Бейбітшілік – басты байлық

913
0
Бөлісу:

Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Жұртымыз мамыражай мамырдың алғашқы күнінде Қазақстан халық­тарының бірлігі мерекесін айрықша атап өтеді. Бұл – көпұлтты, көпкон­фессиялы еліміздің бірлігі мен берекесін арттыра түсетін аса маңызды мейрам.
Адам өміріне қауіп төндірген сындарлы кезеңнің сын-қатерімен бетпе-бет келген бүгінгі әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақ елі үшін бірлік пен бейбітшілік – басты байлық, баға жетпес құндылық.
«Тозған қазды топтанған қарға алады», – дейді халқымыз. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Достық пен татулық ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады.
Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда барша адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол) мұсылман үмбетіне жолдаған қоштасу сөзінде: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп өсиет қалдырған.
Біздің жас тәуелсіз еліміз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың игі де тарихи бастамасымен алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлек діни көшбас­шыларды бір дөңгелек үстел басына біріктірген бітімгер мемлекетке ай­налды. Қазіргі қоғамда қалыптасқан өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауап­кершілік артылады.
Адамдар арасындағы татулықтың негізгі тірегі – өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдықта. Ардақты Пайғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Иман етпейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болмайсыңдар», – деген. Абай Құнанбайұлының өсиет өлеңі де осыған саяды: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…».
Жаһандану заманында сан түрлі ұлттың берекелі тірлікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – ізгілік пен мейірімде.
Ұлы бақытқа иманымен талпынған Рудакидің:
«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз,
Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі қай қоғамға болсын қуат беретіні хақ.
Алла Тағала халқымыздың ынтыма­ғын нығайтып, бірлігін бекем еткей! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз