ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМ ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН

1726
0
Бөлісу:

«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».

Бұл – Мемлекет басшысының сөзі. Біздің мәдени-генетикалық кодымыздың түте-түтесі шыққанын жұрт­тың бәрі жақсы біледі. Рухани жаңғыру аясында біраз нәрсеге қайта қарауға, қайта зерделеуге тура келеді.

Ғылымда «еуроцентризм» деген ұғым бар. Кез кел­ген археологиялық жаңалық ашыла қалса, одан міндетті түрде Қытайдың немесе Иранның мәдени белгісін іздеу. Қазақ жері олар үшін – жан баласы тұрмайтын жабайы өлке саналады, бұл өңірден не табылса да басқа жұрттың мәдениетіне телиді. Түркі өркениеті, түркі мә­дениеті деген ұғымдарды жатсына, тіпті ауырсына қабылдайтыны да сондықтан.
– Мектепте Тас дәуірі, Қола дәуірі деп әп-әдемі оқып келе жатқанда ортадан сопаң етіп «Андронов мә­дениеті» деген дәуір шыға келуші еді ғой… Осы атауды суқаным сүймейді. Айтатындары «Андронов деген деревнядан табылыпты» дейді. Сол да сөз бе? Басқа ба­лама атау қойса болмас па? Ол заманда енді ғұн, сақ деген секілді Андронов деген тайпа болмағаны анық қой. Мұның бәрі қазіргі баланы шатастырады. Осыны біздің тарихшылар басқашалап немесе қазақшалап жіберсе қайтеді екен?» деген ой тастапты Серікбол Хасан.
Журналист Сәкен Сыбанбай: «Маған да ұнамайды, бірақ ғылымда солай қалыптасқан ғой. «Алакөл мә­дениеті», «Федоров мәдениеті», «Пазырық мәдениеті»… деп кете береді. Яғни, ғылым ол мәдениетті жасау­шылардың нақты кімдер (сақ па, ғұн ба, әлде басқа ма?) екеніне анық көз жеткізбегендіктен, солай атайды-ау деп ойлаймын» деп пікір қосыпты.
Айдын Жүнісханов болса «Шартты атау ғой. Алғашқы табылған жеріне байланысты қойыла береді. Мысалға, Пазырық мәдениетінің ең алғаш қазылған обасы – Берелде. Бірақ алғаш қазған Радлов оны түсін­беді. Ал Пазырықты алғаш қазған Руденко мен Грязнов атты археологтар, оны «Пазырық мәдениеті» деп атап жіберді» деп жазады.
Ербол Іргебай атты әлеуметтік желіні тұтынушы: «Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Әлкей Марғұлан ашқан «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» бар. Әлкей атамыз Андроновты алмай қазақи атауды ғылыми айналысқа енгізген» деп дәйектей түседі.
Айшуақ Дәрменұлы: «Археология ғылымы ай­наласында жүргендер саясаттан мейлінше алыс жүруге тырысады. Олар үшін адамзаттың тас, қола, темір дәуірлерінде қалдырған іздері қызықтау. Қазба жұ­мысын жүргізген ғалымның аты-жөні немесе елдімекен атауы беріледі ғой. Беғазы-Дәндібай, Атасу-Нұра, Қаратау, Қауыншы, т.б. мәдениеті дегендер де – ауыл аттары» деп әңгіменің қазығын қағыпты.
Ермахан Қалмұрзаев деген замандасымыз «Бұл орыстардың нені көрсе өздеріне таңа беретін әдетінің салдары. Орыстың қысы, орыстың қайыңы, «Денисов адамы», «Андронов мәдениеті», онан қалса «Прже­вальскидің жылқысы» болып кете береді… Әрнені бір сылтауратып, орысша атауларды сақтамай, бас тарту керек. Ол кезең қола дәуіріне жатады. Халықаралық тілде the Bronze Age делінеді. Біздегі қола дәуіріне жататын аймақ Оңтүстік Сібір, Алтай тауларынан бастап, Оңтүстік Түрікменстанға дейінгі ұлан-ғайыр алқапты алып жатыр. Археологиялық зерттеулер ең көне жәдігерліктерді 800 мың жылдар бұрынғы кезең­нен қалған деседі. Ең бастысы осыншама мыңдаған жылдар бойындағы сақталған олардан қалған белгі­лердің ұқсастығы таң қалдырады» деп сөздің нүктесін қойыпты.
Негізі, біздің бойымызда бір құнтсыздық бар. Өз мұраларымызға мұрын шүйіре қараймыз. Соншама сал­ғыртпыз. 1969 жылы табылған «Алтын адамның» сырт­қы киімі бар да, ішіндегі сүйегі із-түзсіз жоғалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Кімнің алғаны, қайда кет­кені белгісіз. Жұрттың бәрі «Алтын адамның» әшекейін қызықтап жүргенде, белгісіз біреу сүйекті алған да кеткен!..
Боралдайдағы сақ қорғаны, Сарайшық көмбесі, Маңғыстаудағы сарматтардың Қызыл үйік қонысы, Қаратаудағы Сауысқандық петроглифтері, Мұғалжар тауындағы Төлеубұлақ үңгіріндегі көне суреттер аспаннан түскен жоқ. Мұның бәрі – біздің ата-баба­ларымыздан қалған жәдігерлер. Сондықтан, Қазақ­станның тарихи оқулықтарында өз мәдениетіміздің болғанын шегелей түсу қажет. Ұлттық ұғым ұмыт қалмасын деуіміздің мәні де сонда!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*