Мұрат ЕРГЕШБАЕВ, Қазалы ауданының әкімі: Кәсіпкерлікті қолдау қарқын алуда

935
0
Бөлісу:

– Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының Қазалы ауданында орындалу барысына тоқталсаңыз.
– Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тапсырмасымен биыл – жаппай кәсіпкер­лікті қолдау жылы деп жарияланды. Осы мақсатта облысқа 32 млрд теңге бөлінді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ынталы азаматтарға көмек беруде. Қазалы ауданы бойынша 4228 шағын кәсіпкерлік субъектілері есепке алынған. Олардың белсенділік деңгейі – 75 пайыз. Жыл басынан бері жаңадан 143 кәсіпкер тіркеліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге немесе 60 кәсіпкерге артық болды. Салық салу базасын арттыру жұмысының нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін жеке табыс салығы бойынша 2018 жылға 46 млн теңге кіріс түсті. Бұл – былтырғы кезеңмен салыстыр­ғанда 4 млн теңгеге артық. Қазалы ауданында 5 сауда базары, 2 мал базары, 10 мейрамхана, 40 кафе, 9 ірі сауда орталығы, 17 сауда үйі мен 800-ден астам шағын сауда дүкені тіркелген. Статистикалық деректерге сәйкес, бөлшек сауда айналымы 975,1 млн теңгені құрап, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады.
Индустриялы-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығында (2010-2014 жылдар) аймақтық үйлестіру кеңесіне жалпы құны 4187,4 млн теңге құрайтын 22 жоба ұсыны­лып, 17 жоба толық іске қосылып, 212 жаңа жұмыс орны ашылды. 2 жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілді. 2018 жылға өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карта­сына «РЗА» акционерлік қоғамның құны 2,5 млрд теңге құрайтын «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының II кезеңін іске асыру» жобасын енгізу жоспарлануда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша құны 11 млн теңге болатын жоба екінші деңгейлі банк арқы­лы несие алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы сыйақы мөлшерле­ме­сі­нің бір бөлігі субсидияланып, кепілдік беру компоненті бойынша 4,7 млн теңге кепілдік берілді. Осы бағдарлама шеңберінде Әйтеке би кентінен құны 9 млн теңгеге тең жоба ІІ деңгейлі банктен несие алу келісімін алып, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауды қарауға «Даму» қорына құжат­тары ұсынылды. «Бизнес-кеңесші» жоба­сы арқылы 90 адамды оқыту жоспар­лан­са, бүгінгі таңда 194 қатысушы 14-15 наурыз аралығында ұйымдастырылған екі күндік оқу курсынан өтті. Оның ішінде 48-і аталған бағдарламаның мемлекеттік грантын алу үшін берілетін конкурсқа қатысатындығын айтты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдар­ға арналған» бағдарламасының екінші бағы­ты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 236 адам есепке алынған. Бұл бағдарлама аясында «Ауыл шаруашы­лы­ғын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы­нан 8 адам 37,1 млн теңге несие қара­жатын алды. «Қызы­лорда» өңірлік инвес­ти­ция­лық орта­лы­ғы» микроқаржылық ұйы­м­ы­на 504,1 млн теңгелік 69 жоба ұсынылды.
Қазалы ауданы бойынша «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 гектар жер учаскесіне инженерлік инфра­құры­­лым желілерімен қамтамасыз етуге республи­­ка­лық бюджеттен 159,7 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері тарапынан жалпы құны 172 млн теңгеге тең жаңа 8 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргі­зілуде. Оның ішінде 92 млн теңгелік төрт жоба іске қосылып (2017 жылы бюджет­ке 461,1 мың теңге салық түсірді), 36 жаңа жұмыс орны ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан Қазалы ауданынан сервистік қызмет көрсету нысан­да­рын салуға барлығы бес учаске белгіленген. Осы жерде «Мирас» және «Арзан сити» кешендері пайдалануға беріліп, қалған 3 жоба бойынша жұмыстар басталуда. Бұдан бөлек, «Қазалы Керуен» БК құны 158 млн теңгелік «Қалааралық автовокзал құрылы­сын» салу жоба­сын іске асыруда. Ішкі қаптау жұмыс­та­ры жүргізілуде. Алдағы уақытта желдету, жылыту, салқындату, нысанның аумағына абаттандыру және жарықтандыру, ішкі кәріз су жүйесін кіргізу жұмыстарын жүргізіп, қыркүйек айында іске қосуды жоспарлап отырмыз.
– Аймақтың ауыл шаруашылығының ахуалы қалай? Көктемгі дала шаруасына қатысатын құрал-саймандарыңыз түгел ме?
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 17790 гектарға орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 7630, мал азықтық дақылдар – 7480, картоп, көкөніс, бақша – 2250, майлы дақылдар – 430 және басты дақыл күріш егісінің көлемі – 6950 гектар. Дақылдарды орналастыруды әзірлеу барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Осының нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай – 155, мал азықтық дақылдар – 120, тары 5 гектарға ұлғайтылды. Былтыр арпа егілмеген еді, биыл 90 гектар жерге орналастыру жоспар­лану­да. Қазіргі таңда шаруашылықтарда күріш тұқымын тазалап-себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары жалғасуда. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 122 трактор, 55 соқа, 22 тұқым сепкіш, 23 автомашина және 55 трактор тіркемесі бар. Барлығы 100 пайыз жөндеуден өтті.
2018 жылы орналасатын ауыл шаруашы­лығы дақылдарын вегетациялық кезеңде тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін 688 млн текше метр суармалы су лимитіне келісім алынды. Егіске су шаруашылығы нысан­да­рын дайындауға байланысты ішкі шаруа­шы­лық каналдарында 15 мың п/м су жолдары қамыстан тазартылып, гидропост пен су сору қондыр­ғылары жөндеуден өтті. Жыл басы­нан бері 897 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аудан бойынша барлық мал басының 3,7 пайызы – ауыл шаруа­шы­лығы кәсіпорындарының үлесінде, 28,3 пайызы – шаруа қожалықтардың үлесінде, 67,8 пайызы – жеке жұртшылық үлесінде. Мал басы мүйізді ірі қара 33 407 басқа жетті, уақ мал – 81286 бас, жылқы – 23697 бас, түйе – 8 561 бас, құс – 6251 бас.
Шаруашылық және ішкі шаруашылық каналдарын құжаттандыру жұмыстары толығымен аяқталып, республикалық мен­шік­ке өткізуге тапсырылды. Карталық су арықтары мен су тастау жүйелері үшін жер актісі мен техникалық құжаттары әзірленді. Бағалау жұмыстары аяқталғаннан кейін республикалық меншікке өткізілу жұмыс­та­ры жүргізіледі. Ауданда 38 ауыл шаруа­шы­лығы кооперативі бар. Оның 27-сі – мал шаруа­­шылығы, тоғызы – егін шаруашылығы, біреуі – мал шаруашылығы мен мал өнім­дерін өндіру, тағы біреуі көкөніс өнімдерін өңдеу саласына бағытталған.
– Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға баса назар аудару да – Елбасы бағдарламаларындағы басым бағыт­тың бірі. Осы саладағы елдімекендерде еңсерілген жұмыстар мен жоспарлар туралы айта отырсаңыз.
– Биыл аудандық маңыздағы автокөлік жолдары мен елдімекен ішіндегі көшелерді орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті 12 млн теңгенің жобасы қаржылан­дыруға ұсынылды. Бүгінде 5 жоба республи­ка­лық бюджеттен қолдау тапты: 18 шақырым – «Қазалы – Қожабақы – Бекарыстан би», 13 шақы­рым –«Қазалы – Көларық – Бекарыс­­танби – Жаңақұрылыс», 2 шақырым – «Сама­ра –Шымкент – Байқожа», 9 шақырым – «Әйтеке­би – Басықара – Водо­кач­ка» және 5 шақы­рым Қазалы қаласы­ның айналма жолы. Былтыр «Әлсейіт» өткеліндегі темір­бе­тон көпірінің құрылысы басталды. Жалпы сметалық құны – 2,7 млн теңге. Енді дария­ның арғы бетіндегі 15 мың халық биыл­дан бастап төте жол арқылы аудан орталы­ғы­на қатынайтын болады. Әйтеке би кенті бойын­ша 55 көшені жөндеу жоспар­ланды. 5 квар­талдағы Қ.Ерімбет пен Жетес би көше­ле­рін жөндеуге қаржы бөлінді. Бұл – бір.
Екіншіден, Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Майдакөл ауылы және Жалпақ елді­мекеніндегі тұрғын үйдің аумағына ауыз су құбырын жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Аудан орталығынан 130 шақырым шалғай орналасқан Шәкен, Шилі елдімекендеріне де ауызсу желісін жеткізу мәселелері қарастырылуда.
Сондай-ақ Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйдің 60 пайызы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Былтыр 12 әлеуметтік нысан газға қосылды: 4 мектеп, 5 балабақша, 1 мұражай, 1 спорт мектебі және мәдениет үйі. Алда тағы 147 мекемені, яғни 16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 бала­бақша, 115 кәсіпкерлік нысанын газ құбы­рына қосуға облыстық техникалық шарттары алынды. Бұл мәселе бойынша аудан халқына жеңілдіктер қарастырылған. «ҚазТранс­ГазАймақ» акционерлік қоғаммен меморан­дум­ға отыру нәтижесінде, тұрғындарға газ желісін қосу қаражатын пайызсыз бөліп төлеуге келісілді.
Аудан орталығындағы инженерлік-комму­никациялық инфрақұрылымды дамыту – кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Осы мәселелерді шешу мақсатында ауданда 5 жаңа қоныстану аймағы игерілуде. Былтыр инфра­құры­лым­мен қамтылған Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаске­сінен тұрғын үй салу үшін 200 адамға жер беріл­ді. Аудан орталығынан 180 және 210 гектар жер учаскелеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Қазалы қаласында 180 гектар жерге салынатын тұрғын үйлерді инфра­құрылыммен қамтамасыз ету жұмыс­тары басталды. 81 гектар жер учаскесі бойын­ша жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсы­ныл­ды. Осы жұмыстардың негізінде алда 3 мыңға жуық тұрғынға жер береміз.
Биыл Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сын іске асыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасымен Әйтеке би кентінен 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қала мен кент аралығынан тағы да тұрғын үйлер салу жоспарда бар. Бұл жер кезегін азайтып, тұрғын үй бойынша өтініш­тер­дің санын төмендетуге мүмкіндік бермек.
– Кез келген ауыл-аймақ халықтың әлеу­меттік тұрмысын туралауға ден қойғанда ғана, дами түспек, келісесіз бе? Қазалыдағы қара­ша­ның күнкөрісін реттейтін мәселелер оң шешімін тауып жатыр ма?
– Қазалы ауданында білім бөліміне қарасты 30 мектепке дейінгі ұйым, 33 орта және 3 негізгі мектеп, оқушылар үйі, әуез мектебі, кешкі мектеп және «Шағала» бала­ларды сауықтыру демалыс орталығы жұмыс істейді, 15 мыңдай оқушы білім алуда. Аудан­да барлық мектеп типтік ғимаратта орна­лас­қан. Сондай-ақ 30 балабақша (19 мем­ле­кет­тік, 11 жеке) және 16 шағын орталық жұмыс істейді. Биыл Ү.Түктібаев ауылындағы
№88 мектеп пен Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу, Әйте­ке би кентіндегі №70 мектеп пен Таса­рық ауылындағы №238 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан бойынша 14555 бала бір мезгіл ыстық тамақпен, яғни ақылы және тегін тамақтанса, әлеуметтік қолдауды қажет ете­тін отбасыдан шыққан балалар толық ыс­тық тамақпен қамтылған. 33 орта мектеп­тен 799 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде, бітіруші 799 оқушының 71,7 пайызы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірді. Барлық мектеп байқау сынағын ай сайын алып, дайындық жұмыс­тарын жүргізуде. Наурыз айында білім бөлімінің алған байқау сына­ғының қоры­тын­дысымен аудан бойын­ша орташа балл 94 баллды құрады.
2018 жылға жаңартылған білім беру бағ­дар­ламасы бойынша біліктілікті арттыру үшін 182 мұғалім, 26 директор орынбасары ПШО Қызылорда филиалына, 391 мұғалім «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда филиалына жіберіледі. Облыс әкімінің қолдауымен мектеп бітірушілері Ресейдің және еліміздің жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде оқып жатыр. Олардың қатарында қазалылық жас­тар да бар. Бүгінде 14 түлек Ресейдің жетек­ші техникалық жоғары оқу орын­дарын­да білім алуда. Сондай-ақ облыс әкімі гранты негізінде, аз қамтылған отбасының 62 баласы еліміздің түрлі оқу орынында оқып жатыр.
Ауданда денсаулық сақтау саласы жолға қойы­лған. Бүгінде амбулаториялық-емха­на­лық қызметі бар орталық ауруханаға 1 ауру­ха­на, 1 орталық емхана, 2 ауылдық емха­на, 1 қала­лық құрылымдық бөлімше, 14 дәрі­гер­лік амбулатория және 15 меди­циналық бекет қарайды. Жыл басында 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Аймақ басшысының қолдауымен құны 400 млн теңге тұратын «Ангиограф» медици­на­лық аппараты алынуда. Бұл қон­дырғы жедел және сапалы ота жасауға септігін тигізіп, Қазалы­дан бөлек, көршілес Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғын­да­ры­на қызмет көрсететін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Миуа БАЙНАЗАРОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*