жыл ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасын­дағы өзара тауар айналым 2,6 есеге артқан. 2017 жылы өзара сауда көлемі 542,7 млн долларды құрап, ал­дыңғы жылғы көрсеткіштен бірден 48,2 пайызға немесе 176,4 млн долларға өсті. Егер 2015 жылы Вьетнамға сатқан шикізаттық емес экспортымыз небәрі 9,5 млн доллар ғана болса, өткен жылы ол 272,3 миллионға жетіп, 27 есеге ұлғайған.
Алдағы 17 мамырда елордада өтетін жыл сайынғы Астана экономикалық форумы аясында Иранмен еркін сауда аймағын құруға әкелетін 3 жылдық келісімге қол қою жоспарлануда.
– Жалпы, Қазақстан үшін экспорт­тық қызығушылық тудыратын тауарлар бойынша Иран нарығының сыйымды­лығы 8 миллиард доллардан асады. Демек, қазіргіден әлдеқайда жеңілдікті жағдайға ие болған соң, қазақстандық өндірушілердің бұл елге экспортты
30 есе арттыруға мүмкіндігі бар. Бұдан өзге, қазір Үндістан, Мысыр, Израиль, Сингапурмен еркін сауда туралы келісімдер бекіту бойынша келіссөздер жүргізілуде, – деп құлағдар етті Тимур Сүлейменов.
Ол экспортты ынталандырудың басқа да шараларына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанның Кеден кодексі экспорт декларацияларын өз бетінше толтыруға мүмкіндік беретін нормамен толық­тырылды, яғни экспорттаушы делдалдың қызметінен бас тартып, шығындарын шамамен 120 долларға кеміте алады. Биылғы 27 сәуірден бастап, тауарларды кедендік деклара­циялау үшін мемлекеттік кіріс орган­дары өндіріп алатын кедендік алымдардың мөлшерлемелері тауарлар декларациясының негізгі парағы үшін 25-тен 19 мың теңгеге және тауарлар декларациясының әрбір қосымша парағы үшін 11-ден 7 мың теңгеге азайтылды.
Бұдан басқа, экспорт-импорт опера­циялары бойынша бірыңғай терезені енгізу жұмысы жүргізілуде, соның шең­берінде кедендік тазалау үшін қажетті рұқсат құжаттардың 80 пайызы автомат­тандырылмақ.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2022 жылға қарай, шикізаттық емес экспортты бір жарым есеге ұлғайту міндеті тұрғанын мәлім етті. 2013-2017 жылдар аралығында Қазақ­станның жалпы экспорты көлеміндегі өңдеу өнеркәсібі экспор­тының үлесі 23 пайыздан 32 пайызға дейін өскен. Еліміздің сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып, 69,5 млрд доллар межесін бағындыруда. Оның ішінде шетелге өткізген экспортымыз 30 пайызға өсіп, 48,3 млрд долларды құрады.
– Биыл экспорттың оң қарқыны сақталуда. 2018 жылдың 2 айында экс­порт 8,8 млрд доллардан асты. Бұл – өткен жылдың осындай кезеңімен салыс­тырғанда, 27,4 пайызға жоғары. Отандық тауарлар 800 аталым бойынша әлемнің 122 елінде сатылады. Тауарлар­ды өткізудің негізгі нарықтары – Қытай, ЕАЭО елдері және Еуропалық Одақ елдері, – деді министр.
Экспортты ілгерілету үшін мемлекет қаржылай және сервистік көмек көр­сетуде. Жыл сайын 40-тан астам экспорт­таушы Үкіметтен қаржылай қолдау, 400-ден астам экспорттаушы сервистік қолдау алады. Экспорттау­шыларға сервистік қолдау көрсету аясында 2010-2017 жылдары 2 млрд доллардан астам сомаға 1 800 өндіруші экспорттық келісімшарт жасасты. 204 экспорттаушының 1,6 млрд теңге көлеміндегі шығыны өтелді.
2017 жылы сыртқы нарыққа 8 отан­дық жаңа өнім шығарылды. Министрдің мәліметінше, 2015 жылдан бері сыртқы нарықтарға 7-8 жаңа өнім шығарып отыру бойынша тұрақты тенденция сақталып келеді.
Талқылауды қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев экспортта оң қарқын байқалатынын атап өте келе, бірқатар нақты тапсырма берді. Инвестициялар және даму министрлігіне осы жылдың мамыр айында арнайы «Жол картасын» дайындау, Экспорттық саясат жөніндегі кеңестің келесі отырысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру тапсырылды. Бұдан өзге, қазақстандық экспорттау­шылардың басқа елдермен еркін сауда туралы екіжақты келісімдерде көрсе­тілген жеңілдіктерді қаншалықты тиім­ді пайдаланатынын талдау жүк­телді.
– Бір жыл ішінде қаржылық қолдауды небәрі 40 экспорттаушы компания пайдаланды. Әрине, барлығы біздің мүмкіндіктерімізге тәуелді. Бірақ сараптама жүргізу қажет. Мәселен, қызмет көрсетуші сервистік компания экспорттық контрактіден әрбір 1 теңге үшін 50 теңге табады. Бұл – үлкен көр­сеткіш. Әр теңгенің пайда әкелетінін кө­ріп отырмыз. Сондықтан да осы ба­ғыт­тағы жұмысты жалғастыру қажет, – деді Үкімет басшысы.
Бұл бағыттағы жұмысты бақылау вице-премьер Е.Досаевқа жүктелді.
Осыдан кейін Үкімет қарауына 2017 жылғы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп шығарылды. Министр Т.Сүлей­менов халықтың қай салаға қатысты көп шағымданатынын тізіп шықты.
– 2017 жылы мемлекеттік орган­дардың қарауына 23 мың 713 өтініш түсті. Алдыңғы жылғыдай, арыз-ша­ғым­­дардың ең көп саны – 13 мыңы не­месе жалпы санның 55 пайызы Ұлттық банкке түсті. Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктері тиісінше 4 және 5 мың (18% және 21%) өтінішті қарады. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына халық 2,5 мың өтінішін жолдаған, оның ішінде жалғыз ОҚО әкімдігіне 1,5 мың өтініш тиесілі, – деді Ұлттық экономика министрі.
Ол шағымдардың көпшілігі қар­жылық қызметтер (13 мың өтініш не 55 па­йызы), медициналық қызметтер (5 мың, 21%) көрсететін кәсіпкерлік су­бъектілерінің әрекеттеріне, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық (4,1 мың, 13%), бөлшек сауда (1,7 мың, 7%) сала­ларына қатысты екеніне назар аударды.
Министр қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың көңіл­толмастығы бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отырғанын нықтады. Қазақстандықтар банктердің берешекті қайта қаржыландырудан, қарыз шарт­тарын қайта қараудан бас тарт­қанына, сондай-ақ кредит ұйымдарының қарызды өндіріп алу үшін үшінші тұл­ғаларды тартатынына, кепілге қойылған мүлікті сатып жіберетініне наразы екен. Бас эконо­мист Т.Сүлейменов бұған «тұтыну­шылардың қаржылық сауат­тылығының төмендігін» айыпты санайды. Сонымен бірге, тұтынушы­ларға түсіндіру, олардың қаржылық білімі деңгейін көтеру бойынша Ұлттық банктің жүйелі жұмыстар жүргізбейтіні атап өтілді.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аудартты. Сақтандыру пробле­малары бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Оларды Ұлттық банкпен бірлесе отырып реттеу керек. Үкімет басшысы Ұлттық экономика министр­лігіне мемлекеттік органдармен және әкімдік­термен бірлесіп, көтерілген барлық мәселелерді пысықтауды тапсырды. Бақылау вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктелді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*