Ойсыз маманның обалы бар ма?

907
0
Бөлісу:

Ағылшын тілінен жалған IELTS сертификатын алған 117 студенттің оқудан шығарылғаны туралы мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Астана медицина университетінің бір емес, бірнеше емес, жүзден астам студентінің жалған сертификат алғаны үшін оқудан шыққаны көпшілікті алаңдатып тұрғаны да рас. Бұған орай Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы мәлімдеме жасаған еді. «Өткен жылы білім сапасын бақылау жөніндегі комитет осы университетті тексерді. Заңбұзушылық анықталғаннан кейін комиссия студенттерді оқудан босату туралы ұсыныс берді. Менің білуімше, студенттердің бір бөлігі өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген. Бұл – олардың құқығы. Дегенмен комиссияның ұйғарымы орындалуы тиіс. Біздің регламент бойынша, ең алдымен студенттерді оқудан босату керек. Университет балаларды оқудан шығарды. Бұл – дұрыс шешім» деген еді министр.

Жалған сертификат алған студенттердің тағдыры не болмақ? Министрдің бұл жөнінде: «Әрі қарай қандай құқықтық қадам жасайтынымызды шешуіміз керек. Бұл студенттерге де, университетке де қатысты» дегені де есімізде. Студенттер болса, өздерін алдап соққан алаяқ екенін айтып, зар қағуда. Полиция бұл мәселе бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Мұндай былықтан шошынған министрлік еліміздегі барлық жоғары оқу орындарын тексеруді қолға алмақ. Білім сапасын бақылау жөніндегі комитет анықтамаса, медицина университетінің 117 студенті жоғары білімді дәрігер болып шығар еді. Айтқандай, 117 студент оқудан шыққаны былай тұрсын, мемлекеттік гранты үшін төленген қаржыны кері қайтаруы тиіс. Оларға университет табалдырығын қайта аттау бұйырмайтын сияқты. Әрине, 117 студенттің жағдайын түсінгің-ақ келеді. Бірақ жалған дүниеге алдану, оңай олжаға құмарту университет қабырғасынан басталса, ертең олардан қандай білікті маман шықпақ? Елді алаңдатанын да – осы. Басқа мамандық емес, болашақ медицина қызметкерлерінің мұндай іске ұрынуы – қаншалықты орынды?
Дау-дамайға қалған университет Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Қазір екі бірдей министрлік осы мәселенің түйткілін шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Тіпті «университетті жауып тастау қажет» деген пікірлер де айтылуда. «Біз алаяқтардың құрбаны болдық» дейді жәбірленуші топ. Жарайды, олар алаяқтардың құрбаны болған екен. Бірақ сертификатты сатып алуға оларды кім мәжбүрледі? Яғни, студенттің өзі соған ерікті түрде барып отыр. «Дайын асқа тік қасық» болғысы келді. Амал не, бақылау комитетінің құрығына түсті.
«Айран ішкен құтылады, шелегін жалған тұтылады» деген – осы. Жалған сертификат сатқан алаяқтың ештеңесі кеткен жоқ. Қалтасын «оңай олжаға» толтырды да, тайып тұрды. Тұтылған кім? Тағы да – студент. Іс қозғалып, тергеу басталды. 117 студент «тұтылды», тұтылмағандар қаншама?
Мұрат ӘБЕНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес іс-қимыл агенттігінің сараптама тобының мүшесі:

Жасанды сертификат – үлкен қылмыс

– Жасанды сертификаттарға сүйеніп мемлекеттік грантты бөліп беру – үлкен қылмыс. Мұнда тек салық төлеушілердің қалтасы қағылып, құқығы тапталып тұрған жоқ, жаңағы жасанды құжат иегерлерімен қатар оқуға тапсырған білімді де алғыр білімгердің грант алу мүмкіндігі шектелуде. Астанадағы медицина университеті докторанттарының IELTS сертификатымен болған уақиға шындықтың бір ұшы ғана. Мұндай жемқорлық «жүйесі» бұрыннан бар. Еліміздегі магистратура мен докторантураға тапсыратын студенттердің 90 пайызы тиісті деңгейде ағылшын тілінің тестілеуінен өте алмайды десем, еш қателеспеймін. Бұл оқиғаның көпшілікке белгілі болған себебі, IELTS пен TOEFL тестін сатып алу мүмкін емес. Бұларды тек қолдан жасай аласың, бірақ заңдастыруға да жол жоқ. Ал мұндай тестілеу түрлерін университеттің иелігіне берсең, жемқорлықтың көкесін көрсетеді олар. Осындан екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігіне университетте тапсыратын тесттерден бас тартып, халықаралық деңгейдегі емтихандарға толыққанды өту турасында ұсыныс білдіргем. Я болмаса, еліміздегі ЖОО-дары IELTS пен TOEFL халықаралық стандарты бойынша емтихан қабылдаудың нормативтік ережелерін бекітуі қажет. Сонда бұл саланың ашықтығы қамтамасыз етілмек. Осы тұста, магистратура мен Phd-ға бөлінетін мемлекеттік гранттарды ресімдеу ісін қоғамдық бақылауға алуымыз қажет. БҒМ-мен бірігіп, жемқорлық тәуекелдерінің мониторингін жасап, олардың алдын алудың жұмыс жоспарын жасақтау – аса маңызды. Бұл – бір. Екіншіден, жасанды құжат қабылдауға жол берген білім ордаларының жетекшілерін заң тұрғысынан тексергеніміз абзал. ЖОО басшыларын өзі ісіне мұқият қарамағаны үшін де қатаң жазалауымыз қажет, әйтпесе мұндай заңбұзушылыққа тоқтау қою қиындай түспек.
Асхат ЕРКІМБАЙ,
ProfiAsia оқу-тренингтің орталығының жетекшісі:

Білім жүйесінде қатаң бақылау жоқ

– Еліміздегі Жоғары оқу орындарының магистратура және докторантурасына түсу үшін студенттер ағылшын тілінен екі түрлі тест тапсырады. Бірі – Білім және ғылым министрлігі бекіткен шет тілін тапсыру бойынша тест, ал екіншісі – халықаралық деңгейде бекітілген IELTS емтиханы. IELTS – ағылшын тілі бойынша тыңғылықты дайындалуды, жан-жақты білім жинауды қажет ететін емтихан. Тест барысында студенттің тыңдау, жазу, сөйлеу және оқу дағдылары мұқият тексеріліп, бағасы беріледі. Елімізде бұл тестті өткізетін екі мекеме бар: Ұлыбритания консулдығы мен Interpress оқу орталығы, ал тестке даярлайтын тренингтік орталықтар жетерлік. Соған қарамастан, студенттер көбіне көп бұл тестің ЖОО-ға жарамды нәтижесін сатып алуға ниетті. Неге?
Менің ойымша, отандық жоғары білім беретін мекемелердің қабырғасында оқи жүріп, студенттер берілген тапсырманы көшіріп алудан, семестр бойы оқыған білімін тексеруге мүмкіндік беретін реферат, студенттің өзіндік жұмысын және тағы басқа зерттеулерін сатып алудан, сондай-ақ емтихан барысында да шпоргалка қолданудан аса қорықпайды. Өйткені біздің білім жүйемізде мұндай қареқеттерді қатаң жазалайтын тәртіп жоқ. Егер студент мектеп немесе университет емтиханын көшіріп жазса, студенттер жазғы семестрдің құнын төлеп, қайта оқиды, кейбірі шәкіртақыдан ажырап қалады. Бірақ оқудан шығарылмайды. Қазақстандағы оқу орындарындағы білімді бағалаудағы осалдықты аңғарған студенттер жалған құжат әзірлеу тәрізді қылмысқа пара-пар тәуекелге барады. Бұл – бір.
Екіншіден, магистратура, я болмаса докторантураға құжат қабылдайтын комиссия мүшелігінде отыратындар мұндай сертификаттың жасанды екенін өздері тексере алмайды және тиісті мекемелерге сұраным жіберу арқылы тексеруге құлықты болмауы мүмкін. Сондықтан студенттер жақсы дизайнердің мүмкіндігін пайдалану арқылы IELTS сертификатының түпнұсқасына ұқсатып, жасанды құжат жасайды. Сәйкесінше, сол жасанды сертификатын ЖОО-ның қабылдау комиссиясына тапсырады. Ал бір қарағанда түпнұсқадан аумайтын құжатты ондағы қабылдау мамандары ажырата алмайды. Оның үстіне, бүгінде магистратура мен докторантураға мемлекеттік грант көптеп бөлінуде. ЖОО-лар осы грант санын мейлінше игеріп қалғысы келгендіктен де, IELTS-пен келетін студенттерге басымдық беретіндей көрінеді. Алайда сертификаттың жасанды еместігін тиісті мекемелерге сұраным жіберу арқылы тексеруге болады. IELTS-тың жасанды құжатын жасап алу тек біздің мемлекетте кездесетін жағдай емес. Қытай, Малайзия, Индонезия және тағы басқа мемлекеттердің студенттері де мұндай қадамға барып жатады. Жалпы, білімгерлердің бұл қадамға баруын олардың халықаралық деңгейдегі тестілеуді тапсыруға деген қорқынышымен байланыстыруға болады. Бір жағынан, мұндай тексерістің соңы ЖОО магистратура және докторантурасына қабылдайтын бірыңғай жүйенің жасалуына әкелуі бек мүмкін. Осындай қауіп жоқ емес. Олай болатын болса, ол жүйені кім, қандай критерийлерге сай жүзеге асырады дейтін сауалдың туындайтыны заңды.
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ,
Сүлейман Демирел университетінің ассистент-профессоры, философия докторы (PhD)

Әділдік құндылық болудан қалды ма?

– Бұл – қоғамдағы бірнеше өзекті мәселенің кезекті көрінісі. Кезекті дейтін себебім – біз мұндай заңсыздықты (жең ұшынан жалғасуды, белден басу мен жемқорлықты) күн сайын кез келген ортада көреміз, оған етіміз үйреніп кеткен. Ал «Медицина» университетіндегі оқиға жүзден аса адамның басында болғандықтан, ол қоғамның назарын аударды.
Мұндағы бірінші мәселе – әділдіктің құндылық болудан қалғаны. Әсіресе жас буын кез келген саладағы, соның ішінде білімдегі бәсекенің әділдігіне сенбейді, сондықтан сол әділетсіз жүйенің өзінде қалыптасқан «ойын ережесімен» ойнауға дағдыланған. Бұл ережеде білімнің құны, оны дәлелдеп, жетістікке жетудің құны – бес тиын. Адал жүріп, адал тұрсаң, бейшарасың, көш соңында қалып қоясың, пысықай болсаң жеңесің.
Екінші мәселе – жемқорлық. Өзіміздің жүйедегі анықтама, мінездеме, жолдама, т.с.с. құжаттарды сатып алу былай тұрсын, бізде халықаралық орталықтандырылған емтихан жүйесін де «сатып» алуға болады, «сатылмайтын ештеңе жоқ» деген ұғым орныққан. Бұған тек жастарды, не жекелеген бір оқу орнын кінәлау орынсыз. Олар – осы жемқорлық жайлаған жүйенің өнімдері. Жаз шыға мектептерде ҰБТ-ны «шешіп» беретіндерді іздейтіндер көбейеді. Сұраныс болмаса, ұсыныс болмайды, сондықтан олар бір амалын тауып, жақсы балл жинап алуға тырысады. Оны былай қойып, балабақшадан орын алу, ауруханаға квота алу, жұмысқа тұру, т.с.с. барлығын сатып алуға болады деп санайтындар өте көп.
Үшінші мәселе – білімнің қадірі кеткен. Бірден осынша адамның бір уақытта халықаралық сертификатты сатып алуы – олардың құндылығы білім емес, жай ғана диплом екенін, маман болу емес, қағаз алып шығу екенін аңғартады. Бір ғана Астана медицина университеті емес, басқа білім ордаларында «білікті маман боламын, өз ісімнің шебері боламын» деп емес, «әділетсіз қоғамның бір жеріне барып, «аға, көкемнің» арқасында орналасып аламын, сосын мен де сол әділетсіздік дәстүрін әрі қарай жалғастыра беремін» дейтіндер мың-мыңдап саналады деген сөз. Жастардың арасында білім алып, сыни ойлап, сараптау, саралауға емес, оңай жолмен тез ақша табуға құмартатындар артып келеді.
Бір-бірімен байланысып жатқан бұл әлеуметтік мәселелер қоғамның болашағы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін үлкен қатер. Жастар арасында суицидтің, қылмыстың, психологиялық аурулардың, нашақорлық пен маскүнемдіктің көп болуы, болашаққа деген сенімсіздік, немқұрайдылық осыдан келіп шығады. Әділ бәсекеге сенбейтіндер бәсекелесуге талпынбай, керегін алудың не жеңіл жолын ойлайды, не өздерін тастап жібереді.

Сұлтан БЕРІКҚҰЛ,
PhD докторы (аты-жөні өзгертілді):

Кезінде сертификат сатып алғаныма өкінгем

– 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалаврын аяқтап, сол жылы магистратураға тапсырдым. Өкінішке қарай, ағылшын тілін жетік білмегеннен кейін, бұл жылы оқуға түсе алмадым. Шет тілін жоғары білім ордасының қабырғасында жүріп оқыдық, қосымша сабақтарға барып дайындалдық та, бірақ жиған білімім жеткіліксіз болды. Ең аяныштысы, сол жылы менімен бірге бітірген қатарластарым ағылшын тілінің емтиханын сатып алды да, магистрант атанып кетті. Содан маған ой келді: уақытымның барлығын ағылшын оқуға жұмсап, нәтижесінде оқуға түсе алмай қалғанша, көбірек жұмыс істеп, достарым сияқты сертификатты сатып алуға бекіндім. Бір жыл бойы ешбір жұмысты талғамай, ақша жинадым. Ол кезде доллардың курсы 180 теңге тең болатын. Шамамен екі мың АҚШ долларына жоғары балл алып беретін азаматпен уағдаластым. Ол жігітті бір жыл бұрын оқуға түскен жолдастарым тауып берді. Яғни, олар осы азамат арқылы ағылшынның сертификатын сатып алыпты. Сөйтіп, ЖОО-ның магистратурасына құжаттарымды тапсырып, алдымен ағылшын тілінен тест тапсыруға жолдама алдым. Шілде айы болатын. Жаңағы келіскен жігіттерден «барлығы бақылауымызда» деген хабарлама келді. Тексерушілерге рұқсат қағазымды көрсетіп, маған тиесілі орынға жайғастым. Жарты сағаттай тестілеудің талаптарын түсіндіргеннен кейін, тест кітапшаларын таратып берді. 20 минуттан кейін әлгі тексерушілердің біреуі келіп, бұған дейін келісіп алған «құпия сөзімізді» айтты, мен жауап қаттым. Алдымдағы кітапшамды ауыстырып алып кетті де, екі сағаттан кейін дұрыс белгіленген жауаптарымен әкеліп берді. Жарты сағатта жауап парағын бояп, тапсырып шығып кеттім. Нәтижесінде, жүзден 97 балл алып, магистратураға грантқа түстім. Мен тапсырған жылы, кейбір таныстарымыздың орнына басқа адам кірген сәттер болды. Кей студенттер ұялы телефон арқылы тест нұсқасының нөмірін жіберіп, хабарлама арқылы жауабын алғандар да кездесті. Адамнан айла артылған ба, қолдан келгеннің барлығын істедік. Сөйтіп, арам жолмен магистрант атанып алдық. Бұл әңгімемді несіне баяндап отыр дейсіз ғой? Өйткені магистратураны оқыған екі жыл бойына сол арам ісім алдымнан шығып отырды. Үш пән ағылшын тілінде өтті. Түрлі бағдарламалардың тағылымдамасынан өту үшін де ағылшын тілін жетік білу қажет болды. Әбден қиналып, соңында мұндай айла-тәсілмен оқуға түскенім үшін өкіндім. Магистратура ғылыми бағыттың баспалдағы болғаннан кейін, шет тілін меңгеруің шүбәсіз керек-ақ екен. Білім және ғылым министрлігінің бұл шет тілінің тестілеуін міндетті етіп бекітіп қойғаны да түсінікті дүние. Мұнсыз бәсекеге қабілетті жас ғалым болу арман. Әупірімдеп жүріп, екі жылды аятағаннан кейін, ағылшын және неміс тілдерін меңгеруді дұрыстап қолға алдым. Араға екі жыл салып алғашқыда қорқынышты көрінген ағылшын тілін еркін меңгердім. Бүгінде докторантураның 1 курсында оқимын. Өзім тапсырып түскеннен кейін, әрі қарайғы оқуым да жеңіл. Жақында Астанадағы медицина университетіндегі студенттердің жағдайын естіп қатты қынжылдым. Олар да жеңілдің үстімен жүріп өткісі келгені анық. Бұл білім ордасына тексеріс жасалып,
біразы анықталды, анықталмағандары қаншама?! Еліміздегі ЖОО-ның 80 пайызының магистратурасына жасанды сертификатпен түсетін студенттер бар.
Назарбаев университеті, KIMEP сияқты оқу ордаларына мұндай әділетсіздік жүрмейтін шығар, басқаларында қалыпты құбылыс. Сондықтан елорданың дәрігерлер дайындайтын білім ордасының бұл әрекеті дұрыс болды. Баршамызға сабақ болар деген ойдамын.

Мәселенің мәнісі

Динара ЕСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
Астана медицина университетінің баспасөз хатшысы:

Алаяқтардың азабын біз де тартып отырмыз

– Білім және ғылым министрлігінің осы саланы бақылау жөніндегі комитеті былтыр 29 тамыз бен 19 қыркүйек арасында біздің білім ордасының, яғни «Астана медицина университеті» АҚ білім жүйесін тексерген болатын. Тексеру барысында магистранттар, резиденттер мен докторанттардың оқуға тапсыру кезінде шет тілінен жалған сертификат тапсырғандары анықталды. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде анықталған әрбір заңбұзушылықты еліміздің білім беру саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес жою міндеттелді бізге. Тіпті биылдың 13 сәуіріне дейін орындап біту тапсырылған болатын. Бұл комитет IELTSReportFromVerificationService жүйесі арқылы осындай жалған құжат тапсырған 110 тұлғаны анықтайды. Бұдан кейін біздің университет басшылығы қосымша комиссия құрып, қайта тексеру жұмыстарын жүргізді. Сонда тағы 7 білімгердің құжаты жарамсыз болып шықты. Бір қарағанда, IELTS сертификатының жалған, яки түпнұсқасы екенін аңғару қиын. Өткен жылдың қазан айынан бері 33 білімгер өз еркімен біртіндеп оқудан шыға бастады. Қалған 84 студентті осы жылдың 18 сәуірінде түгелімен оқудан шығардық. Бұл студенттер енді мемлекеттік грант негізінде оқуға түсе алмайды. Кез келген білім ордасының талаптарын толыққанды әрі адал орындаған күннің өзінде, тек ақылы оқуға мүмкіндігі бар. Біздің басшылық мұнымен тоқтамай, Астана қалалық Ішкі істер департаментіне IELTS сертификаты жарамсыз, яғни жалған бола тұра жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарлама бойынша оқуға тапсырған 117 тұлғаға қатысты шаралар қолдануы жөнінде өтініш білдірген болатын. Бүгінде бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 26 тұлғаның ісі сотқа жөнелтілді. Біздің университетте бұрын-соңды мұндай оқиға болмаған. Жалған құжат тапсырған алаяқтардың кесірінен білім ордасының имиджі зардап шегуде. Сондықтан жаңағы тұлғаларды қосымша жазалауымыз қажет деп есептеймін.
Өкінішке қарай, біздің қабылдау комиссиясы оқуға құжат қабылдаған кезде бұл істің болмауын қадағалай алмайды. Өйткені бізде Ұлыбритания консулдығының базасы арқылы сертификаттың жалғандығын тексеретін құзырет жоқ. Осы тұста, біз Үкімет қаулысымен бекітілген жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру мекемелеріне оқуға қабылдаудың типтік ережелеріне өзгерту енгізу керектігін ұсынып отырмыз. Яғни, бізде мұндай сертификаттардың жалғандығын тексеру мүмкіндігі болуы шарт. Әйтпесе, мұндай қылмыспен күресудің өзі қиынға соғып отыр.

Гүлзина БЕКТАС, Айдана Нұрмұхан

Бөлісу:

Пікір жазу


*