Теңге тегеурінді бола ала ма?

Ұлттық валютаның әлсіреуіне, күшеюіне, талықси құлап, қайта ес жинауына куә болып келеміз. Әйтеуір, теңгеміздің басынан тұрақсыздық айналшықтап шықпай қойды. Өмірге келгеннен бері 72 есе арзандағанын айтпағанның өзінде, соңғы алты жылда екі рет бетіне су бүркіп әрең қалыпқа келтірдік. Девальвацияны айтамыз. Теңгенің тегеуріні соңғы уақытта қайта құлдырағандай. Министрдің «алда-жалда бір нәрсе бола қалса, үш сценарий әзірлеп отырмыз» дегені тағы бар.
Өткен аптаның аяғында Үкімет басшысының төрағалығымен жиын өтіп, макроэкономикалық мәселелер талқыланған. Жиыннан соң Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пікір білдірді.
– Рубльдің долларға шаққандағы бағамы мен теңге бағамының өсуіне жағдай жасайтын үш түрлі сценарий дайындадық. Макроэкономикалық талдау жасап, доллар өсімінің жалпы ішкі өнімге, инфляцияға, бюджет көрсеткіштеріне және жұмыссыздық деңгейіне қалай әсер ететінін анықтадық. Егер сценарилердің бірі орындала бастаса, Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимылға кіріседі. Ол біраз шараларды қамтиды, – деп еді ведомство басшысы.
Әлбетте, халық тағы бір девальвацияның болуын қаламайды. Қазірдің өзінде теңгенің құнсыздануы – азық-түлік бағасының жаппай өсуіне, бағаның қымбаттауына әкеліп соқты. Жұрттың бәрі бірдей жоғары жалақы алмайтынын ескерсек, теңгенің рубльге еріп алып құлдыраңдауы ел азаматтарының арқасына аяздай батуда. Бүгін бір келі картоп алып, ертеңгіні ертең көреміз деп отырған кей жұртқа – әлемдік мүдделер қақтығысы түкке де қызық емес. Кім әлемдік держава болуға ұмтылып жатыр, кім импералистік пиғылға тісті бақадай жабысып отыр, кім кімге экономикалық шектеу енгізуде… оны ойлауға, оқуға уақыт та, ынта да тапшы. Бірақ сондай әлемдік уақиғалар біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге әсер етуде. Шикізаттық экспортқа ғана арқа сүйейтін Қазақстанға жаһандық өзгерістер тіптен қаттырақ кесірін тигізеді. Соңғы уақытта теңгені қалт-құлт күйге түсірген бір жағдай – АҚШ-тың Ресейге экономикалық санкциялар тізбегін жариялауы. Қазір долларға шаққандағы валюта бағамы – 325,80 теңге шамасында. 2014 жылдың 26 қарашасынан бері алғаш рет Brent маркалы мұнайдың барреліне 75 долларға бағалануы теңгенің сәл де болса нығаюына себеп болды. Осы орайда белгілі қаржыгер маман Расул Рысмамбетовтің пікірін сұрадық. «Мұнай мен металл құнының жоғары болуы ғана – теңге тұрақтылығына кепіл дейді» ол.
– Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жібергеннен кейін, теңге курсы негізгі көрсеткіштерге тәуелді болып қалды. Олар – Қазақстан сыртқа экспорттайтын мұнай және металдың бағасы. Баға қаншалықты жоғары болған сайын, өзіміздегі доллар мен алтын қорын мейлінше көбірек сақтап, теңге курсын да тұрақты ұстай аламыз. Екінші көрсеткіш – бұл Ресей рублінің курсы. Олар – біздің ірі сауда серіктесіміз. Сол себепті, ресей валютасының құны әлсіресе – теңге де төмен қарай құлдырайды. Әйтпесе, қазақстандық сатып алушылар үшін отандық өнімге қарағанда ресейлік тауарлар тартымды болып кетеді.Егер соншалықты қатты санкциялар легі келмесе, онда теңге осы дәлізде жүре береді және оның курсына қатысты күрт өзгерістер болмайды, – дейді ол.
Маманның айтуынша, теңге мен доллардың қаттырақ нығаятын өз уақыты бар.
– Теңге тұрақсыздыққа ұшырауы мүмкін жылдың әртүрлі бөліктері бар. Бұл – мұнай және басқа да шикізатты елдердің Қазақстанда салық төлейтін уақыты. Бұл үшін олар өздерінің валюта резервін сатып, теңге алады. Теңгеге деген қысқа уақыттағы сұраныс ұлттық валютаны күшті қылуға қауқарлы. Жыл соңында долларлық қарызы бар компаниялар доллар сатып алуға мәжбүр болады. Міне, сондықтан жыл соңына қарай доллар нығайып кетіп жатады. Сөйтіп, екеуі алмакезек күшейеді, – деді Рысмамбетов.
Ал Ұлттық экономика министрі қандай жағдайда да теңге бағамы үшін шектік меже бар деп сендірді.
– Үкімет ретінде Парламентке жолдаған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында теңгенің долларға шаққандағы бағамын 340 теңге деп көрсеттік. Бұл біздің сенімді екенімізді айғақтайды. Теңге курсының одан артыққа көтерілуі мүмкін емес, – деді Т.Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтің сөзінше, ұлттық валютамыздың қазіргі өзгерістерін девальвация деп бағалау қисынсыз. Себебі, мұндай ұсақ-түйек құбылулар басқа валюталарда да жиі болып тұрады.
– Ұлттық банктың сайтында апта сайын дамушы нарықтар валютасындағы өзгерістер туралы ақпараттар шығып тұрады. Ол жерден 4 пайызға дейін құбылған Бразилия мен Мексиканың, Түркияның валюта өзгерістерін көресіздер. Мұның бәрі – девальвация емес, тек валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа сәйкес орын алған ауытқушылықтар, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Төраға Ақышевтың өзі теңге түп-тамырымен рубльге байланған деген пікірмен келіспейді. «Иә, біз бір-бірімізге тәуелдіміз, бірақ түбегейлі емес. Себебі, Қазақстан бәрібір санкцияға тікелей ілініп жатқан мемлекет емес. Біз әлемнің барлық елімен жақсы қарым-қатынастамыз» дейді ол. Оның айтуынша, мұнай баррелінің 70 доллардан асуы – еліміздің төлем балансын нығайтады. Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов болса, қазіргі валюта нарығы жағдайында теңгені рубльден бөліп қарау бәрібір қиынырақ деп есептейді.
– Бірінші кезекте Қазақстанның экономикалық қарқыны мұнайға тікелей тәуелді. Және ірі сауда-экономикалық одақтас, серіктес ретінде Ресеймен селбесіп тіршілік етеді. Сондықтан министрлік айтып отырған үш сценарийдің жобасын былай болжай аламыз. Қазақстанда әдетте қарастырылатын үш сценарий – мұнай бағасы, металл бағасы және рубльдің беталысына байланысты өрбиді. Егер рубльді құлдыратып жіберердей қуатты санкция салынса, онда сөзсіз теңгенің де басынан бағы таяды. Бірақ бұл үшін 1 долларға шаққандағы рубль құны 70+ ке дейін құлауы керек. Алайда менің көзқарасым бойынша, АҚШ салатын санкция соғысқа қарағанда сауда мәніне көбірек ие. Сол себепті, шұғыл әрі апатты шектеулер енгізіледі деп ойламаймын, – деді қаржыгер.
Сарапшылар баяғыда-ақ теңгенің 5-10 жыл бұрынғы қайратына қайта міне алмайтынын ескерткен. Оған біз де кәміл сенеміз. Көпшіліктің аузында «доллар 180 болып тұрғанда мына жерді алып едік», «доллардың арзан кезінде ақшаның күші бар еді» деген тәтті естеліктердің қалғаны қалған. Біз үшін теңге қазіргі күйінен сәл-пәл еңсе тіктесе де жаман емес.
Абай АЙМАҒАМБЕТ