Бақытқа бастар бес қадам

814
0
Бөлісу:

Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясында ҚХА мүшелері, өңірлерден келген делегаттар, шетелдік қонақтар, жұмысшылар, зиялылар, азаматтық қоғам өкілдері сөз сөйледі.
Белгілі журналист, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай «Ең алдымен, ел қамы, содан кейін қалғаны» деп Қадыр ақын айтқандай, Елбасының Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, елдің әлеуметтік жағдайын басты орынға қойып келе жатқанына жиналған қауым назарын аудартты.
«Соның нәтижесінде, бүгінде Қазақстанда қарекет қылған адамға, істің жөнін біліп, жолын тапқан жанға барлық мүмкіндік жасалған. Ұдайы Президент қамқорлығында тұратын Алматы – ел экономикасының қозғаушы күші, отанымыздың мәдени-рухани ордасы, білім мен ғылымның, спорт пен туризмнің орталығы. Ел өміріне зор серпіліс әкелген «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» алматылықтар айрықша ықыласпен қабыл алды. Қаланың биылғы бюджеті қайта қаралып, барынша әлеуметтік сипатқа ие болды, нақты жобалар қолға алынып, оларға 65 миллиард теңге қарастырылды.
Қазір еліміз бойынша 500 мыңға жуық студент болса, оның жартысына жуығы – ауылдан не басқа қалалардан келіп оқитын балалар. Соның ішінде Алматының жоғары оқу орындарында 140 мыңға жуық студент оқиды, колледждерде 27 мыңнан астам жас тегін білім алып жатыр.
Былтыр мегаполисте 2 мың орындық 4 жатақхана салынса, енді Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салу жоспарланған. 9 ЖОО өз күштерімен 6 мың орындық жатақханаларды салуға кіріспек. Осылайша, жастар енді пәтер жағаламай, алаңсыз білім алатын болады.
Қаладағы баласының жағдайы жақсарған соң ауылдағы ата-ананың да көңілі жайланады. Президент тапсырма­сымен көлемі 2 есеге жуық артатын шағын несиелер олардың тіршілігін оңдауға сеп болады.
Жалпы, өткен 26 жылда елімізде 1 миллион 100 мың отбасы қоныстойын тойлапты. Енді олардың қатары арзан ипотекалық несие арқылы тағы да мыңдаған отбасымен толыққалы отыр. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» есепшот ашқан 24 мыңға жуық алматылық дәл қазір арзан несиенің жоғарғы шегінің 20 пайызынан асатын қаржы жинапты. Яғни, бағдарлама бастала салысымен, Алматыда тұратын 24 мың отба­сының бірден пәтер алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Бұл – әсіресе, бюджет саласында еңбек ететін азаматтарға зор мүмкіндік.
Елімізде 400 мыңға жуық мұғалім мен 72 мыңнан астам дәрігер бар. Олардың өмір сапасы – жалпы халықтың өмір сапасы деген сөз. Сондай-ақ Елбасы бастамасы бойынша шамамен 2 миллион адам енді салық жеңілдігіне ие болады екен, оның 210 мыңнан астамы Алматыда тұрады. Тиісінше, осынша адамның жалақысы көбейеді. Қосымша 20 мың білім гранты – болашаққа сеніммен қадам басатын тағы 20 мың бала деген сөз. Есептеп қарасақ, соның шамамен 6,5 мыңы тағы Алматыға тиесілі болады екен.
Жалпы, «бес әлеуметтік бастаманы» кешенді түрде қолға алынған бірегей әлеуметтік бағдарлама деуге болады. Бірауыз сөзбен айтыла салатын құрғақ цифр­лардың артында миллиондаған адамның тағдыры тұр. Әрине, өмір болған соң қиын жағдайға тап болған жандар кез келген қоғамда кездеседі. Бірақ халқымыздың бойындағы жанашырлық, қамқорлық, аяушылық секілді ізгі қасиеттер ешкімнің қайраңға шығып қалуына жол бермейді. Жер аударылып, арып-ашып келген миллиондаған адамды халқымыз өз басына күн туған қиын күндердің өзінде сыртқа теппей, бауырына басқан.
Бірлік пен татулық – халқымыздың қанында бар қасиет. Қазір заман қанша өзгерді дегенмен, осынау ізгіліктер біздің тамырымызда тулап жатыр. «Рухани жаңғыру» бізді ата-бабалардан мирас болған осынау асыл құндылықтарды қазіргі заманға қажет қасиеттермен ұштастырып, қатар алып жүруге жетелейді. Біздің артымыздан ұлттық және азаматтық сана-сезімі мен заманауи білімі қанаттаса дамыған мықты буын өсіп келеді.
Олардың аяқ алысын, Елбасы жасап отырған қамқорлықты, ол нұсқаған жөн-жосық, бағыт-бағдарды ескерсек, қазақ­стан­дықтар көп ұзамай-ақ нағыз жаңа сипат­ты жаңа халыққа айналады. Біз ұлттық бірегейлігі мен әлеуметтік бірлігі мызғымай­тын біртұтас ел болып келеміз», – деген ол ел атынан Қазақстан Президентіне зор ризашылық білдірді.
Ассамблеяның бұл жолғы сессиясына ресейлік фантаст-жазушы Сергей Лукьяненко арнайы келіп қатысты.
«Осыдан жарты ғасыр бұрын мен Қазақстанда, шағын ғана Қаратау қаласында дүниеге келдім. Әкем – Ресейден келген орыс, шешем – Семейдің татары. Ғұмырымның жартысы – Қазақстанда, қалғаны Ресейде өтті. Мен әлемді көп араладым, мемлекеттердің ірілерін де, ұсақтарын да, байларын да, кедейлерін де көрдім. Бірақ қазақтың Ұлы даласын, қар басқан асқар тауларын, домбыраның күмбірлеген үнін, қымыздың тіл үйірер дәмін ешқашан ұмыта алмаспын. Олардың бәрі жадымда сақталып қалды, мәңгілік менімен бірге болады.


Қазақстан мен оның халқы, дәстүрі мен мәдениеті менің барлық кітаптарымда көрініс береді. Кейде айқын бейнеленеді, енді бірінде алыстан менмұндалайды. Бірақ орыс тілінде жазылып, әлемнің отыз елінің тіліне аударылған бұл кітаптарым әрдайым Қазақстанның бір бөлшегін өзімен бірге ала жүреді.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жылдарда оның бұрынғы республикалары үлкен әрі қиын жолды басып өтті. Олардың барлығына бірдей бұл жол оңайға соққан жоқ. Бостандық, тәуелсіздік деген орасан зор байлық бәріне тиді, алайда олардың барлығы бірдей мұны дұрыс пайдалана алмады. Бұл ретте табыстың басты кепілі халықтың бірлігі, бейбітшілік пен келісімді сақтау болатын. Халықтың даналығы мен ел басшылығының көрегендігі барлық этностарға өзін біртұтас халық ретінде сезінуге мүмкіндік берген елдерде ғана мемлекеттілік өз қуатына жетті, ал адамдар ертеңгі күнге деген сенімділікке ие болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының бірде айтқаны бар: «Халықтың бірлігін сақтау және нығайту – ең жоғарғы құндылық». Қазақстанның көпэтносты жұртшы­лығының өкілдері жиналған осы залда отырып, мен Қазақстан халқының бұл құн­дылыққа адал екеніне көз жеткіздім. Мен ассамблеяға қонақ ретінде шақы­рылдым. Бірақ өзімді бөтен сезінбеймін. Себебі, Қазақстан – менің кіші әрі сүйікті Отаным, туған жерім. Сіздердің жетіс­тіктеріңізге қуанамын әрі мақтан тұтамын», – деген ресейлік жазушы көрші қонған қос мемлекеттің мәңгілік тәуелсіз, сонымен бірге дос болып қала беруін тіледі.
ҚХА сессиясында Германия астанасы Берлиндегі шығысеуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, доктор Эшмент Беате (Eschment Beate) де сөз сұрап, мінберге көтерілді. Беате ханым біздің елдің тумасы емес, Германияның Ганновер қаласында дүние есігін ашқан. Бірақ Ганновер университетінде Ресейдегі шаруаларға қатысты реформадан PhD қорғаған ол көршіміздің қызыл революцияға дейінгі тарихын зерттей жүріп, қазақ тарихына еріксіз тартылған көрінеді. Оның үстіне 1997 жылдан бері GIZ-те, яғни Қазақстан­дағы реформаларда германиялық тәжірибені іске жаратуымызға көмектесіп келе жатқан Неміс халықаралық ынтымақ­тастық орталығында кеңесші және дәрісші болып жұмыс жасайды. Өз сөзін доктор Эшмент Беате «Сәлеметсіз бе?!» деп қазақша бастады.
«Орталық Азия бойынша сарапшы болып табылатыны мен үшін Қазақстанның ұлттарға қатысты саясатының жетістігіне айналған қоғамдық институттың жиынында сөз сөйлеу үлкен құрмет! Мен көп жылдан бері Ассамблеяның жұмысын және қазақ елінің саясатын қадағалап келемін. 90-жылдардың орта шенінде алғаш рет Қазақстанға келіп, Алматыда болып қайттым. Менің тұңғыш ғылыми жобам тәуелсіз республикадағы қазақтар мен орыстардың бірлесе өмір сүруін зерттеуге арналды. Сонда көптеген батыстық бай­қаушыларға Қазақстанда христиан дініндегі орыстар мен мұсылман қазақтар арасында «мәдениеттер қақтығысы» орын алатындай көрінген.
Бірақ мен соны паш ететін ештеңені де байқамадым. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты, мен де Батыс ғалымдары арасында алғаш­қылардың бірі болып, бұл елде жүзден астам этностың тату-тәтті, бірге өмір сүре аларына сендім.
Сонау 90-жылдары Қазақстан бастан өткерген мәселелер бүгінде Германияның алдынан шығып отыр. Яғни, діні басқа, тілі басқа, дәстүрі де мүлдем өзгеше, бөтен мәдениетте тәрбиеленген адамдардың үлкен ауқымын қоғамға кіріктіру міндеті тұр. Неміс қоғамы жаңа сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген азаматтар, бірқатар саясаткерлер өздерін қауіп қамалына қамалғандай сезінеді. Олар жаңа күштердің құйылуы елге пайда әкелуі мүмкіндігін түсінбейді. «Үйреншікті неміс салты деген не?» және басқа да сауалдарға жауап іздеу қоғамда өте эмоционалды, сан-салалы сипатта жүруде.
Қазақстан мұндай проблемаларды шешу тәжірибесін ертеден жинады. Президент мырзаның басшылығымен, Қазақстан 90-жылдары «Біздің ортақ шаңырағымыз» интеграциялық стратегиясын таңдады.
Қа­зақстан дұрыс жолға түсті, өз тұр­ғындарының барлығына өздерін елдің азаматы, бір Отанның өкілдері ретінде сезінуге мүмкіндік берді.
Менің ойымша, біздің елдеріміз арасында қаншама айырмашылықтың барлығына қарамастан, Германияға шығу тегі әртүрлі адамдардың бір шаңырақ астында өмір сүруі идеясын байыпты түрде қарастырғаны жөн болар еді» деп қорытқан неміс ғалымы осы бағыттағы табысты ұлттық саясат пен ғылыми ынтымақ­тастықтың жалғасын табуын тіледі.
Qazaqsha so’ileiik клубының негізін қалаушы, жиырма жасар студент, жамбылдық Оксана Драчева Ассамблеяның биік мінберінен өз құрбы-құрдастарына қайырылып, өз тәжірибесімен бөлісті. Оксана 2017 жылдан бері «Қазақстан» арнасында «Менің Қазақстаным» бағдарламасын жүргізеді. Өз клубында шетелдіктерді қазақ тілінде сөйлеуге үйретеді. Өзі қазақ тілін меңгерген орыс жастары арасындағы «Тіл парасат» Х республикалық байқауының Бас жүлдесін жеңіп алған. «Абай оқуларында», басқа да байқаулар мен олимпиадаларды бірінші тұғырға көтерілген. «Көріпкел» телехи­касына да түскен көрінеді.
«Мен қазір Алматыда, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқимын. Біз сияқты өзге қалалардан келген жастар үшін жатақхана – ересек өмірге бастар тәжірибенің ұстын-негізі. Онда өз бетіңше, шаруашылық жүргізуге, қонақ күтуге, қоғамда өмір сүруге, жора-жолдас табуға үйренесің, Сондықтан 75 мың орындық жаңа жатақханалардың бой көтеруі 75 мыңдай жас пен олардың ата-аналары үшін үлкен қуаныш. Осы орайда, жастарға деген қамқорлығы үшін Елбасыға зор алғыс. Бұл жаңа жатақханаларда еліміздің болашағы дүниеге келеді. Дәл соларда болашақ академиктер, ғылым докторлары, ұлы артистер мен суретшілер, министрлер мен әкімдер қалыптасады.
Жатақхана салу, қосымша оқу грантын бөлу, тұрғын үй алу мәселесін жеңілдету дегеніміз – жастарға деген, оның ішінде ауыл жастарына деген әкелік қамқорлық.
Қазақта «бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар. Ал 20 мың грант дегеніміз – ертең елімізді нәрлендіретін 20 мың кәусәр бұлақ. Бұл – 20 мың отбасының қуанышы, 20 мың баланың орындалған арманы. Мен бес әлеуметтік бастаманы «бақытқа бастар бес қадам» деп айтар едім.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы бір мәселені атап өткім келеді. Әлемдік гуманитар­лық білімді қазақ тілінде алуға мүмкіндік беріп отырған «100 жаңа оқулық» біздің санамыздың ашықтығына құйылатын нәр деуге болады. Сол үшін, студенттер атынан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа зор ризашылығымды білдіргім келеді.
Ал менің санамды ашқан Абай атам болды. Абай өлеңдерімен алғаш алтыншы сыныпта таныстым. Маған қазақ тілінің әуезділігі, әуенділігі ұнады. Мен тіпті мағынасын түсінбей-ақ, Ұлы ақынның шамамен 100 өлеңін жаттап алдым. Осыдан кейін әрбір сөзді, әрбір сөйлемді аударып, грамматикасына бойладым.
Бүгінде Абай тілі – менің тілім. Енді өзгелерге де біздің тілді үйренуіне көмектесу үшін «Қазақша сөйлейік» клубын құрдым. Онда тіпті шетелдіктер де оқуда. Әдістемем сынақтан өтті және жақсы нәтижелер беруде. Қазақ тілі маған телеарна жүргізушісі ретінде өз кәсіби қызметімде алғашқы қадамымды жасауға жәрдемдесті. Мен мұны мақтан тұтамын! Және өз үлгі-өнегем арқылы елімізде жастардың бәсекеге қабілет­тілігін дамыту үшін тең жағдайлар түзілгенін көрсеткім келеді» дейді Оксана Драчева.
Qiber атты компьютерлік бағдарламалау мектебінің негізін қалаушы Роман Гурбанов та жеке үлгісін жастар арасында таратуда екен.
«2009 жылы мұнай саласына қызмет көрсететін секторда жұмыс жасадым. Жалақым жоғары, мансабым бар, мұнай құны барған сайын өсуде, демек өмір қалыптасқандай көрінді. Бірақ ақпараттық технологияларға деген ынтызарлығым менің бойымнан мұнайшыны «қуып» шықты да, қарапайым «айтишникке» айналдым. Мені ешкім де түсіне алмады. «Қара алтын» құны бір бөшкесі үшін 110 долларда шығындағанда, мұндай қадамды кім түсінсін.
Бірақ бүгінде өмірдің өзі бұл таңдаудың дұрыстығын көрсетті. АҚШ-тың Кремний алқабында болғанымда, капиталы тұтас елдердің ЖІӨ-лерінен асып түсетін ІТ компаниялар жайында білдім. Олардың табысының құпиясы неде? Біріншісі – ақпарат ағынында бағдарлануға және талдай білуге қабілетті жасампаз қоғамды дамытуға бағдарланған білім беруде. Екін­шісі – нетворкинг. Яғни, мобильді қосымшаны ашып, сұрау салсаң болды, 15 шақырымдық айналада қалаған тақырыбың бойынша өтетін ондаған форумдар мен шеберлік сабақтарын табасың. Дәл сол жерде инвестор­ларға, тәлімгерлерге және басқа да пайдалы адамдарға жолығасың.
Осы орайда, Президенттің техникалық мамандықтарға 11 мың грант бөлу туралы бастамасы қалыптасқан ахуалды түбегейлі өзгертеді. Және мұның «7 – 20 – 25» қолжетімді баспана бағдарламасымен және студенттердің жатақханасы мәселелерін шешумен бекітілгені маңызды. Енді біздің жастар тұрмыстық қиыншылықтарға бас қатырмай, оқи алатын болды» дейді ол.
Роман құрған бағдарламалау мектебінде 15 бала мен жасөспірім оқып шыққан екен. Олар мобильді қосымшалар мен сайттар жасауды меңгеруде. Бәлкім, Қазақстанның ЖІӨ-сіне үлес қосар ІТ компанияларды құратындардың бірі де солар болар.
«Ауыл – мемлекеттің тірегі» жобасының негізін қалаушы Дмитрий Корепанов өзін ауылдастары Димаш деп атайды.
«Елбасы ауылдың әлеуметтік-экономи­калық өсуі үшін барлық жағдайларды жа­сады. Өңделген ауыл шаруашылығы өнім­дері экспортын ұлғайту және еңбек өнім­ділігін арттыру бойынша нақты мін­деттер қойды. Президенттің әлеуметтік бастама­лары жаппай кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір деңгейін көтеру үшін мол мүмкіндіктер ашады.
Менің атам мен әжем жас кезінде тың көтеруге келді. Ата-анам болса, қалада өсіп, қазір сонда тұруда. Ал мен өмірімді ауылға арнауға шештім. Сөйтіп, Павлодар облысының «Новочерноярка» ауылына көштім. Бүгінде төрт аяққа тең тұрдым және ауылдық болу беделді әрі құрметті деп санаймын. Ендеше, жастардың «алтын бесік» ауылға оралуларына болады.
Менің бірінші жобам – «Қазақстанда жасалған» тауарлар мен қызметтерді сату орталығы отандық өндірушілер мен шаруаларды біріктіреді және олардың өнімін өткізуге көмектеседі. Біздің көке­ністерді, жармаларды, ет пен сүтті бүкіл еліміз бойынша, сондай-ақ Ресей, Қытай және Әзірбайжанда тұтынады. Ал жаңа жоба «Ауыл –мемлекет тірегі. Қазақстанның болашақ аграршылары» деп аталады. Оның мәні – ауылды гүлденту, жастарды агроном, ветеринар, фермер болуға қайта бағдарлау. Біз ауылдық мектебімізде «Фермерлік шаруашылық негіздері», «Көкеніс шаруа­шылығы», «Мал шаруашылығы» бойынша сабақтар өткіземіз. Қазір тұрғын­дардың, оқушылардың тәжірибеден өтуіне қажетті базаны – ферманы тұрғызып жатырмыз.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жақсырақ жұмыс жасауы үшін әрбір жас адам дипломымен бірге, өз ісін бастауы үшін шағын несиеге қол жеткізуі қажет. Бұл ауылға жаңа қуат құяды. Президенттік бес бастаманың бірі де осыны қарастырады. Ауыл қазақстандық рухтың, отаншылдық­тың, рухани күш-қуаттың қайнары болып қала бермек» деген Дмитрий қала­лық жастарды озық фермерлік шаруа­шы­лықтарды келіп көруге, ауылға көшуге шақырды.

 

Айхан Шәріп

Бөлісу:

Пікір жазу


*