Ел бірлігі – Елдігіміздің бойтұмары

1124
0
Бөлісу:

   Тәуелсіздіктің басты тірегі – бірлік. Бірлік пен ынтымақтың қорғаны, татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысы болудың тарихи жүгі елімізде Қазақстан халқы ассамблеясына жүктелген. Сенбі, 28 сәуір күні Астана төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы – ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. Жиынға «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбы арқау болды. 

Сессияны ашқан Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды және еліміздің қонақтарын келе жатқан жалпыұлттық мереке – «Қазақстан халқының бірлігі күнімен» құттықтап, зор денсау­лық, бақ-береке және бейбіт өмір тіледі.
Елбасы өз сөзінде дәл осы сессияға «ҚХА-ның ізгі ниет елшілерінің, достық елшілерінің» қатысуының символдық мәні барын жеткізді. Айтқандай, жиын қарсаңында ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдасты­рылып, онда Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова ресейлік көрнекті саяси және қоғам қайраткері Руслан Аушевқа және Германияның мемлекет және қоғам қайраткері Генрих Цертикке Ассамблеяның «Достық елшісінің» патентін тапсырған болатын.
Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты кепілі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктелді, – деген Елбасы оның әр сессиясы Қа­зақстан дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналатынына назар аудартты.
Осы ізгі дәстүрдің жалғасы ретінде бұл жолғы жиынның күн тәртібіне биылғы наурыз айында әлеуметтік жаңғыру мақсатында жария етілген «Президенттің бес бастамасы» шығарылды.
– Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның та­бысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мем­лекетіне, қоғамына, қала берді, бір-біріне сені­мін арттырады. Бізде халықтың күнделікті өмі­ріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдар­лама ешқашан болған емес. Осының бәрі – Тәуел­сіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйт­песе, көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «әлеуметтік интеграция факторын пайдалана отырып», тұтастығымызды одан әрі нығайта түсуіміз қажеттігін нықтады. Өйткені жаһандық әлемдегі мықты мемлекеттер, дамыған елдер – біртұтас ұлттар екені айдан анық. Олардың барлығы тұтасқан бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады. Біз де осы жолға түстік. Бұл ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да Қа­зақстан­ды бірауыздылығын бекемдей отырып, дамыған елге айналдыруды мақсат тұтады.
Қазақстан Президенті әлеуметтік бірлік сая­са­ты –­«Біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам» болып саналатынын айтты.
– Біз сыртқы жағдайларға қарамастан, бес жаңа жобаны жүзеге асыруды бастадық. Бұл қаржы­мыздың және ресурстарымыздың көптігіне бай­ланысты болып отырған жоқ. Керісінше, қазақстан­дықтардың тұрмысын жақсартуға тың серпін беруді көздеген шынайы ниетімізге байла­нысты іске асуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жаңа «Бес әлеуметтік бастаманың» қолға алынуының негізгі үш себебін атады.
– Біріншіден, жаңа ғасырдың екінші онжыл­дығының бастапқы 8 жылына жасалған талдау көрсеткендей, жекелеген мемлекеттер тарапынан егемен елдердің ішкі ісіне араласуының салдарынан әлемнің түрлі өңірде болатын дағдарыстардың басқа да себептері бар. Бұл – әлеуметтік бірлік пен интеграцияның болмауы. Жаһандық және өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығай­тылатын мемлекет. Біздің жаңа бастамалар, ең алдымен, осыған арналған, – деді Елбасы.
Екіншіден, қазіргі заманғы экономикалық және саяси теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мәдени капитал – артта қалған сала емес, олар – өсім­нің тұрақты драйверлері деген көзқарас берік орнықты. Білімнің жаңа экономикасы, цифр­лан­дыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, техноло­гиялық инновациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде. Сол себепті қазақстандық жаңа әлеуметтік бастамалар жаңа экономиканың дамуына серпін беруге тиіс.
Үшіншіден, көпэтносты мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байла­нысты.
– Ұсынған бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді. Олар тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды. Сол себепті мен осы мәселені Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында талқылауды ұсын­дым, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның этно-әлеуметтік саясаты Біріккен Ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да беделді халық­аралық ұйымдар мен таяу және алыс шет елдер тарапынан жоғары баға алғаны тегін емес. Осы орайда Н.Назарбаев «қаншама рет жақсы сөз де, сын да айтылған мемлекеттің тіл саясаты мүдделер тоғысының оңтайлы теңгерімін табуға мүмкіндік бергенін» атап өтті.
Халықтың байырғы ұстанымына сай келетін бұл саясаттың елімізде ешкімнің де мүддесін шек­темейтініне назар аударта отырып, ол «тіл мәселесіне қатысты Қазақстанда қол жеткізілген жалпыұлттық келісім – біздің алтындай қымбат шешіміміз» болып табылатынына сенім білдірді. Бұл қоғамды, ғылым мен білім беру ісін дамытудың жаһандық үрдіс-трендіне сай келеді.
Елбасы еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін де жеке атады.
– Біріншіден, біздің саясатымыздың жалпы­азамат­тық, жалпыұлттық мәні бар. Біз әрдайым негіз қалаушы конституциялық нормаға – барлық азаматтардың теңдігіне сүйеніп келдік. Алдағы уақытта да солай болады. Екіншіден, біз жаһандық трендтерді мұқият зерттеп отырамыз. Еуропа мен Америкадағы көптеген елдер мультимәдени сая­сатты демократиялық мақсатпен формальді түрде жүргізе отырып, проблемаларға тап болғанын көріп отырмыз. Қоғамның ішкі интеграциясы баяу жүретіні немесе мүлде тұралап қалғаны анықталды. Мынадай сұрақ туындайды: алдағы уақытта әлемде не болады? Келешекте мульти-этникалық трендтер қайда жетелейді? Саяси тәжірибесі мол дамыған елдер өз проблемаларының шешімін таба аларына сенімдімін, – деді Президент.
Үшіншіден, оның байламынша, біз де төл прагматикалық қорытындымызды жасауға тиіспіз.
– Жаһандық этникалық жағдай ішкі саясаттағы стратегиямыздың дұрыстығын көрсет­кеніне сенім­дімін. Біз еліміздің азаматтарын қан­дай да бір нышаны бойынша ешқашан бөле-жарған емеспіз. Осы жылдарда бүкіл қоғамды ұйыстыратын біртұтас саясат жүргізу менің мыз­ғымас ұстанымым болды. Бұл барлық азаматтар мен этностарға жаппай қатысты. Бүгінде Қазақстан қоғамының бірлігін одан әрі нығайтатын кез келді. Осы мәселе бойынша негізгі ресурс – әлеуметтік сала. Бұл – біздің барлығымызға қатысты өмірлік мәні бар сала! – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев шыр айналған дүниедегі шекені солқылдатар күрделі мәселелерге шолу жасап өтті. ХХІ ғасыр әлеуметтік, экологиялық, техногендік сияқты жаһандық қауіп-қатерлердің өзінен-өзі ешқайда да жоғалып кетпейтінін көрсетіп отыр. Әлемдік дағдарыс мемлекеттердің әлеуметтік мүмкіндіктерін азайтты.
Осы орайда Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары таяу 10 жылда күшейе түсетін үш трендті ескертеді. Бұлар – әл-ауқаттың теңсіздігі, әлеуметтік жіктелу және экологиялық қауіп-қатердің артуы.
– Әркім өз болашағына өзі жауап беретін өзгеше кезең келе жатыр. Сарапшылардың көпші­лігі «Жалпыға ортақ әл-ауқаттың» аяқталғаны жөнінде айтуда. Жаһандық өсімнің төмен деңгейі көптеген проблемаларды туындатады. Тіпті дамыған елдердің өзінде орта таптың дағдарысы байқалуда. Әлеуметтік поляризация ауқымы орасан деңгейге өсті: адамдардың бір пайызы ғана әлемдік байлықтың 50 пайызын иеленіп отыр, – деді Елбасы.
БҰҰ мәліметіне сәйкес, жер шарындағы халық­тың 14 пайызы ашаршылық жағдайда отырған көрінеді. Әлемде күн сайын 24 мың адам аштықтан көз жұмады. Жұмыссыздар саны 190 миллион адамнан асты. Бұл Ұлыбритания, Франция, Италия сияқты ірі елдердің халқын қоса алғандағы тұрғындар санына пара-пар. Әлемдегі жұмыссыздық деңгейі, әсіресе, жастар арасында жоғары – 13 пайыз.
– Экономикалық санкциялар, протек­ционизм, терроризм, экстремизм, же­келеген мемлекеттердегі тұрақсыздық, егемен елдерге бағытталған қарулы шабуыл­дар халықаралық құқықты бұзып, жер бетіндегі барша жұрттың ертеңгі күнге деген сенімсіздігін қалыптас­тырып отыр. Сондай-ақ бұл жағдай кедейшілік пен жұмыссыздық проблемасын ушықтырады. Соның нәтижесінде, онсыз да әлсіз елдердің экономикалық тұрғыдан дамуы төмендейді. Елдер арасындағы теңсіздік одан әрі терең­дей түседі. Әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі экстре­мизмді тудырып, радикалды револю­циялар қаупінің артуына әкеледі, – деп ашығын айтты Елбасы.
Өз сөзін әрі сабақтаған Мемлекет басшы­сы елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың негізгі қағидат­тарын атап өтті.
Бірінші қағидат – «Қазақстанның ұлттық байлығы – қоғам игілігі» болып табылатынына байланысты. Тәуелсіздік жылдары бойында еліміздің ұлттық байлығы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп келеді. Бұл экономи­каның өсімі, еліміздің резервтері арқылы жүргізілуде. Соның арқасында инфра­құрылымды дамытып, әлеуметтік саланы өркендетіп отырмыз. Егемен ел болғалы Қазақстанда 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол желісі пайдалануға берілді.
Соның бәрі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғынының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде.
Осы жылдар ішінде заманауи меди­циналық құралдармен жабдықталған 1300-ден астам аурухана, емханалар мен амбулаториялар салынды. Соның нәти­жесінде, өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім азайды және ана мен балаға қолдау көрсетілді.
1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша – жас ұрпақтың болашағы үшін салынды. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңы мен залдар ашылды. Бұл дегеніміз – денсаулық кепілі. Музейлер саны – 2,7 есе, театрлар саны – 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есе өсті.
– Осы айтылған әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары бүкіл халқымыз үшін салынып, жұмыс істеп жатыр. Әр қазақстандық еліміздің өркендеуіне үлес қосуда. Өйткені біз еңбек етіп жалақы аламыз, содан кейін оны еліміздің дамуына жұмсаймыз. Сол арқылы ортақ игіліктерді қалыптастырып, Қазақстан әлеуетінің артуына атсалысамыз, – деді Н.Назарбаев.
Екінші қағидат «әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыруды» қарастырады.
– Біз әлеуметтік капиталды еселей отырып, келешегімізді нығайта түсерімізге сенімдімін. Бұл – прагматикалық ақиқат. Се­бе­бі, әлеуметтік капитал – адам мен қоғам­ның дамуына жетелейтін әлеует. Біз жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көле­мін арттыру үшін үлкен жолдан өттік. Ол 600 доллардан 10 мың долларға дейін көтерілді. Бұл – әлеуметтік капиталға салы­натын инвестиция көлемін арттыруға мүм­кін­дік беретін база, – деген Прези­­­дент өз сөзін бір мысалмен дәйектей кетті.
Биылғы қаңтар айында Дүниежүзілік экономикалық форумда мемлекеттерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілген екен.
Ол – ЖІӨ өсуіне және басқа да 11 параметрге байланысты болатын «инклюзивті
даму индексі». Бұл индекстің басты көрсеткіші – әл-ауқат деңгейі. Енді қараңыз, осы рейтингте қазақ елі дамушы 74 елдің арасында 15-орынға көтерілген. Елбасы мұны «лайықты нәтиже» деп бағалады.
– Қазақстандықтар еліміздің жетістіктері мен жеке әл-ауқаты арасында тікелей байланыс бар екенін айқын көріп отыр деп сенемін. ХХІ ғасырдың басымен салыстыр­ғанда бүгінгі жағдайымыз – жер мен көктей. Бұл өзгерістер әрқайсымыздың өмірімізде байқалады деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта да қазақстандық әр отбасының әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік капиталды барынша көбейтетін боламыз. Мен үшін адамның өз ісіне және бүкіл елімізге деген жауаптылықты сезінуі, өзін шаруақор адам ретінде көрсетуі маңызды! – деген Мемлекет басшысы «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы дәл сол кезде жаңа мәнге ие боларын болжады.
Нұрсұлтан Назарбаев осы қағидаттардың жүзеге асуы халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтарына сенім білдірді.
Елбасы «Әлеуметтік бірлікті толық нығайту үшін қандай шаралар қабылдау қажет?» деген салмақты сауалға берген президенттік байыпты жауабы – «Бес әлеуметтік бастама» екенін айтты.
«Бес бастама» қазіргі Қазақстанның ең маңызды бес әлеуметтік проблемасын шешуге бағытталған. Мемлекет басшысы игілігі анық, қажеттілігіне ел қанық бұл бағдарлама мазмұ­нының басты тұстарын еске салып өтті.
– Бірінші бастама баспанасы жоқ адамдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, тұрғын үй ипотекасының қолжетімді болу мәселесін шешеді. Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспа­наның алатын орнын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым. Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипоте­каға қол жеткізе алуы – айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтары­мыз. Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді, – деді Президент.
Екінші бастаманың мәні жалақысы төмен еңбеккерлер үшін салық жүктемесін азайтумен байланысты. Мемлекет жеке табыс салығын төмендете отырып, сол көлемде 2 миллионнан астам адамның жалақысын өсірмек. Прогрес­сивті салық салу ісіне нақты қадам жасалды. Яғни, неғұрлым көп табыс табатындарға тиісінше, соғұрлым жоғары салық салынбақ. Президент оған қатысты түрлі пікірдің бар екенін білетінін хабарлады.
– Алайда табыс салығын жалақысы төмен тұрғында­рдың пайдасы үшін қайта қарастыру­дың қажетті әрі игі іс екеніне сенімдімін. Үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасына қатысты. Біз гранттар санын, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша үштен бір еседей арттырдық. Бұл жерде тапшылық бар. Жұрттың бәрі заңгер, экономист болуды қалайды. Ондай мамандар бізде жеткілікті. Білім беру ісі жыл сайын сапалы түрде дамып келеді. Демек, талапкер­лердің отандық жоғары оқу орындарын таңдағаны жөн. Бұл бастама – студенттік жатақханалар проблемасын шешу жөніндегі менің нақты тапсырмам. Олар жай қонып шығатын орынға ғана емес, жайлы тұрып, білім алуға арналған толық базаға айналуы тиіс. Біздің «100 жаңа оқулық» жобасын іске асырып, гуманитарлық білімді түбегейлі жаңартып жатқанымыздың мәні зор. Бұл шаралардың бәрі жоғары білімнің деңгейін арттырарына сенімдімін, – деді Н.Назарбаев.
Төртінші бастама шағын несие беру аясын кеңейтуді көздейді. Мұндағы
мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкер­лікті дамыту. Мемлекет басшысы жеңіл­детіл­ген шағын несие алатындардың санын екі есе арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Ол дәл осы бағдарламаның ауылдық жерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Адамның өз кәсібі болған кезде, ол сенімді жүреді. «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы азаматтарымызды бизнестің қыр-сырына үйретіп, маңызды жұмыс атқаруда. Көптеген адам кәсіпкер­лікті меңгеріп шықты. Енді оларға бастапқы капитал қажет. Елбасы шағын несиені бірінші кезекте соларға беруді жүктеді.
– Барлық өңірдегі Ассамблея мүше­лерінің арасында көптеген табысты стартаптар мен бизнес жобалар бар екенін білемін. Мыңдаған қазақстандықтар, әсіресе ауылдық жерлерде, соларға қарап, өздерінің жеке кәсібін аша алады. Бүгінде мемлекет бұған мүмкіндік беріп отыр, – деді Елбасы.
Бесінші бастама елімізді одан әрі газбен қамтуға бағдарланады. Тәуелсіздік жылда­рында Қазақстан қуатты мұнай-газ өндіруші елге айналды. Бірақ кен орындарымыз еліміздің орталығы мен солтүстігінен шалғайда орналасқан. Соңғы уақытқа дейін бізде құбыр желісі құрылысына қаржы жетіспеді. Енді ел ішін газбен қамту аясын кеңейтетін кез келді.
Ел Үкіметі Орталық және Солтүстік Қа­зақстанға жаңа газ құбырын тартпақ. Жоба биылғы жылдың шілде айында басталады және «Сарыарқа» деген атау алды. Оның арқасында миллиондаған қазақстандықтар­дың үйлеріне көгілдір отын жеткізіледі. Бұл ішкі тұтыну­шылардың санын арттырады, сондай-ақ тұрмыс деңгейін көтеруге және шағын бизнесті кеңейтіп, экологияны жақсартуға жол ашады. Газбен қамту ісін одан әрі жалғастыру маңызды болып отыр.
– Сонымен Президенттік бес бастама дегеніміз – ауқымды бес әлеуметтік жоба. Ең бастысы сол, олардың барлығы әрбір қа­зақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға ба­ғытталған әрі бүкіл қоғамға арналған.
Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жергілікті жер­лерде Ассамблея мүшелері бұған белсене қатысып, олардың орындалуын «Нұр Отан» пар­тиясымен бірлесе бақылауға алуы ке­­рек, – деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол «мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейтінін» жеткізді. Бес бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда.
– Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдары­мызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция. Мұндай әлеуметтік саясат жалғаса береді. Бүгінде, қазақстандықтар Үкіметтің не істеп жатқанын, тапсырылған міндеттерді қалай орындайтынын – барлық іс-қимылын мұқият бақылап отыр. Мұны мен білемін. Сондықтан да Ассамблея сессиясының жұмысына Үкімет басшысы, Ұлттық банк төрағасы қатыстырылды, – деді Елбасы.
Айта кету керек, сессия барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мінберге көтеріліп, Қазақстан халқы ассамблеясы делегаттарына бес бастаманың қалай жүзеге асырылатыны жайында түсініктеме берді.
Жиында Президент еліміз алға жылжуы үшін бірқатар міндетті шешу қажеттігін мәлімдей келе, ассамблея алдына нақты міндеттер қойды.
– Біріншіден, ассамблея жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиіс. Ассамблеяның елеулі әлеуеті бар.
Бұл – мыңнан астам этномәдени бірлестік, бес мыңға жуық қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестері. Осы әлеуетті барынша белсенді ету үшін менің тапсырмаммен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Парламент заңды қабыл­дағаннан кейін мен оған осы сессия қар­саңында қол қойдым. Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек. Атап айтқанда, этномәдени бірлестік­тер мен Достық үйлері мәдениет, тіл, дәстүр сала­сында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет, – деді Н.Назарбаев.
Осы тұста Үкіметке қазақстандық этнос­тар­дың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жинақтау жөнінде тапсырма берілді. Бұдан бөлек әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясын кеңейту жүктелді.
Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистр­­лігіне «Нұр Отан» және Ассамблеямен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгері­лету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеу тапсырылды.
Екіншіден, жаңғырудың басымдық­тарын, әлеуметтік саясатты, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын ескере отырып, Қа­зақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен тұжырымдамасы сапалы түрде жетілдірілетін болды.
Үшіншіден, ҚХА мемлекеттік орган­дармен бірлесіп, қайырымдылық жұмыс­тарын жалғастыра беруі керек. Мәселен, тек өткен жылы аз қамтылған 60 мың отбасы мен 8 мың әлеуметтік ұйым көмек алды.
Төртіншіден, ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жаңа жастар қозғалысы жас­тарды жаңғыру аясында біріктіруі қажет. Күш-жігер жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағытталуға тиіс.
Бесіншіден, Елбасы Астана, Алматы және облыс әкімдерін, сондай-ақ Ассамблея­ның аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін «жергілікті бюджетті тиімді пай­далануға жұмылдырды». Осы кеңестер агро­өнер­кәсіп секторында ақылды технология­ларды ілгерілетуге көмек­тесуге де жауапты болады. Бұл жергі­лікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, Прези­дент Жолдауы мен әлеуметтік бастамала­рын іске асыруға қосылатын үлес болмақ.
– Алтыншыдан, биыл біз елорданың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Қала әкімдігі Мәдениет және спорт министр­лігімен бір­лесіп, «эталонды стандарт» ретін­де қабыл­данатын елордалық ассамблеяның бағдар­ламасын әзірлеуі қажет. Астанада Достық үйін ашу мәселесін шешетін кез келді деп санаймын. Ол үшін «Бейбітшілік және келісім сарайы» қолайлы болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Жетіншіден, Елбасының тапсырмасы бойынша 1 наурыз – «Алғыс айту күні» Ассамблеяның жаңа мультимедиялық порталы ашылды. Ол енді жалпыұлттық бірігудің маңызды ресурсына айналуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ассам­блеяның ақпарат кеңістігінде насихатталуын қамтамасыз етіп, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайындауға міндеттелді.
Сегізіншіден, қоғамның бірлігі бұдан былай тұрақты ғылыми түрде зерделенетін болады. Ассамблеяның ғылыми-сарап­тамалық қоғам­дастығы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған этносаралық қатынастар және демография ісі жөніндегі орталықтар нақты осы бағытта жұмыс істеуде. Бұған жетекші ЖОО-лардағы 40-тан астам Ассамблея кафедралары мен ҚХА орта­лықтары да атсалысады. Тек өткен жылдың өзінде Ассамблея құрылымдары ондаған кітап пен жүздеген мақала дайындады. Бірақ енді бұл жұмысты жүйелі түрде үйлестіру керектігі қадап айтылды.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, осы айтылған барлық міндеттердің орын­далуы Ассамблея жұмысын жаңа деңгейге көтереді.
– Құрметті достар! Бірлік пен қарқын­ды дамудың арқасында біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Жаңа тарихи кезеңде бізді бір­тұтас ұлтқа ұйыстыратын, көздеген мақсат­тарымызға жеткізетін қажетті алғышарт­тардың бар екеніне сенімдімін. Халықтың бірлігі – жаңарған Қазақстанды өркендету­дің басты шарты. Солай болған және бола бермек! – деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы ел тұрғындарын тағы да алдағы бірлік мерекесімен құттық­тап, жүрекжарды тілек, жылы лебіз білдірді.
Қазақстан халқының құрылтайына әртүрлі этнос өкілдерінен құралған мың жарымнан астам адам қатысты. Олардың арасында елдің барлық өңірінен келген Ассамблеяның мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шет мемлекеттерінің елшілері, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның өкілдері бар.
Сессия барысында Ассамблея кеңесінің ұсынысы бойынша және жыл сайынғы ротация негізінде ҚХА мүшесі, Lituanica қоғамдық бірлестігінің төрағасы
В.Тварионас пен ҚХА мүшесі, меценат И.Салжанов Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
XXVI сессияның қорытындысында Қа­зақстан халқы ассамблеясының үндеуі қабыл­данды. Онда делегаттар ел халқын әлеуметтік мемлекеттің және ұлттық әл-ауқатты арттыру­дың жаңа моделін бірге құруға шақырды.
Сессия соңы мерекелік концертке ұласты. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерей­тойына орай сессия қатысушылары мен қонақтары назарына Елбасы – Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Астана – Ұлы даланың інжу-маржаны» фотокөрмесі ұсынылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*