Балалар үйінің тәрбиеленушілері Неймарға қонаққа барады

1206
0
Бөлісу:

«Бауыржан» қорының ұйымдастыруымен «Цеснабанк» АҚ, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның футбол федерациясының қолдауымен балалар үйі мен мектеп-интернаты тәрбиеленушілері арасындағы «Арманыңа жақында» атты футбол чемпионаты басталды. Турнирдың басты сыйлығы – «Пари Сен-Жермен» футбол клубына қонаққа бару.

Бір айдың көлемінде Қазақстанның 13 облысынан жиналған балалар үйінің 21 командасы еліміздің ең мықты командасы деген статусы мен 2018 жылдың чемпионы атағына таласады. Жеңімпаздар Франция астанасындағы «Пари де Пренс» стадионында барып, «Пари Сен-Жермен» клубының Неймар, Тияго Силва және т.б сынды ойыншыларымен кездесу мүмкіндігін алады.

«Бауыржан» қорының спорттық жобалар жетекшісі Айнұр Сәлімбаеваның айтуынша, әлемнің мықты деген футбол клубтарын көру мүмкіндігі тек қана еліміздің ірі қалаларында ғана емес, сонымен қатар басқа аймақтарында да балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболдың дамуына ықпал етеді.

– Әлемнің мықты футбол клубына жолдама алу – Қазақстан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осымен 6-шы жыл беріліп отырған мүмкіндік. Алты жыл ішінде «Арманыңа жақында» жобасы 11 мен 14 жас аралығындағы 2000 жуық жасөспірімді футболға баулып, оның 56-сында бала арманы орындалып, кумирларымен кездесіп, әлемнің «Милан», «Барселона», «Челси», «Бавария», «Атлетико Мадрид» сынды мықты клубтарымен кездесті. Бүгін біз осымен төртінші жыл балалардың жігерін құлатпай, армандарының орындалуына көмегін аямай келе жатқан Цесна банкпен бірлесе отырып, биылғы Чемпионаттың басталуын хабарлаймыз,- дейді Сәлімбаева Айнұр.

Өз кезегінде «Цеснабанк» АҚ Алматы филиалының директорының орынбасары Ширыкалов Игорь Евгеньевич Қазақстандағы жаңа спортсүйер буынды тәрбиелеп отқан осындай бастамалардың маңызын атап өтті.

         Қазақстан футболының ардагері, «Қайрат» ФК футболды жаппай дамыту басшысы Құралбек Ордабаев футболистер арасындағы жаңа буынға үміт артатынын және де жасөспірімдер арасындағы футболға деген үлкен қызығушылықтың барын айтты.

Ұйымдастырушылар сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында спортты дәріптеудің маңызын ескере отырып, жобаның 5 жылдық нәтижесі – «Арманыңа жақында» турнирының 60-қа жуық қатысушысы Қазақстанның кәсіби футбол клубтарында жаттығып, ойнайтынын жеткізді.

–  Мәселен, былтырғы Павлодар облысындағы іріктеу ойындарында біздің турнирге қатысқан Влад Козаренконы Қазақстан футболының майталманы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Ярышев байқауға шақырды. Бүгінде Влад Павлодар қаласының футбол академиясында жаттығады. Алдыңғы жылдардың қатысушылары «Таңшолпан» балалар үйінің 4 тәрбиеленушісі «Шахтер» клубының академиясында ойнайды, – деді Айнұр Сәлімбаева.

«Арманыңа жақында» футбол чемпионатының алғашқы іріктеу матчы Алматы қаласы мен Алматы облысы балалар үйінің тәрбиелеушілері арасында өтеді. Турнирды қорытындылау кезеңінде балалар үйінің тәрбиеленушілерінен тұратын үш команда өнер көрсетті. Нәтижесінде  Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «Барыс» командасы  қарсыластарынан мықтырақ болып, финалға жолдаманы жеңіп алды. Олар өз кезегінде Қазақстан бойынша мықты деген тоғыз командамен күш сынасатын болады.

Чемпионаттың 5 жылдық тарихында Қазақстанның балалар үйінің 56 тәрбиеленушісі әлемнің атақты деген футбол клубтарында қонақта болып, Месси, Робена, Хави, Роналдо және басқа да әлемдік футболдың ойыншыларымен бетпе-бет кездесті. 2013 жылдың жеімпаз командасы – Есіл қаласының №2 балалар үйінің тәрбиеленушілері «Барселона» футбол командасымен кездесіп, «Камп Ноу» стадионында болды. 2014 жылы Миланға барып, «Миланелло» базасында болған жеңімпаздар – Алматы облысының №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері «Барыс» командасы. 2015 жылы Қарағанды қаласының «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері Мюнхенге жол тартып, ALLIANZ ARENА-да өткен «Бавария» мен «Реал Мадрид»арасындағы ойынды тамашалады. 2016 жылдың жеңімпаздары Қостанай облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері «Атлетико Мадрид» жаттығу базасын көріп, Антуан Гризман, Фернано Торрес, Кака сынды футболистермен көрісті. Былтырғы жыл жеңімпаздары «Таңшолпан» командасы «Чесли» клубында болып, Педро, Давид Луиз, Марко Алонсо және т.б. футболистермен танысты.   

Ұйымдастырушылардың алға қойған басты мақсаты – болашақта Қазақстан футболының дамуына салмақты үлесін қосу мүмкіндігі бар жетім балалар арасындағы футбол ойынына деген ынтаны арттыру және дамыту.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*