Бейбіт күннің батырлары ұлықталды

1162
0
Бөлісу:

Батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын қос мейрам қарсаңында, Ақордада Елбасы – Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер тапсыру рәсімі өтті. 

Қазақстан Президенті ең алдымен барша қазақстандықтарды, ер-азаматтарды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтады. Бұл ретте бірінен кейін бірі атап өтілетін осы қос мерекенің маңыздылы­ғына назар аудартылды.
– Бұл мейрамдар алдында мен әрдайым Жоғарғы бас қолбасшы ретінде жоғары әскери және арнаулы атақтарды, сондай-ақ қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградаларды тапсырамын. Ерлік пен патриотизмге дәріптейтін осы айтулы күндер биыл Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақта «Елді қорғау – ердің ісі, ерді қолдау – елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Бұл ретте бүгін биік мара­патқа, құрмет-қошеметке еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтайтын әскеріміз бен ар­нау­лы қызметтердің үздік өкілдері ие болып отыр, – деді марапат иелеріне қайырылған Н.Назарбаев.
Елбасы ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде антқа берік, аманатқа адал сардарлар мен сарбаздардан тұратын Армиямыз қалыптасқанын айтты.
– Сайыпқыран сарбаздарымыз бен сардар­ларымыз қастерлі тәуелсіздігіміздің қорғаны бола білді, бола береді деп сенемін. «Ұраны бар елдің ұланы бар» деген. Айбыны асқақ, мерейі үстем ұландарымыз арқасында әскери әлеуетіміз нығайып келеді. Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғас­тыруда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемде белең алып келе жатқан тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің әскері мен күш құрылымдары ерекше маңызға ие болатынын айтты.
– Біздің әскеріміз бен құқық қорғау құрылымдарымыз ел қауіпсіздігінің берік қалқаны әрі егемендігіміздің мызғымас кепілі болып саналады. Мемлекет барша қазақстан­дықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолындағы сіздердің ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды, – деді Елбасы.
Ол ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде әрбір әскери қызметшінің зор рөл атқаратынын атап өтті.
– Жауынгерлер әрдайым Отан үшін отқа түсуді парыз санаған. Бұл – жәй сөз емес. Біз мұны Ұлы Отан соғысы тарихындағы ерлік істерден және ата-бабамыздан қалған мұра­лардан білеміз. Әрқашан осылай болған және бола береді. Еліміз өз армиясы мен құқық қорғау органдарын бағалап, құрмет тұтады, сондай-ақ сіздер адал әрі қалтқысыз қызмет етеді деп сенеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы салтанатты шараға қатысушылардың барлығын Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен тағы да құттықтады.
Салтанатты рәсім барысында мінсіз әскери қызметімен және елеулі еңбегімен ерекшеленген азаматтарға еліміздің жоғары дәрежелі орден, медальдары тапсырылды. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен – М.Таласов, М.Құсайынов, М.Сатов, Қ.Жақыпбаев, І дәрежелі «Айбын» орденімен – Д.Құрмашев, А.Төлеуов, II дәрежелі «Айбын» орденімен – Ж.Жақыпов, А.Калинин, Д.Пластовец, «Құрмет» орденімен – Э.Омарова, «Ерлігі үшін» медалімен – Ғ.Әлеуханов, В.Калмыков, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – Н.Залмұқанов марапатталды.
– Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан ІІМ бөлімшесінің басшысы Дулат Құрмашевты атап өткім келеді. Аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы арнайы операцияны басқарып, ұтымды өткізген оны І дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп санадық. Мемлекет мүдделерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижелерге жеткен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің депар­тамент бастығы Асхат Төлеуовке І дәрежелі «Айбын» ордені табысталады. Қызметін мінсіз атқарып, әскери білімге білікті басшылық жасағаны үшін Жасұлан Жақыповқа ІІ дәрежелі «Айбын» ордені беріледі. Биыл құрлық әскерлері арасында өткен командалық дайындық нәтижесі бойынша ол бірінші орынға ие болды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ел Президенті бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Қорғаныс министрлігінің жөндеу ротасының сарбазы Ғалымжан Әлеухановтың ерен ерлік көрсеткенін атап өтті.
– Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Әскери қызметте кәсіби біліктілік танытқан Қорғаныс министрлігінің экипаж командирі Нұрлан Залмұқанов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол әскери ұшақтың апатқа ұшырауын болдырмай, батыл қимылдап, адамдар өмірін сақтап қалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, жетістіктіктері мен үздік қызметі үшін бір топ әскери және күш-құры­лымдары өкілдері жоғары арнаулы әскери атақтар мен сыныптық шендерді иеленді.
Соның ішінде, «генерал-лейтенант» әскери атағы Талғат Жанжүменовке, «ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты» арнаулы атағы Нұрғали Білісбеков пен Марат Өсіповке, «сыртқы барлау генерал-лейтенанты» арнаулы атағы Ғабит Байжановқа, «генерал-майор» әскери атағы Ұларбек Абыкеевке, Қаныш Әбубәкіровке, Дмитрий Бочаровқа, Қайрат Көпбаевқа, Арман Қалиевке және Серік Ізтілеуовке берілді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*