Бағыты бөлек басқосу

1332
0
Бөлісу:

Жылда дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті XXVI сессиясы 28 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында өтетін сессияда Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы талқыланады. Өткен жылы «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» деп аталған жиында Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер назарға алынса, биылғы басқосуға әлеуметтік салаға серпін беруді көздеген жаңа бастама арқау болып отыр. Біз мемлекеттік маңызы зор шараның алдында сессия қатысушыларынан алдағы сессиядан қандай тың талқылаулар күтетінін сұраған едік.

Қазбек Мансұров,
Алматы қалалық ҚХА төрағасының орынбасары:
– Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның биылғы сессиясы ел Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев жа­рия­лаған «Бес әлеуметтік бас­тама» бағдарламасының негізгі бағыт­тарын талқылауға арналады. Қазір әлемде экономикалық дағдарыстар мен саяси тұрақсыздық жиі кезде­сетін құбылыс екенін біле­міз. Осы тұста жаһандық сын-қа­тер­лерге қарсы тұру үшін бізге бүкіл ел болып жұмылып, бірлігімізді нығайту керек. Сонда ғана барлық қиындықты жеңуге, гүлденген, мерейі үстем мемлекет атануға болады. Бес әлеуметтік бастама негізінен елдің болашағы – жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың әлеуетін арттыру мақсатында дайындалған. Бізге қазір әр саланың үздіктері мен кәсіби білікті мамандар керек. Өйткені елді келесі басқаратын ұрпақ бүгінгі жастардың қатарынан қалыптасады. Олардың әрқайсысы өз саласын жетік біліп, оның өрлеуіне еңбек етсе, еліміздің бағындырар белесі мен алар асуы аз болмасы белгілі.
Максим СПОТКАЙ,
«Жаңғыру жолы» ҚХА жастар қозғалысының төрағасы:
– Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның XXVI сессиясында күн тәр­тібіне қойылатын негізгі мәсе­ле Мемлекет басшысы жария­лаған «Бес әлеуметтік бас­тама» бағдарламасы болады. Биылғы бас­қосудың өзге сессиялардан айырмашылығы – мұнда жылда­ғы­дай идеологиялық тақырыптар емес, елдің дамуына негізгі бағдар болатын бес бастама аясындағы нақты қадамдар ортаға салынады. Республиканың барлық өңірінен ҚХА өкілдерін жинайтын шарада Президент тиісті органдар мен жас­тарға бағдарламаны жүзе­ге асыру бойынша арнайы тапсыр­ма­лар береді деп күтіліп отыр. Бес әлеуметтік бастаманың барлық бөлімдерінің орындалуына Қазақ­стан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің қан­дай үлес қоса алатыны талда­нады. Осыдан бір ай бұрын, ҚХА жанынан «Жаңғыру жолы» жас­тар қозғалысы құрылды. Бұрын­нан бұл бағытта жұмыс іс­теп келген «Жарасым» ұйымы жаңа қозғалыстың қатарын толық­т­ырды. Енді республика жастарының жаңа алаңы әртүрлі аймақтағы 150-ге жуық ұйымның басын біріктіреді. Барлық өңірде штаб құрылып, жауапты тұлғалар бекітілді. «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының негізгі мақсатты аудиториясы – жастар. Сондықтан сессия барысында талқыланатын мәселенің барлығы тікелей: жастар­мен жұмысты, олардың дамуына жағдай жасауды, сапалы білімге қолжетімділігін арттыру және олардың бірлігін қамтамасыз етуді қамтитын болады.

Кәусар АХМЕТ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*