Бірыңғай экономикалық әлем бізге не ұсынбақ?

975
0
Бөлісу:

Биылғы Астана экономикалық форумы жаһандық проблемалар талқыланатын алаң ретінде есте қалмақ. Жиындағы басты тақырыптың бірі – Бірыңғай экономика әлемі. Әлемдік нарықтың толық картинасын қалыптастыруға қауқарлы алып державалар соңғы кездері дамуға бірлесіп қадам басып келе жатқандай. Өйткені 2017 жылдың екінші жартысы мен 2018 жылы дүниежүзілік экономика өсім көрсетіп отыр.
Дамыған елдерде экономикалық бел­сен­діліктің артуы, сауданың жандануының өсуі, әлемдік тауарлық және қаржы нарықтарын­дағы қолайлы жағдай жаһандық өсімге дем береді. Дағдарыс екі бүйірден қысқанда да­мыған елдер ұстанған жұмсақ экономикалық саясаттың әсері енді-енді байқалуда. Деген­мен қатар төнген қатерлер де жоқ емес. Мысалы, әлемдік сауда да протекционизм­нің артуы, одан бөлек, АҚШ, ЕО-пен Қытай арасындағы әлеуметтік сауда «соғыстары» жаһандық экономика үшін белгілі бір дең­гейде кері ықпал етері даусыз. Оның қасына көп жылдар бойы қалыптасып келе жатқан изоляционизмді, яғни өзін сыртқы нарықтан оқшау ұстайтын нарықтарды қосыңыз. Өйткені мұндай елдер әлемдік деңгейдегі еркін тауар айналымына кедергі келтіреді. Геосаяси проблемалардың одан әрі ушығуы да теріс факторлардың тізімінде жүретіні айтпаса да түсінікті.
Астана осыған дейін Сирия мәселесі бойынша тараптардың келіссөз жүргізетін алаңы ретінде халықаралық сарапшыларды мойындатқанын білетін боларсыз. Енді мұн­да жоғарыда айтылған ғаламдық экономи­каның аяғына тұсау болар түйткілдер тал­қыға түспек.
Ашық экономикалық саясат ұстанатын ел ретінде біздегі көптеген бастамалар әлем­дік трендтермен үйлесім тауып жатады. Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін құрылған институционалдық орта – соның бір дәлелі. Елімізде география мен экспорттық ағымдар құрылымын әртарап­тандыру арқылы жаңа сыртқы нарықтарды іздеу мен дамыту бір ізге түсе бастағаны да жасырын емес. Отандық өндірушілерге экс­портқа шығудың жөн-жосығын көрсетіп, консультациялық қолдау көрсететін мекеме­лер де жоқ емес. Бұл – «Қазақстанда жасал­ған» тауарлардың дүниежүзілік сауда айна­лымына енуі үшін жасалған қадамның бірі. Тіпті Еуразия құрлығында интеграциялық процестерді қолдайтын һәм осы бағытта түрлі бастама көтеретін де біздің ел, сол арқылы бір нарықты екіншісімен жалғайды, еркін сауда жасайтын жаңа аймақтардың пайда болуына жол ашады. Демек, нарық­тағы ұстанымымыз бірыңғай экономика әлемі қоятын талаптармен үндес.
Соның бірі – жер бетіндегі экономикалық теңсіздік тамырының тереңдей түсуі. Бұл халықтың түрлі топтарының арасында табыс пен мүліктің теңсіз бөлінетінін көрсетеді. Әрі соңғы кездері «мүмкіндіктердің теңсіз­дігі» ретінде де түсіндіріліп жүр. Мұндай жағ­дайда халықтың түрлі топтары ресурс­тарға, әлеуметтік игіліктерге және өз әлеуе­тін іске асыру мен дамытуға әртүрлі жағдайда қол жеткізеді.
Қазақстанда экономикалық және әлеу­меттік теңсіздіктерді теңестіруге бағытталған бір жоба – 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. Елімізде өңірлер арасында теңсіздік мәселесі өзекті. Индустриалды дамыған өңірлерде, елорда қалалары мен ауыл шаруашылығына басым маманданған өңір­лерде өмір сүру деңгейінде айырма­шылық бар. Сондықтан аймақтардың бәсе­кеге қабілеттілігін күшейту үшін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігі арттырылады. Қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарының қаншалықты қорғалғандығы экономикалық дамудың тұрақтылығын айқындайды. Себебі, кедейлік қылмыстың көбейіп, қоғам ішіндегі қауіпсіздіктің азаюына, санитарлық-эпидемиологиялық си­паттағы проблемалардың тереңдеуіне әкелетінін жақсы білеміз. Демек, оның да деңгейін бәсекелестік пен жеке бастамаларды дамытуға мүмкіндік беретіндей дәрежеге төмендетуіміз қажет.
Теңсіздік мәселесін төңіректегенде, сан­дық жүйенің салаларды жаулап ала бастауы да қосақтасып алдымыздан шығады. Мем­лекет басшының тапсырмасымен қабыл­данған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы бағыттағы жұмыстардың оң нәтижесін көруге әсер етуде. Түрлі баға­лауларға сүйенсек, бизнес-процестерді авто­маттандыру және цифрландырудың баста­луы алдағы уақытта қазіргі бар кәсіптердің
9 пайызынан 50 пайызға дейін жойылуына әкеледі. Демек, технологиялық өсу өзін-өзі жұмыс­пен қамту көрсеткішінің артуына түрткі болмақ. Сондықтан жаппай кәсіп­керлікті дамыту мақсатында Қазақстанда 2017 жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау Бизнес» жобасы іске қосылды.
Автоматтандыру үрдісі қол еңбегін қа­жет­сінетін талай кәсіптің түбіне жетсе, енді адамды алмастыратын роботтар еңбек нарығын модернизациялауға мәжбүр етуде. Экономиканы роботтандыру беталысын ескерген Мемлекет басшысы үшінші ке­шенді міндетті осы бағытта бекітті. Прези­дент атап өткендей, әсіресе, босап қалған еңбек ресурстары үшін жаңа индустриялар құру мен дамыту азаматтардың жұмыспен қам­тылуының және табысының нақты өсуінің қосымша көзіне айналуы тиіс. Ол үшін жұмысты білім беру мекемелерінен бастауымыз қажет. Мәселен, қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі еңбек нары­ғын жаңғырту саласында бірқатар бастама­ларды енгізіп жатыр. Үш мамандық базасын­да «Ақпараттық-коммуникациялық техно­логиялар» пәні енгізіліп, студенттердің таң­даған мамандығы аясында АКТ пайдала­нудың базалық білімдерін игеруіне жол ашыл­ды. 3-4 сыныптарда «Ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар» пәні зама­науи ақпараттық технологияларды күнде­лікті өмірде тиімді пайдалануға бейімдейді. Сонымен қатар робототехника бойынша 327 үйірме бар, онда робототехника аясында бағдарламалау негіздері үйретіледі.
Осыған қарап-ақ елімізде енгізіліп жат­қан цифрлы экономика элементтері ұзақ­мерзімді сипатқа ие екенін түсінеміз. Ал жуық арада цифрландырудың әсері еңбек кү­шін нарықтан ысырып тастамайды. Керісінше, оның тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады.

Бегім СҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*