КІСІ КҮТУДІҢ КІЛТІ

1272
0
Бөлісу:

Қазақстанда туризмді дамыту туралы көп айтылады. Жыл сайын  қаншама қаражат бөлінеді. Түрлі бағдарлама жасалады. Былай қарасаңыз, мемлекет қолдауынан еш кінәрат жоқ. Алайда туризм дамымай тұр. Көп жағдайда біз инфақұрылым керектігі туралы сөз етеміз. Жол салынуы тиіс. Жайлы қонақүй болуы керек. Келетін туристер үшін барлық жағдай жасалғанын қалаймыз. Бәрі соған тіреліп тұр ма?!

Мемлекет басшысы Қазақстанды туризм бағытында тартымды өлкеге айналдыру туралы әр кез айтып та жүр. Әрбір өңірдің өз ерекшелігі бар. Еліміз бойынша туризмге сұранып тұрған қай өңір? Әлбетте ел-жұрттың тіл ұшына бірінші кезекте Оңтүстік Қазақстан облысы оралады. Неге? Өйткені бұл өңірдің бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, аймақта тарихи нысан өте көп. Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ақбура тәрізді таңдай тамсандырар орындар жеткілікті. «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша да Оңтүстік Қазақстан алда тұр. Республикалық және жергілікті тарихи, мәдени, рухани нысандар саны жағынан ең қазыналы өңір бұл. Екіншіден, Оңтүстіктің табиғи-климаттық жағдайы өте қолайлы: мұнда жыл он екі ай ауа райы жағынан қиындық болмайды. Су спортын, қыста шаңғы тебу секілді туризмнің жаңа арналарын дамытатын болса, тіпті ерекшелене түседі. Үшіншіден, ең маңызды тетік – бұл өңірдің халқы кісі күте біледі. Келген меймандарды жылы қабақ танытып, елпілдей күтіп алу, ерінбей шығарып салу деген мәселеде оңтүстік жұртшылығы алдына жан салмайтыны белгілі. Демек, қай жағынан алғанда да, Оңтүстік Қазақстан облысы туризм кластері үшін оң иығын беріп тұрғаны айдан анық.

Кейде туризмді өркендету үшін көп жағдай жасау қажет секілді болып тұратыны рас. Тиісті инфрақұрылым болғанын қаламайтын адам жоқ. Бірақ Моңғолия сияқты елдердің мысалына қарасақ, сонша көп талаптың да қажетсіздігін аңғаруға болады. Еуропа халқын еуроремонтпен таң қалдыра алмайсыз. Олар қайта табиғи қалпы бұзылмаған мұраларды көруге құмартады. Мәселен, сол Моңғолияда жол азабын тартып, қолайсыз орында ұйықтап, шикілі азықты жеп қайтса да, бұл елді көруге ынтық жандар қатары жыл өткен сайын көбейіп келетіні неліктен?
Ойланатын-ақ жағдай. Бұдан не түюге болады? Біз алға озып кеткен 30 елдің азаматын Қазақстанды көруге, елге келуге құмарту үшін не істей аламыз? Менің ойымша, әлемде бар нәрселермен қызықтыра алмаймыз, ұлттың өзіндік ерекшеліктерін айшықтап көрсеткенде ғана ұтатын сияқтымыз. Айталық, саятшылық өнер. Оның ішінде құс салу! Даланың қыран құсын ұстап, аң-құс аулауға баулу деген – ерекше құбылыс. Бұған Жапония, Франция тәрізді елдер әлдеқашан құмартып жүр. Осы саятшылықты, бүркіт баптап, қасқыр аулау секілді ұлтымызға тән бекзат өнерді әлемдік деңгейге насихаттай білсек. Қазақстанға ағылатын туристер қатары артпаса, кемімейді!
Табиғаттың тосын мінезі Көлсай жақта көрінді. Қонаевтың тұсында сол жаққа қарай асфальт жол салу қиын да емес еді. Бірақ сол жол салынбады. Неге? Адам ағылып, туған жердің көкмайса түгі жат жұрттың табанында тапталып, көрікті жердің ажарынан айрылып қалмас па екенбіз дегендей қауіптің болғаны анық сияқты…
Кейінгі кезде Көлсайға қарай асфальт жол салу мәселесі жиі көтеріліп, жоба да жасалған. Жалаңашқа дейін салып, бәлкім, Қарабұлаққа дейін жеткізуге де болар. Ары қарай автомобиль атаулыны сол маңда доғарып, келушілер Көлсайға қарай жаяулатып немесе атпен барса қайтеді? Көлсайдың шын қадірін сол кезде түсінер ме едік? Табиғат сыйға тартқан ең бір көрікті жердің түте-түтесін шығармау – маңызды. Қазірдің өзінде келушілер көл мен өзен маңайын ластап, ас қалдықтарын, түрлі пакеттерді қалай болса, солай тастап кетіп жатқанын көріп те жүрміз.
Негізгі айтайын дегеніміз – бұл емес. Қазақстан бойынша әуелі бір аймақты, мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысын туризм тұтқасы етсек. Негізгі қаражат көздерін соған бағыттасақ. Сөйтіп, еліміздің оңтүстік өңірлерін – Қызылорда мен Жамбыл облыстарын туризм аймағына айналдыруға күш салсақ! Сонда нақтылық болар ма еді… Әйтпесе, туризмді дамытамыз деген сөз көп те, көрініп тұрған нәтиже шамалы.
Барлығы кісі күту деген мәселеге табан тірейді. Мейманның қабағына қарау, көңілдегіні табу
деген – өзекті мәселе. Аталған үш облыста кісі күтудің кілтін ұстаған отандастарымыз жеткілікті болғаннан кейін де осы ойды ортаға салып отырмыз.
Қазақстанның жер шалғайлығын, табиғи орналасу ретін, қонақжай халқының деңгейін ескере келгенде еліміздің оңтүстік өңірі отандық туризмді дамыту ісіне сұранып тұрғаны кім-кімге де айқын. «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» дегендей, бір өңірден бастап кетсек, үлгі жасасақ, жаппай ұмтылсақ – із аяқсыз қалмас дейміз.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*