Елордамен аттас жүйе елге игілік әкелді

1180
0
Бөлісу:

«АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін ендіру арқасында шетелдік нарықтарға шығатын отандық компаниялардың шығындары азайып, одан босаған миллиардтарды бизнес өз өркендеуіне бағыттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.

Жиында Үкімет мүшелері алдымен «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018 – 2027 жылдарға арналған бағдарламасының тұжы­рымдамасы» жобасын қарады. Ауыл шаруа­шылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, талдау жүргізу нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыт анықталды.
– Біздің негізгі артықшылықтарымыз сол, кең байтақ жайылым алқаптарымыз, суармалы жерлер бар, ал мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі деуге болады. Осы саланы дамытуға бүгінде барлық ресурс жеткілікті. Біріншіден, Қазақстанда жайылым жер көлемі – 180 млн гектар. Біз әлем бойынша жайылым жер ауқымы бойынша 5-орындамыз. Мал басы санын екі есеге арттыруға жайылым жеткілікті. Екіншіден, 110 млн гектар жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соңғы 5 жылда 6 млн гектар жайылым алқабы суландырылды. 2 млн гектар жер алқа­бын суландыруға су көздері бар, – деді бірінші вице-министр.
Үшіншіден, ел тұрғындарының 45 пайызға жуығы ауылда өмір сүреді. Яғни, ауылдықтардың басым көпшілігін осы бағдарлама аясында жұмыспен қамту мүмкіндігі тумақ.
Бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші фермерлер класын құруға мүмкіндік береді екен. Фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауылдықтар үшін жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғай­туға, сондай-ақ ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 миллион тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көле­мін 2,4 млрд долларға дейін ұлғайтуға, бір жұ­мыс­шыға шаққандағы еңбек өнімділігін 1000 дол­лардан 8000 долларға дейін өсіруге жол ашылады.
АШМ басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, фермерлік шаруашылықтар «өндіріс моделінің негізі» болады. Олар өнімді өткізу, тәжірибе алмасу және ветеринарлық қызмет көрсету мәселелері бойынша бірге жұмыс жасай­ды. Жер және несие беру ең жақсы фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылмақ. Асылтұ­қымды малдың генетикасын қолдана отырып, мал тұқымын жақсарту осы бағдарламаның негізгі шарты. Азық өндіру, оның ішінде суармалы жерлер маңайына мал бордақылау алаңдарын шоғырландыру көзделеді.
Арман Евниев типтік фермерлік шаруа­шылықтарды қаржыландыру механизміне тоқталды. Ол бойынша жайылымдарды сулан­дыру инфрақұрылымын салудың 5 млн теңгеге дейінгі шығындары әкімдіктер арқылы берілетін инвестициялық субсидиялар есебінен жабылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мобильді тұрғын вагон, мал қора, жыл­жы­малы станок сатып алуға несие береді. Тұқым­дық түрлендіру үшін бордақылау алаңдарынан асылтұқымды бұқалар фермерлерге тегін ұсы­нылады. Сиыр сатып алу «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасы» бойынша берілетін несие есебінен жүзеге асырылады. Азық дайындау үшін техника лизингке немесе «ҚазАгро» арқылы қарызға ұсынылады.
Бір ерекшелігі сол, бұл бағдарламада тікелей мал шаруашылығына берілетін субсидиялар алып тасталынған. Құжат тек құдықтардың құнын субсидиялауды көздейді.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір бағдарламаға Inalca Eurasia (Еуропа), Cedar Group (Австралия) компаниялары, сондай-ақ Rifa Holding және Citic Group (екеуі де Қытай) корпорациялары қатысуға дайын екенін білдірді. Қосымша Tyson Food, JBS және басқа да компаниялардан ин­вестициялар тарту мүмкіндігі қаралып жатыр.
АШМ етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың нақты міндеттері мен мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі Жол картасын әзірледі. Жол картасын АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу ұсынылды.
Бағдарламаның негізгі міндеті – шаруа қожалықтарын дамыту. «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов «ҚазАгро» құрылымы арқылы фермерлік шаруа­шы­лықтарды, шағын бизнес субъектілерін қаржыландыру жоспарланғанын атап өтті. Осы­лайша, фермерлер малдарды одан ары көбейту үшін төлдейтін мал сатып алуға, ауыл шаруа­шылығы техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтар алуға, мал ұстайтын орындарды салуға, айналым қаражаттарын толықтыруға және бизнес жүргізуге қажетті өзге де мақсаттарға 15 жыл мерзімге жылына 4 пайыздық өсіммен несие ала алады. Биыл фермерлерді қаржы­ландыруға шамамен 50 миллиард теңге бағыттау көзделуде.
Үкімет отырысында аграрлық сектор өкілдері жаңа бағдарламаның тұжырымдамасына қатысты пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ оты­рыста Қостанай облысының әкімі А.Мұ­хам­бетов, Павлодар облысының әкімі Б.Бақа­уов, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Ақтөбе об­лысының әкімі Б.Сапарбаев, вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев сөз сөйледі.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Б.Сағынтаев Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген міндет қойғанын еске салды. Ауыл шаруашылығының маңызды құрамдас бөлігі – етті мал шаруашылығы. Қой, жылқы өнімдерін Қытайға, ірі және ұсақ қара малды БАӘ-ге жеткізу кедергілері алып тасталды. Жыл соңына дейін ҚХР-ға ірі қара мал өнімдерін жеткізу жұмыстары аяқталады.
– Жаңа үлкен нарықтар ашылып жатқан­дықтан, тиісті органдармен бірге, жоспарланған іс-шараларға қатысты барлық мәселелерді тағы бір рет талқылау қажет. АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында етті мал шаруашылығын дамыту бо­йынша кешенді шаралар қаралуға тиіс, – деген Бақытжан Сағынтаев үйлестіру жұмыстарын өз орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктеді.
Осыдан кейін күн тәртібіне сәйкес, Үкіметте «АСТАНА – 1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске асыру мәселелері қаралды. Қаржы министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, бұл ақпа­раттық жүйе арқылы тауарларды автоматты түрде шығару мүмкіндігі беріледі.
– Ақпараттық жүйені дамыту үшін ЮНКТАД ұйымымен бірлесіп, «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін енгізіп жатырмыз. 2017 жылғы 1 қазанда «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды. 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92 пайыздан астамы, яғни 180 мыңнан астам транзиттік декларация 1 ми­нуттан аспайтын уақытта шығарылды. 2018 жылдың 1 қаңтарында «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декла­рациялау» кіші жүйесі іске қосылды. Оның аясында 23,7 мың тауарға арналған декларация өңделді, оның 99,4 пайызын жүйе автоматты түрде шығарды, – деді министр.
Биылғы 1 сәуірден бері, импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесі толыққанды жұмыс істеуде. Бүгінде импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресім­деліпті, тауарларға арналған декларациялардың 90 пайызы немесе 14,6 мыңы «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде шығарылды.
Бас қаржыгер өз баяндамасында осы «жасыл дәлізге» толығырақ тоқталып өтті. Мысалға, егер бұрын сыртқы экономикалық қызмет (экспорт және импорт) қатысушысы құжаттар пакетімен бірге міндетті түрде алдымен брокерге баратын, одан кейін брокер декларацияларды алып, кеден органдарына жүгінетін және тікелей кеден қыз­меткерінің өзі қабылдайтын шешімді күтетін. Енді кәсіпкер брокерге де, кеденге де бар­­мастан, интернет арқылы өз бетінше деклара­ция тапсырады және жүйе арқылы деклара­циясының дайын күйде шыққаны туралы хабарлама ала алады. Оған өз тауарын алу үшін тек уақытша сақтау қоймасына баруы ғана қалады.
– Сөйтіп, тауарларды шығару туралы шешім қабылдауда адами факторды барынша азайттық. Автоматтандыруды іс жүзінде енгізу декларант­тың бұдан бұрын брокерлік бағдарламаларды, кедендік брокерлердің қызметтерін, уақытша сақтау қоймаларында сақтауға жұмсаған шығыс­тарын айтарлықтай азайтуға тиіс. Біз «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін енгізу есебінен үнемделген ақша қаражатын сыртқы экономи­калық қызмет қатысушылары бұдан былай тауар айналымына бағыттайды деп пайымдаймыз. Біздің есебіміз бойынша бұл бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы – шамамен 12 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд теңгеге ұлғайтуды қамтамасыз етеді, – деді Бақыт Сұлтанов.
Дегенмен ол «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесіне кедергі келтіруші екі күрделі проблема қалыптасып отырғанына назар аудартты.
«Біріншіден, кеден бекеттерінде жылдамдығы жоғары байланыс арналары жоқ болып отыр. Спутниктік байланыс арнасының өткізу қабілеті мәлімделген талаптарға сай болмай шықты. Яғни, уәде етілген 8Мбит/с өткізу қабілетінің ор­нына, 4 Мб/с өткізу қабілеті ғана бар 2 арна қосылды. Бұл «АСТАНА – 1»-де жұмыс істеуге мүм­кіндік бермейді. Кем дегенде 40 Мбит/секунд байланыс арнасы болуы қажет. Екін­шіден, жуық арада қосымша виртуальді қуат ресурстарын (хостинг) бөлу қажет» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Ведомство бұл мәселелерді Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» ак­цио­нерлік қоғамымен бірлесіп пысықтауда екен.
Кедендік рәсімдерді жүргізуді жылдам­датудың маңызды бағыты – физикалық инфрақұрылымды дамыту. Аталған бағытта барлық автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жоспарланған. «Қазақстан–Қытай» шека­расында «Нұр жолы» жаңа өткізу пункті мем­лекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде салынуда. Құрылыс 2018 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарлануда. Қалған 8 авто­мобиль өткiзу пунктерінің реконструк­циясын ҚХР-дан жеңілдетілген үкіметтік қарыз тарту есебінен жүзеге асыру көзделуде.
Өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес, «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Биылғы сәуір айында ақпараттық жүйені «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылды. Тиісті Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Оның аясында талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Сондай-ақ атқа­ры­латын жұмыс жартылай автоматтандырудан – толық автоматтандыруға көшіріледі. Бүгінде 63 ке­ден бекеті жердегі байланыс арналары арқы­лы, 8 өткізу бекеті – спутниктік байланыс арқы­лы желіге қосылған.
«Министрлік техникалық мүмкіндіктерді іздестіру арқылы «АСТАНА – 1» жүйесі жұмысын қамтамасыз ету үшін кеден бекеттерін жоғары жылдамдықты байланыс арналарына қосу жұмыстарын жүргізеді» деп сендірді Дәурен Абаев.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мыр­захметов жүйені енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пайдасы туралы айтып берді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин мен вице-премьер А.Жұмағалиев те талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.
Үкімет отырысы соңында медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенк­латурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері қаралды.

 Айхан Шәріп

Пікір

Юлия ЩЕПОВА, KSP Steel ЖШС кедендік рәсімдеу жөніндегі менеджері:
– Біздің компания қазақстандық тігіссіз болат құбыр­лардың, болат шарлардың, арматураның және басқа да металл бұйымдарының ірі өндірушісі. Өз өнімдерімізді ЕАЭО нары­ғына, сондай-ақ алыс шетелдерге шығарамыз. «АСТАНА – 1» жүйесінің іске қосылуымен бірге, кедендік деклара­цияларды рәсімдеу процедурасы жеңілдеді. Бұған дейін біз әрбір декларацияны, ілеспе құжаттар топтамасымен бірге кедендік ресімдеу орталығына (КРО) тасып жүретінбіз. Ал енді декларация рәсімдеудің бүкіл жұмыстарын кеден органдарына сабылмай, жұмыс орнымызда отырып-ақ тындыра саламыз. «АСТАНА – 1» бағдарламалары баға параметрлері бойынша, сондай-ақ тарифтік емес реттеу бойынша бақылауды өзі жүр­гізеді де, тауарларды шығару автоматты түрде іске асырылады.
Тағы бір игілігі сол, біздің өнім экспортқа күн-түн демей үздіксіз жөнелтілетіндіктен, бұл жүйе тәулік бойғы режимде декларациялануға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, материалдық шығыстарымызды да қысқартады. Үнемделген қаржы өндірісті кеңейтуге және кәсіпорынның қажеттіліктерін өтеуге жұм­салады.
Қорыта айтқанда, бұл ақпараттық жүйені қолдану кәсіпкер үшін өте тиімді. «АСТАНА – 1» жүйесін ендіру бағы­тында ауқымды іс тындырғаны үшін біз, бизнес қауымдастығы ел Үкіметіне зор ризашылығымызды білдіреміз.

Әсем ШӘКІРОВА, Павлодар облысының мемкірістер департаменті басшысының орынбасары:
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 38-қадамы электрон­ды декларациялау жүйесін дамытуды, тауарларды экспорттау және импорттау үшін қажетті құжаттар тізімін қысқартуды қарастырды. Оны іске асыру мақсатында «АСТАНА – 1» іске қосылды. Бұл жүйе кедендік рәсімдер санын қысқартады, кедендік құн және тауарларды жіктеу бо­йынша кедендік бақылау салмағын тауарларды шығар­ғаннан кейінгі кезеңге ауыстыруды көздейді. Бұл өз кезегінде тауарлардың шығару мерзімін 1 күннен 4 сағатқа дейін азайтты.
«АСТАНА – 1» көпфункционалды және кешенді жүйе болып табылады, оны кезең-кезеңімен енгізу туралы шешімі қабылданды. Ендірудің алғашқы кезеңі 2017 жылғы 1 қазаннан басталды, сонда «Кедендік транзит» жүйесі қолданысқа берілді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, «АСТАНА – 1» жүйесінде «Экс­порт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» жү­йесі іске қосылды. Ал осы айда, 1 сәуірден бастап, «АСТАНА – 1» барлық кедендік проце­дуралар бойынша енгізілді.
Жаңа ақпараттық жүйе қолданушыларға тегін ұсынылады. Жаңа формат сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеден органы қызметкері арасындағы тікелей қарым-қаты­насты жойды, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетіп отыр.

Иса Аллахяров, «Тимирязев ұн тарту комбинаты» ЖШС бас директоры:
– Біздің кәсіпорын тек СҚО-ны ұнмен қамтумен шектелмей, Еуразиялық одақтың сыртқы және ішкі сауда­сына белсенді қатысады. 2017 жылы комбинат 27 588 тонна ұн, 9 360 тонна кебек, 5006 тонна астық экспорттады. Бұл ретте алдыңғы жылғыға қарағанда, ұн экспорты – 26 пайызға, кебек 43 пайызға артты. Біз биыл осы көрсеткішті сақтап, оны тағы 25 пайызға өсіру мүмкіндігін мақсат етіп отырмыз.
Осы орайда, әрине, кедендік рәсімдеудің жеңілдеуі үлкен игілік болып табылады. Жалпы, электрондық кедендік декларациялауға көшу – аса маңызды технологиялық серпін саналады. Ол еліміздің бүкіл көліктік-логистикалық инфра­құ­рылымының тиімділігін арттырады. Біз үшін ең үлкен жақсы­лық – осы ақпараттық жүйеде дербес жұмыс жасау мүмкіндігінің тууы болды. Жүйеден төл логин мен паролін алған экспорт­тау­шы компания кедендік деклара­цияны енді өз бетінше қа­лып­тастыра береді. Біз кедендік брокерлердің қызметіне жү­гіну­ді қойдық, өз мамандарымызды оқыттық және бірнеше ар­тық­шылықты бірден сезіндік. Соның бірі ретінде 2018 жыл бас­талғалы жарты миллион теңге қаржының үнемделуін айтуға бо­лады. Жыл басталғалы бері, біздің компания «АСТАНА – 1» ар­қылы 58 декларация рәсімдеп, олар бойынша 247 вагон жөнелтті.

Александр Соболенко, «Рахат» акционерлік қоғамының логистика жөніндегі директоры:
– Электронды декларациялау жүйесі енгізілгелі бері, экспорттық декларацияларды рәсімдеу әлдеқайда жылдамдады және тиімді бола түсті. Бұдан былай кеденге құжаттар топта­масын жинап апару қажет болмай қалды. Барлық жұмысты еш қағазсыз, кабинеттен жасай бересіз. Тек жылдам­дығы жақсы интернетке қосылсаңыз жетеді.

С.Төлегенов, Raimbek-Bottlers ЖШС сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бастығы:
– «АСТАНА – 1» арқасында үшінші елдерге экспорты­мызды кедендік рәсімдеу бойынша шығындарымыз да елеулі түрде төмендеді. Тауарлар декларациялары тез әрі қағаз құжаттарсыз рәсімделеді. Рәсімдеу мерзімдері де еселеп қыс­қарды. Біз осы үшін мемлекетке алғыс білдіреміз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*