БАУЫРМАЛДЫҚ БАСТАУЫ

1210
0
Бөлісу:

«Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді қазақ. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы  жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана мүмкін болды. Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев  көтерген болатын.
«Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Тұрақтылық болмаған жерде даму да бол­майтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мере­келердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс іс­теу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойлас­тырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», – деген еді Елбасы.
Бауырмал халықпыз. Сондықтан алыппыз! Тағ­дырдың тезінен, аман-сау қалыппыз! Осынау сайын сахарада қазақтың жеке дара күн кешуі, өмір сүруі мүмкін емес-ті. Келген мейманға төрінен орын беріп, төбесіне көтеретін әлемде біздің қазақтай ел бар ма екен?! Ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен уақыттың өзінде талай ұлт пен ұлыс өкілін бауырына басып, паналатты. Шиеттей бала-шағасымен бір үзім нанды бөліп жеді…
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бейбіт өмір мен тату ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін өзінше бір мейрамға айналып кетті. Бұл – Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі іспеттес. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің елдің ең маңызды байлығы. Осы жетістікті бағалау және берік сақтау жолында аянбау – әр Қазақстан азаматының абыройлы міндеті болса керек.
Қазақстанда бұл мереке 1996 жылдан жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде бекітілді. Кеңес Одағы тұсында еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 мамыр Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында мүлдем жаңаша мән-маңызға ие болды. Қазақстан бейбітшілік пен келісім өнегесін әлемге үлгі ретінде көрсетті.
Еліміздегі татулық пен бірліктің ең алдымен қазаққа керек екендігін Қазақстан халқы ассамблеясы жиындарында Мемлекет басшысы ылғи назар аудартумен келеді. «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұ­рақ­тылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», – деген болатын.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында бұрын ешбір елде кездеспеген, саяси маңызы ерекше құрылым – Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Қазір ТМД елдерінің басым бөлігі Қазақстанның осы үлгісін қабыл алды. Ресейден бастап, көршілес Қырғызстанға дейін халық ассамблеясын құрып алды. Осының өзі Қазақ елінің бейбітшіл болмысын әлемге айғақтап тұр.
Бізде бірлік туралы мақал-мәтел жеткілікті. Атам-қазақ болашақ ұрпағына осы қасиетті ұғымды аманаттап, аталы сөзге түйіп кетіпті. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді». «Тозған қазды топтанған қарға алады», «Теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан», «Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар», «Көнектен шошынған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас», «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді», «Ынтымақ — бұзылмайтын қорған, Қосылып еккен ағаш — орман» деп бір түйіндесе, енді бірде «Біреуің бас, біреуің аяқ бол, Біреуің құйрық, біреуің қанат бол», «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол», «Саусақ бірік­-
­пей — ине ілікпейді», «Қосылғанның — қолы ұзын, Қос керуеннің — жолы ұзын», «Байлық байлық емес,
бірлік — байлық», «Ынтымақсыз елді — ұрысы билейді, ынтымақты елді — дұрысы билейді», «Бір кісінікі — мақұл. Екі кісінікі — ақыл», «Бірліксіз істе береке жоқ», «Бірлігі күшті ел азбайды, пішуі кең көйлек тозбайды», «Тату елдің тамағы таусылмайды», «Ұрыстың арты — реніш, Татулықтың арты — кеніш», «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», «Саусақ ашылса – қылдырық, жұмылса — жұдырық», «Ынтымақ жүрген жерде — ырыс жүреді» деп текшелеп кетіпті.
Айта берсек, толып жатыр. Ал осы қазақ мақал-мәтелдерін бүгінгі жас ұрпақ біле ме? Білсе, қаншалықты? Жыл сайын әр өңірде, осы мереке қарсаңында қазақ мақал-мәтелдерін білу жөнінде конкурстар өткізілсе, жеңімпаздарды 1 мамырда арнайы марапаттаса қайтер еді?!. Басқа ұлт пен ұлыс қазақты танып, қазақ мәдениетінде өмір сүрсе ғана береке-бірліктің шырайы кіреді!
Елбасының «тереңінен ойластырса» деп отырғаны осыған сай келетін тәрізді.

 

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*