Аспан Әміршісі

1482
1
Бөлісу:
  1. Қазақтың тұңғыш ұшқышы, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленген Талғат Бегелдиновтің ғұмыр жолын тебіренбей айту мүмкін емес. Оның көзсіз ерлігін, батырлығын, даңқын Қазақ елі мақтан тұтады. Батыр Талғат алтын жұлдыздарын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін алды.

Талғат Якубекұлының ұшқыштық өмірбаяны 16 жасында Фрунзе аэроклубында алғаш рет аспанға көтерілгенде басталған еді. Талғат аспанға ұшқан сайын аспан өмірінің мәніне айналды.
1940 жыл келді. Елде соғыс таяп келе жатқаны біліне бастады. Аэроклубта мемлекеттік емтихандарын сәтті тапсырған 18 жасар Талғат Бегелдинов Саратовтағы арнайы әскери-авиациялық ұшқыштар мектебіне қабылданады. Ондағы қатаң сұрыптаудан жанарының оты бар жігіт аман-есен өтеді. Саратовтағы ұшқыштар мектебін екі жыл оқып, сержант шенімен бітірген соң, Чкаловтағы (қазіргі Орынбор) екі авиамектебінде: 3-бомбалаушы және 1-жойғыш мектептерінде кезек-кезек білім алады. Алайда жойғыш не бомбалаушы авиацияда қызмет еткен жоқ.
Ал қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан ИЛ-2 штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады. Сол күннен бастап әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» басыбүтін бауыр басып, майданға аттанады. Талғат Якубекұлы бұл ұшақ туралы «600 келі бомба, 6 реактивті оқ, 2 танкіге қарсы зеңбірек, 2 пулемет, «керемет машина». Фашистер бұл ұшақты бекерден-бекер «қара ажал» деп атамаған» деп ең мықты әскери ұшақ ретінде еске алатын.
Сержант Талғат Бегелдинов 1943 жылдың 17 ақпанында таңертең және кешкі уақытта екі рет алғашқы жауынгерлік шабуылын жасайды. «Ұшқыштар» кітабында Кеңес Одағының батыры авиация генерал-полковнигі, сол кездегі 292-шабуылшы дивизияның командирі Николай Каманиннің ол туралы: «Бегелдиновтің алғашқы шабуылынан-ақ жанармай қоймасына бомбаны дәл тигізсе, екінші шабуылда оқ-дәрі қоймасын өртеді. Мұндай жағдай өте сирек кездесетін. Ал Бегелдинов бірінші шабуылдан-ақ діттегеніне жетті. Келесі бір шайқаста «мессершмиттар» шабуылдаушыларға біздің әуе қорғанысымыз арқылы өтіп кетті. Біздікілерге оқ тиіп, жаман халге түсті. Сол сәтте Талғат нысанасына фашистік жойғышты түсіріп, зеңбіректен оқ жаудырды. Фашист өзінің оқ тиген машинасының бағдарын түзетуге тырыс­қанымен, ол бағынбай жерге соғылды.
Талғат тоқтаусыз ұшты. Шабуы­л­даушы соққылардың шебері, әуе барлаушысы болды. Оған берілген бірнеше марапат қағазына қол қойып, офицер шеніне таныстырудың өзі мен үшін үлкен қуаныш сыйлады. Әскери санақ оны топты бастаушы қылып қоятын болды.
Шабуылдаушы ұшақ үнемі үлкен шығынға бататын. Бұл жұмыстың ерекшелігі де осы еді. Ауыртпалығы, тағдыры десе де болады. Шабуыл кезінде «ұшушы танк» зеңбіректі де, оқты да, «эрэсті» де аямай тек нысанаға ғана бағытталады. Ешқайда бөгелмей, тек алға жылжиды. Олай болмаған жағдайда, нысанаға түсе алмай, әскери тапсырма орындалмай қалатын еді. Алайда ұшаққа жерден де, аспаннан да жіберілетін жаудың оғы әлдеқайда көп болатын. Сондықтан да шабуылдаушы-ұш­қыштың жауынгерлік тапсырмамен ұшу саны жиырмаға жетсе, соның өзі бақыт саналатын. Мұндай «қағиданы» кез келген адам мойнына алмайтын. Ал тәжірибе жинап, осы ауыр белестен өткендерді сындыру, жеңу оңайға түспейтін.
Харьков түбіндегі гитлерлік жауынгермен болған шайқас Талғаттың еншісіне бұйырмады. Оның ұшағы соққыға ұшырады. Талғат бірнеше күн бойы жаудың тылында жүріп, аман қалып, оны өлгендер қатарына санаған туған полкіне қайтып келген еді.
Бегелдинов бұл есесін жібермеді. Кезекті әуе шайқасында әлдебіреуді емес, фашистің беткеұстарын соққыға жығады. Фашист орыстар жеңіл қолға түсетініне сенімді болған. Алайда олай болмай шықты. Талғат Бегелдинов құлатқан ұшқыш фюрердің беткеұстары, кезінде Бельгия мен Францияны жаулаған, мықтының мықтысы болып шықты. Көктен жерге түскен фашист ақырғы тілегінде өзін құлатқан кім екенін білгісі келді. Оның ұшағын құлатқан қазақтың жас жігіті екенін көргенде, өзін қоярға жер таппай, ашу мен ызаға бой алдырды. Неміс фашисті ақырғы сөзінде «Бұл баланы құрметтең­дер, алақандарында ұстаңдар. Кейін Кеңес Одағының асы болады» деді» деп жазғаны бар. Айтқанындай, Кеңес Ода­ғы Талғат Бегелдиновті «біздің баты­ры­мыз, қазақ халқының ұлы» деген бола­тын.
9-гвардиялық авиадивизияның командирі, генерал-майор С.Донченко: «Таңертең штабқа 5-гвардиялық армияның командирі, генерал А.Жадов келгенде, соңғы барлау ақпараттары қажет екені түсінікті болды. Қолайсыз ауа-райы мен тапсырманың маңыз­дылығына орай ең сенімді ұшқыш әрі қырағы барлаушы ретінде кіші лейтенант Бегелдиновті тапсырманы орындауға жіберу туралы шешім қабылданды. Картаны жайып салған генерал тап­сырманы бекітті. Жаудың резервті күшін, қару-жарақтарын тығатын жы­раны аңдып, гитлерліктердің техниканы тартатын жолын анықтау тапсырылды.
– Бәрі түсінікті, генерал мырза!
Майдан сызығынан асып өткеннен кейінгі он минутта автокөліктер мен жолдар, қосымша қару-жарақтар мен жыра да анықталды. Орнатылған фотокамераны қосқан ұшқыш шабуылға аттанады. Фашистердің үстіне бомбалар мен реактивті зеңбіректер ұшты. Сыпырта ұшқан биіктікте Бегелдинов жиналған бір мая пішенге көзі түсіп, зеңбіректен оқ жаудырып, пішен атылады. Ұшақ шайқалады. Екінші «пішеннен» сарбаздар түсіп жатты. Танкистерге ұқсайды. Бұл сәтте басқа «пішендер» де қозғала бастады. Осы көріністі суретке түсірген Талғат аэродромға қайта оралды. Суреттерді зерделеген Жадов Бегелдинов қару-жарақтар қоймасын жарып, соның әсерінен ұшақ та шайқалды деген қорытындыға келеді. Бастысы – жау күшінің қайда орналасқаны туралы ақпарат дер кезінде келді.
– Лейтенант, сізді құттықтаймын, – деді ол Талғатқа қарап.
– Мен кіші лейтенантпын, – деді Бегелдинов.
– Үлкендерді түзетпеңіз, лейтенант, біз сізді Даңқ орденіне ұсынбақпыз.
Талғатты мақтау мен мадақтаулар жаудырды деп айта алмаймыз. Алайда Талғат өзін ата-даңқтан шетте қалма­ғанын мойындайды. Он рет ұшақпен шыққаннан кейін Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталса, төртеуі – Харьков аэродромындағы аэроторап­тарды бомбалауға жиырма бес рет ұшып шыққаны үшін Қызыл ту орденімен марапатталады. Шабуылдаушы топты әуеде шебер басқарғаны үшін Александр Невскийдің командирлік орденіне ие болады. Қырдағы шабуылдарына І дәрежелі Отан соғысы орденіне лайықты деп танылды.
Курск шайқасы кезіндегі әуе шабуылының біреуі лейтенант Бегелдинов үшін соңғы болуы мүмкін еді. Жойғыштар тобының командирі Сергей Луганскийдің шабуылдау­шыларды тасалауының арқасында аман қалды. Сергей радиодан Талғатқа артында «мессер» келе жатқанын қас-қағым сәтте хабарлап үлгереді. Талғат әп-сәтте ұшақты ажал оғынан құтқарды. Луганский орын алған жағдайды бәсеңдету үшін «мессершмитті» соғып, кезекті екінші соққыға жол бермеді» деп жазғаны бар-ды. Осылайша, Алла оны бір ажалдан аман алып қалды.
Сол уақыттан бері ағалы-інілі болып кеткен олар (бұған қоса олар жерлестер, Луганский Алматыда дүниеге келген) бірнеше рет бірге тапсырмамен аспанға көтерілген. 1943 жылдың қыркүйегінде Днепр үшін шайқаста Бегелдинов шабуылдаушы да нағыз шебер әуе ұшқышы екенін, мықтылығын дәлел­деді. Сол кезде Сергей Луганский ша­буылдаушылар тобының бастауымен қарсыластың 13 бомбалаушысының алтауының көзін жойды.
1943 жылдың күзінде 2-ші Украина майданы әскерлері Днепрға шыққанда аға лейтенант Бегелдинов есебінде 152 жауынгерлік әуе шайқасы, Кременчук ауданындағы талқандалған өткел, үлкен калибрлі зенит батареясы, Знаменка, Каменка, Долинская стансаларында топ құрамында көзі жойылған техника мен жаудың тірі күші бар бірнеше теміржол эшелоны болды. Оның жеке есебіне 2 паравоз, әскери жабдықталған 7 вагон, 3 ірі қару-жарақ қоймасы қосылды.
1944 жылдың 22 қазанында Талғат Бегелдиновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл кездері ол аспанға қалықтаудың әміршісі саналатын. Эскадрилья командирі атанды. Өзіне деген сенімділік пен ержүректік әуе «алқабын» ауқымды көру қабілетімен бірігіп, оның жетекшілігімен 1670 рет әуеде ұшып, бір рет те бағыттан таймай тактикалық басқарушылық қасиеттерін көрсете білді. Бір ұшқыш та жоғалтпады.
Топта жетекші болу – әскери өнер. Бұл Бегелдиновқа тән өнер еді. Таң атқаннан ол майдан сызығынан өтіп жаудың тылына аттанатын. Керемет есте сақтау қабілетінің арқасында мекенді зерделеп, жаттап алатын. Әсіресе, жау өзінің техникасы мен жанды күшін жіберетін жерлерді есте ұстайтын.
Львов бағытында Бегелдинов ұшқыштары қорғаныстағы шепті бұзуда үлкен ерлік пен қайсарлық танытты. 130 әскери ұшу кезінде қарсыластың ұшағынан бөлек 27 танкі, 42 жауынгерлер мен қару-жарақтар көлігінің көзін жойып, 12 құрал мен 9 батареяның отын сөндірді.
Шабуылдаушы соққы шебері атағын Талғат Бегелдинов енді гвардия капитаны Краковты босату кезінде Вислен, Кроснен, Январь операция­ларында алды. Оның басқаруындағы тоғыздық кенет жасалған соққыдан Стодолы пунктіндегі 3 танкі, 7 авто­көлікті жойып, гитлерліктерді контр­шабуыл жасау мүмкіндіктерінен айырды.
Майданның қорытынды кезеңінде оның эскадрильясы 420 әуе шабуылын жасап, 1 ұшақ, 37 автокөлік, 9 қаруы мен сарбаздарының көзін жойды. Берлин үшін шайқаста Бегелдинов тобы Тельтов арнасында баржасы бар 8 танкінің көзін құртып, су түбіне 2 тіркеп алушы кеме де жіберілді.
Мінеки, төрт жыл бойы аңсаған 9 мамыр да келді. Жеңіс. Соғыс аяқталды. Бәрі орнына келгендей болды. Бірақ…
Праганың оңтүстік аймағында оңайлықпен берілмей, жеңілісті мо­йын­дамаған эсэстік ең ашулы диви­зияның қалғандары болды. 1945 жылдың 10 мамырында Бегелдиновке құрамында 24 ұшағы бар шабуылдаушы тобымен жеңілісті мойындамай, берілмеген фашистердің үстінен ұшып өту жарғысы түседі. Алдымен, ешбір оқсыз өту керек болды. Кейін жағдайға бай­ланысты іс-әрекет өзгеруі де мүмкін еді.
«Ұшқыш танкілердің» бір рет аспанда қалқып өтуі эсэстіктер үшін жеткілікті болды. Талғаттың майдангерлік хикаятындағы соңғы нүкте – осы.
Соғыс жылдарында Талғат Бегел­динов 305 рет әскери шабуылға шығып, 7 ұшақ, 21 танкі, 29 артиллериялық қару, әскери жүк пен техникасы бар 64 авто­көлік, 3 қару-жарақ қоймасы, 2 паровоз, 7 вагон мен басқа да қаруды жойды.
Талғат Якубекұлы 1945 жылдың 24 маусымында Жеңіс шеруіне бір мәрте Кеңес Одағының Батыры ретінде қатысады. Үш күннен кейін 27 маусым күні көзсіз ерлік көрсеткені үшін екінші «Алтын жұлдыз» медалі тапсырылды. Ол кезде Кеңес Одағының екі мәрте батыры небәрі 22 жаста болатын.
Соғыстан кейін Талғат Якубекұлы әскери әуе академиясында оқуын жалғастырады. Тағдырдың жазуымен мұнда жерлестері, Кеңес Одағының екі мәрте батырлары Иван Павлов пен Леонид Бедамен бірге оқыды. Алайда денсаулығына байланысты 1958 жылы Қарулы Күштер қатарынан кетуге мәжбүр болады.
Барлығын басынан бастауға тура келеді. 1968 жылы Мәскеу Бүкілодақтық политех­никалық инженерлік-құрылыс институтына түседі. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызме­тінде болады. Азаматтық авиация басқармасының басшылығы ұлттық кадрлар жетіс­пеушілігін алға тартып, Мәскеудегі одақтық жоғары және арнайы орта білім беру министр­лігіне басқару төр­ағасы­ның орынбасары қызметін атқарған сырттай оқыған Талғат Якубекұлы­ның диплом­дық жұмысын Қазақ поли­техникалық институтында қорғауды сұрайды. Өтініш орындалады.
Талантты шабуылдаушы-ұшқыш өзінің бойындағы жаңа қабілеттерін аша бастайды. Азаматтық авиацияда қызмет еткен алғашқы күннен бастап, белсен­ділік танытады. Оның бастамасымен әуе флотының берік материалды негізі жасалады. Алматыдағы әуежайдағы жолаушыларға арналған реактивті ұшақтың ұшу-қону жолағының салынуына да атсалысады. Азаматтық авиацияның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ұшу-қону жолағын саларда мұның ел үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп, жан-жақтан шетел­діктер ұшып келетінін айтып, «ертеңгі күні бұл Қазақстанның қақпасы болады» деген болатын. Құрылыс қарқынды жүргізіліп, жоғары сапасымен ерек­шеленіп, өз уақытынан ерте аяқталады. Осы істің ізімен Ақмола, Павлодар, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Өскемен, Семей қалаларында және еліміздің барлық облыстарында әуежай салу ісін өр­кендетуге үлкен еңбек сіңірді.
Талғат Якубекұлы «Казстальмонтаж» тресті басқарушысының орынбасары болып жемісті қызмет атқарады. Үкімет тапсырмасымен ол Лисаковск тау-кен комбинатын, Жамбыл суперфосфат зауытын, Алматыдағы Республика сарайын, республикалық кітапхана ғимаратын, Алматы циркі сынды нысандарының іргетасын қалады.
Республикамыздың барлық об­лыстарында автодромдары бар автомектептер салды. Талғат Бегелдинов төрт мәрте Республикалық Жоғарғы Кеңестің құрмет грамотасымен марапатталды. Ел басына күн туған қиын шақта Отанды сүюдің, ерлік пен әскери шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білген, сол арқылы өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөлеген азаматтың орны қашан да бір төбе. Қандай атақ-даңққа жетсе де қара­пайымдылығымен ерекшеленетін. Барлығына өзінің маңдай тері, адал еңбегінің арқасында жетті. Десе де қайғылы сәттер де өмірінде орын алды. Жауынгер-ұшқыш достары өмірден өтіп жатты. 1976 жылы Минскіден суық хабар келді: жол-көлік оқиғасында 26-шы Әуе армиясының командирі Леонид Беда өмірден озды. Келесі жылдың қаңтарында осыншама уақыт дос болған Сергей Луганский көз жұмды. Осындай ауыртпалықтарды білдіртпей өтуде жұмысқа адалдық, қоғамдық шаралар көп септігін тигізді. Бегелдинов үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Алматы, Астана, Арқалық, Семей, Тараз және Өскемен қалаларының Құрметті азаматы атанды.
Талғат Бегелдинов майдандағы естеліктерін ұмытпай, оны қағаз бетіне де түсірді. «Илы атакуют», «305 рейдов», «Пике в бессмертие» және «Сражение в воздухе» атты төрт кітаптың авторы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде ашылған ұшқыштар даяр­лайтын әскери училищеге екі мәрте Кеңес Одағының батырының есімін берді. 1996 жылы училище Т.Бегелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесі болып қайта құрылды. 1998 жылдың 22 тамызында Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы ұшқыш-офицерлердің диплом беру салтанатына қатысты. Бұл сәт Талғат Бегелдиновтің есінен шыққан емес. Себебі, бұл ол үшін ерлігі мен еңбегінің ел алдында бағалануы, үлкен сый болды. Талғат Бегелдинов училище студенттерімен бірнеше мәрте кездесу өткізіп, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсете білді.
Қазіргі таңда бұл – еліміздің әуе қорғанысы күштерінің әскери институты. Талғат Якубекұлы оның есімі берілген оқу орнының оқу-материалдық базасының мықты болуына, тек білімді де білікті мамандардың білім беруіне айрықша қуанатын. Қорғаныс министрлігі Кеңесінің 2005 жылдың 30 қарашасындағы шешіміне сәйкес, Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы мүше-мемлекеттерінің Қарулы Күштеріне әскери кадрларды бірігіп дайындайтын оқу орындардың тізіміне қосылған.
Талғат Бегелдинов ұлағатты ғұмыр кешті. Оның ғұмыры әлі де аяқталған жоқ. Талғат атында авиация мектебі бар. Аллаға шүкір, Талғат атын құрмет тұтатын ұландар да жетерлік. Алайда көңілімді жабыр­қататын бір өкініш бар. Сол өкінішімді оқырманға да жеткізгім келеді.
Алматыда Талғат Бегелдинов атында көше бар. Бұл – бұрынғы Кенен Әзірбаев көшесі. Ол көше Көктөбе ықша­м­ауданында орналасқан. Шағын ғана көше. Қазақтың тұңғыш ұшқышы, «аспан әміршісіне» айналған тұлғаға қаланың бір түкпірінен, оның өзінде Кеңсайдан көше бергені орынды ма? Қазақта батыр көп емес. Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алған ұшқыш та көп емес. Сондай батыр ұлын ардақтау үшін көшеге есімін бергені құптарлық-ақ дүние. Бірақ ол көшенің тым биікте, қаланың бір түкпірінде жатқаны жанға батады. Еліміздің көрнекті, ірі көше­лерінің бірін берсе де артық етпейтіні анық.
Талғат тірісінде: «Мен бақыттымын. Өйткені менің дұшпандарым көп» деген сөзді жиі айтатын. Сол айтқандай, «бақытты адамның» есімін бір түкпірге тығып қою – әділет пе?
Елбасымен кездескенде Талғат Бегелдиновтен «қандай көмек керек?» деп сұрағанда «өзіңіз берген жерге үй салсам» деген тілегін айтты. Елбасы көмекшісін шақырып алып, Талғат Бегелдиновтің барлық тілегін орындауды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев осы­лайша, үлкенді құрметтейтін тектілігін көрсеткен болатын. Соғыстан кейінгі жылдары да, өмірінің соңына дейін Талғат Бегелдинов Медеу ауданында тұрды. Елбасы салып берген үйінің өзі үлкен тарих қой. Өзінің ізі түскен Медеу ауданындағы бір көшеге Талғат Бегелдинов есімі берілсе деген үмітім болды. Қала әкімі Бауыржан Байбекке осы ұсыныспен хат жаздым. Нұрсұлтан Назарбаев салып берген үй, өзінің ізі түскен жер – Ладушкин көшесінде. Ал Ладушкин үш көшені алып жатқаны ескерілмейтіні қынжылтарлық дүние. Зоя Космодемьянская көшесі өзгертіліп, шығыс айналма жолы Нұрмағамбетовке берілді. Наурызбай ауданында да кең көше Нұрмағамбетов есімінде. Солай бола тұра, өзінің ізі түскен Ладушкин көшесі Талғат Бегелдиновке берілсе деген тілегім бар. Бұл тілегім Елбасына жетсе, аяқсыз қалмайды деп үміттенемін. Өмірінің соңғы 20 жылын Қонаев пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйінде өткізді. Бұл үйде де батырдың ізі қалды. Батыр есімін ардақтап өскен болашақ жас-өскіндер биікке қарап ұмтылар еді, намысты болып ержетер еді.
Аллаға шүкір, Талғаттың іздеушісі жоқ емес. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, хат жазып жатады. Солардың ішінде Гүлнар Сәрсенбе­кованың есімін ерекше атағым келеді. Гүлнар жыл сайын ағасын жоқтап, Құран бағыштап, жиі еске алып отырады. Қазір ол – Қазақстан инженерлік-техно­логиялық университеттің ғылым және оқу-тәрбиесі ісі жөніндегі проректоры. Өзі сондай ақжарқын, мейірімді, білікті де білімді жандардың бірі. Болашақ өскелең ұрпақ бойына патриоттық тәрбиені дәріптеу жолында үлкен еңбек етуде. Талғат ағасы да айрықша қадірлеп, құрметтеп отыратын.
Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бегелдинов – Кеңес Одағы Батыры атағын екі мәрте алған қазақ халқының мақтанышы. Бақытты да баянды ғұмыр кештік. Бірге өмір сүрген 20 жылымыз (1994-2014) мен үшін де, Талғат ағаларың үшін де ең бақытты жылдарымыздың бірі болып саналған. Көкейде көп арманым бар. Алла қолдаса, тілегім орындалатын шығар деген үміттемін.

Орындыбике БЕГЕЛДИНОВА

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Самат 7 Мамыр, 2018 at 22:51 Жауап

    Расында Талғат Бегелдиновті бүгінгі ұрпақ біліп құрмет тұтуы керек қой?!ағамыздың есімі ұмытылмауы керек

Пікір жазу


*