«Нұрлы жердің» игілігі

731
0
Бөлісу:

Атырауда мереке қарсаңында   «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғызылған көпқабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныстағы үш жүз пәтердің терезесінен ертеңгі күнге сенім артқан шаңырақ иелерінің сәулелі жарығы жағылып, өзгелерге үміт сыйлады.

Атырау қаласының орталығындағы Береке ықшамауданындағы жаңа 2 тұрғын үйдегі пәтерлерге кезекте тұрған тұрғындар қоныстанады. Ал 4 тұрғын үй тұрғындарға «Жилстройсбербанк» АҚ арқылы берілді.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы дамып, пәтер кезегіндегі тұрғындарды қоныстану жалғаса беретінін айтып, баспаналы болып,қуанышқа кенелген жаңа қоныс иелерін құттықтап, пәтер кілтін табыс етті.
Адам өміріндегі ең маңызды сәт – баспаналы болу екенін сөзсіз. Ал бір мезетте бір ықшамауданнан үй алған 300 тұрғынның көл-көсір қуанышын көру адамды тебірентпей қоймайды. Себебі, олардың арасында баспаналарының жоқтығынан үй жалдап, жағдайлары қиындыққа тап болғандары бар.
– «Аз қамтылған отбасы» санаты бойын­ша кезекте тұрмын. Біраз уақыт от­ба­сым­мен ескі пәтерде тұрдық, кейін бір­неше жыл пәтер жалдауға тура келді. Бүгін бізге өз үйіміздің кілтін табыстады. Қуанышымыз кеудемізге сыймай жүр. Қиын күндердің бар­лы­ғы артта қалды, – дейді Атырау қала­сы­ның тұрғыны Салауат Мүтәлиев.
Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиевтың айтуынша, Елбасының халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мақ­сатында жүзеге асырылуы керек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойын­ша жуыр­да тағы 195 отбасыға жаңа пәтер беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аза­мат­­­тардың төлем қабілеттілігі бойынша тізім жасақталуда. Жылдың соңына дейін осы ықшамауданда тағы 9 үйді пайдалануға беру жоспарда бар.
Биыл бес қабатты 6 тұрғын үйге алғашқы қоныстанушыларын құшақ жая қарсы алған Береке ықшамауданының көлемі кеңей­ті­ліп, 1200 орынды мектеп пен 290 орынды 2 бала­бақшаның құрылысы басталады. Ал тұрғын-үй салу жалғаса береді. Келешекте осы ық­шамауданда тағы да көпқабатты 40 тұрғын-үй құрылысы бой көтеріп, тұрғын­дарды пәтермен қамтамасыз етіп қана қоймай, қала сәулетіне сән беретін болады.
Атырау қалалық әкімдігі берген ақпарат бойынша, қазіргі таңда 20 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. Айтарлығы «Нұрлы жер» ипотекалық несиелеу бағдарламасынан бөлек, аймақта Мемлекет басшысы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша пәтер беріледі. Жергілікті атқарушы биліктің аймақтың инвестициялық климатын жақсарту мақ­сатында белсенді жұмыс істеуі, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*