Орбұлақтың орны зор

2150
0
Бөлісу:

Ұлт тарихында Орбұлақ шайқасының орны бөлек. Бұл шайқас туралы айтқанда, Салқам Жәңгір мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің есімдері аталмай тұрмайды.
Бұл шайқас – екеуінің жоңғарларға қарсы қол біріктірген шайқасының жеңісі.
Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференцияға тарихшы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырым­дылық қорының төрағасы, про­фес­сор Бекет Тұрғараев жүргізді.

Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі
1993 жылы Үкімет бастамасымен Орбұлақтағы ұлы жеңістің 350 жылдығы тойланған еді. Сөйтіп, ел арасында күмән туғызып келген Орбұлақ шайқасы егемен елдің тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысы ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті.
Орбұлақ шайқасы туралы жіті зерттеп жүрген белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы бұл туралы: «1643 жылғы бұл соғыс – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқпана жасап бұлай шайқасқан емес. Орын алған жағдайға байланысты қазақ қолбасшылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса, саны өздерінен ондаған есе көп жау жасақтарын тосқауылдауға болатынын іс жүзінде көрсеткен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі. Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір байламға тоқтады, бір мақсатқа тастүйін бекіді» дейді.


Орбұлақ шайқасы – ел бірлігі мен намыс-жігерінің шынайы көрінісі еді. Жиынның шымылдығын ашқан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев: «Бұл конференция Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында Орбұлақ шайқасының 375 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихты танып, зерделеу керек. Тарихты таразылау қажет. Сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың» деп шегелеп айтқан еді. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Осындай тарихта ерекше іс қалдырған қазақ халқы үшін азаттық жолындағы тарихи жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ шайқасы – ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһармандықтың өнегесі болып айшықталып қалды. Бұл – қазақ жасақтарының ойрат басқыншыларына қарсы ымыралықпен тоқсауыл берген шайқастарының бірі. Сондықтан шайқастың ел тарихындағы маңызы ерекше. Қазақ жауынгерлері ойраттардың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, оның бір бөлігін жойған. Бұл оқиға бірлік пен ынтымақ бар жерде алынбайтын қамалдың жоқ екендігін дәлелдеп отыр» деді.
Ержан Байтілес, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Ерліктің ерен үлгісі

– 1643 жылдың жазында қазақ тарихында айрықша, айтулы оқиға болды. Осы бір сындарлы сәтте сүрініп кетсек, жер жүзінің бетінен жойылып кетер ме едік, кім білсін?! Бірақ даңқты бабалардың жанкешті ерлігінің арқасында ондай сұмдықтан аман қалдық. Айтып отырғанымыз – Орбұлақ шайқасы. Есім ханның бел баласы Жәңгір хан бар-жоғы 600 сарбазымен жоңғардың Батыр қонтайшы басқарған 50 мың әскеріне қасқая қарсы тұрады. Осы бір ерлікке толы шайқастан кейін халық Жәңгір ханға «Салқам» анықтамасын қосқан екен. Салқам – айбатты, айбарлы деген ұғым берсе керек. Біз әйгілі «300 спартандық» туралы әпсананы ұртымыз толып айтып, аузымыздан суымыз құрып отырып суреттейміз ғой. Ал Салқам Жәңгірдің ерлігінің қасында әлгі спартандықтардың соғысы жіп есе алмайды десек, артық айтармыз. Дегенмен иық теңестіріп тұра алмайтыны ақиқат. Өзіңіз ойлаңызшы, 600 ғана жауынгерімен жер қайысқан, соңғы жағы көкжиекпен астасып көрініп жатқан 50 мың адаммен соғысу үшін қандай болуы керек? Ержүректік, қаһармандық, жанкештілік деген сөздердің өзі анықтама бола алмайды-ау.
Мына екі дүниені ерекше айта кету керек. Біріншісі – Орбұлақ шайқасы туралы кино түсіру жайындағы ұсыныс. Сөз басында айтқан «300 спартандыққа» арнап түсірілген фильмнен де мықты болар еді. Екіншісі – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрге Алматы мен Астанада ескерткіш қою. Кейінгі ұрпаққа бабалар атын насихаттауда, саналарына олардың ел үшін еткен ерен еңбегін сіңіруде таптырмас құрал болар еді.

Қарагөз СМӘДІЛ, журналист:

БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

– Орбұлақ шайқасы жайлы мәлімет тарихшы И.Фишердің анықтауымен ең алғаш рет көпшілікке жеткенін бүгінде көзіқарақты жұрт біледі. Қазақ халқы үшін тағдыршешті шайқастың бары мен жоғын түгендеген М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин, А.Левшин, И.Златкин, А.Чулошников мәліметтері де бүгінге көпшілікке кеңінен таныс.
Көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Орбұлақ шайқасының қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданының Белжайлау ал абында өткені жөнінде дәлелін сонау 1990 жылдары ұсынған. Қазақстан Үкіметі 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, Белжайлауда Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойы республикалық деңгейде атап өткен болатын. Сол жылы ұрыс болған жердің атауы – Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, шайқас өткен орынға гранит тастан белгі қойылады. Ұлттық патриотизм сезімін күшейтуге тигізер ықпалы мол іс-шарада қазақтың аймаңдай жазушысы Әбіш Кекілбайұлы баяндама жасап, ол баяндама талайлардың рухын оятқаны да кешегі күннің әңгімесі.
Ал бүгінгі күннің арқауы – Орбұлақ шайқасы қаһармандары – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрге қойылған құрмет – тас мүсін. Халықаралық маңыздағы үлкен жолдың бойында бабалар бейнесі менмұндаласа, қазақ баласы үшін зор құрмет емес пе?!
Әрине, аруақты жер қазақ даласында көп-ақ. Қалай десек те, қазақ даласының күре жолының бойында хан бабаларымыз бен баһадүр аталарымыздың қаһарлы бейнесі асқақтап тұруы – ел мен жердің қадірі мен қасиетін сезіне түсу үшін, өте қажет іс. Бұл – бүгінгі ұрпақтың баба рухына жасаған тағзымы.

Тарихта адамдар көрмейтін бір жіптер болады
Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев: «Қазақ даласының қай жері де киелі. Ата-бабаларымыз қарыстай жер үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан. Солардың арманы болған тәуелсіздік жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашып берді. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін ұшса құс қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын сайын даласы, сағымды сахарасы қайта түлеп жатыр. Сондықтан өткен тарихты мұқият зерделеу арқылы кемел болашаққа көз тігіп отырған жері шұрайлы, тарихы шырайлы Шымкент жерінде мұндай басқосудың өтіп отырғаны заңды құбылыс деп бағалауымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан бір жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің өміріне жаңаша серпін, тың мазмұн берді. Елбасы ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманауи болмысына сай келмеуінің сырын ашып көрсетті. Әлемнің басқа елдерінің тәжірибесін зерделей келе әр қоғамның өз тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады деген тұжырым жасады» деді. Министрлік өкілі Орбұлақ шайқасының мән-маңызына да арнайы тоқталып, «Мәдени мұра» бағдарламасын да тілге тиек етті.
Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков: «Біз бабаларымыз өмірбойы аңсаған азаттығына қол жеткіздік. Туы жоқ, Елтаңбасы жоқ елдер де бар. Оған қарағанда, қазақ елі – бақытты» деді.
Ұлт тарихындағы ұлы жеңістің мән-маңызы туралы ғалымдар арнайы баяндама жасады. Олардың қатарында – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы да бар. Ғалым «Ел тарихындағы пассионарлық құлшыныстар және бүгінгі ұлттық болмыс» тақырыбында сөз сөйледі. «Біз бұрынғы заманда өткен батырларымызды, ерлерімізді насихаттауымыз керек. Олардың ерлік істерін жастардың санасына сіңіргеніміз жөн. Дегенмен сол батыр бабаларымыздың ұрпағы біз, қазақтар, бүгін кімбіз? Біздің болмысымыз қандай деген сұрақ туын­­дайды. Сол батыр­лық қасиет сабақтасып, күні бүгінге дейін келді ме?
Орбұлақ шайқасы бізді бүгін әртүрлі ойға жетелейді. Біріншіден, тарихи оқиғаның болғаны ешқандай күдік туғызбайды. Екіншіден, тарихи оқиғаның әртүрлі деректерде, мәтіндерде мойындалуы, елдің тарихи жадында сақталуы. Үшінші, оқиғаның тарихи негізінде ғылыми айналымға түсуі, әдеби шығармаларға арқау болуы, халық санасының арқауы болуы. Орбұлақ шайқасын саралағанда, Лев Гумилевтің теориясы еске түседі. Бұл теория бойынша ұлттың пайда болуы ұлт этногенез теориясы бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңді материалдық және рухани күш жинау кезеңі немесе императив дейді. Бұл кезең қазақ халқының хандыққа дейінгі кезеңі болса керек. Екінші кезең, осы пассионарлық кезең. Бұл ұлттың тарихи сахнаға шығуы. Оны құрайтын аталастар өздерінің ата-бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлттың мұрасын жалғастырады. Тағы да бір табыс, тағы да бір жеңіс, тағы да бір ғимарат деп табыстан табысқа, жеңістен жеңіске жетеді. Бірақ ұлт осы бір пассионарлық құлшынысты әр уақытта ұстап тұра алмайды. Сондықтан үшінші кезең басталады. Сұйылу кезеңі дейді. Бұл тұста ұлт өткенін ұмыта бастайды. Ұлттың болашағын ойламайды. Оны білгісі келмейтін ұрпақ келеді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қарабастарының қамын ғана ойлайды. Тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашырай береді. Төртінші кезең – футиризм. Бұл кезеңде ұлт тарихын ұмыта бастайды. Бұл – жаһандану заманы дейді. Сондықтан бұрынғы арман бұлдырай бастайды. Содан бесінші кезең келеді. Ұлт өзгере бастайды, тіл өзгере бастайды, дін өзгере бастайды, қоныс өзгере бастайды. Бұрынғы ұлы далада тұрған қазақ қалаға шоғырланады. Бірте-бірте басқа ұлтқа айнала бастайды. Енді осы бес кезеңді айтқанда бүгін біз қай кезеңдеміз деген сұрақ өзінен өзі туады. Бұл – Гумилев теориясы. Сондықтан, өте қиын сұрақ. Қазақ халқының бойындағы мінез, қасиеттер Салқам Жәңгір заманындағыдай пассионарлық шабыт, өскелең биік рух бірте-бірте әлсіреген. Бұл – тек қазақ халқының ғана емес көптеген халықтардың басында бар жағдай. Ұлтқа дем беріп, рухтандырушы Салқам Жәңгір секілді, Әлихан Бөкейхан секілді пассионарлақ тұлғалар көрінбейді. Ресейге бодан болған тұста тәуелсіздікке деген ынта-жігер ұмтылыс аз болмады. Орысқа кіріптарлықтан құтылуды аңсап, бұрқ ете қалған көтерілістердің талайы болды. Ол ұмтылыстар жеңіліске ұшырады. Қазақ талай қасірет шегіп, талай рет тауы шағылды. Тәуелсіздік келді. Біз тарихи жауапкершіліктің алдында тұрмыз. Бүгінгі қазақ – бұрынғы қазақ емес. Біреу өте бай, біреу бай. Біреу орта, біреу ортадан төмен, біреу кедей, біреу өте кедей. Солай күн көріп жатыр. Екі миллионнан астам қазақ 10 мың теңгеге дейін еңбекақы алады екен. Екі миллион 700 мың адам өзімен өзі жұмыс тауып күн көруде. Ел шетіне жау келсе, Салқам Жәңгір секілді, Жалаңтөс секілді батырлар шыға ма қазақтың арасынан? Иншалла, шықсын. Бірақ миллиардтарын шетелде ұстайтын топтың ойы бөлек. АҚШ президенті Томас Джефферсон: «Коммерсанттың отаны жоқ» деп айтқан екен. Елдің басым көпшілігі даурықпай отбасын бағып, Үкіметке қол жаймай еңбек етіп жатыр. Міне, патриоттар – солар. Жерді, елді, тілді қорғайтын да осылар. Байлардың барлығы Бекет Тұрғараев секілді меценат емес қой. Ақшалы адамдар да ел шетіне жау келсе, олар да елді қорғай біледі. Сол сияқты қарапайым халықтың ішінен де сатқындар шығар. Өйткені ондайлар жоңғарлармен соғыс заманында да болған. Ең басты мақсат – мына жаһандану заманында халықтың рухын сақтап қалу. Сондықтан рухани жаңғыру дегеніміз – бүгінгі заманда елдің тұтастығы, елдің бірлігі. Қазақты елге, жерге бөлуге болмайды. Кейінгі ұрпақтан пассионарлық тұлғалар шығатынына сенімім мол. Неміс философының «Тарихта адамдар көрмейтін бір жіптер болады. Ол жіп – сабақтастық. Ол – алтын жіп» деген екен. Орбұлақ заманы мен бүгінгі заманды жалғастыратын алтын жіп бар, ол – рух. Ол – біздің тарих. Сондықтан алтын жібіміз мықты болсын. Еліміздің рухы өсе берсін» деді.

Қазығұртта қос батыр тұр қасқайып
Қазығұрт ауданы Шарапхана елдімекеніндегі «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінде қос батырға ескерткіш қойылды. Халық қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішін салтанатты түрде ашты. Шара барысында сөз алған қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов: «Бүгін біз керемет бір ерекше оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді орындау жолында игілікті істің көп атқарылғанын көзіміз көрді. Алда орындалатын жұмыстар бұдан да көп. Жаңғыру – жаңару деген сөз. Жаңғыру болған жерде рухани жаңарамыз. Біздің тарихымыз болған. Өткен тарихты жаңғыртып, жаңартып отырмыз. Біздің ұрпақ грек тарихын, рим тарихын, орыс тарихын көп оқыдық. Ірі көтерілістерін де жаттап өстік. Бірақ қазақ халқының тарихынан ешқандай хабар болмады. Тарих оқулықтарына да қазақ тарихы енгізілген жоқ. Бұл – тоталитарлық саясаттың жемісі еді. Тәуелсіздіктің арқасында өз тарихымызға терең үңіліп, ақтаңдақтардың бетін аштық. Рухани жаңғыру бағдарламасы – елге үлкен серпіліс әкелді. Еліміздің үлкен атпал азаматының бірі, бүкіл Қазақстанға белгілі меценат, ғалым, тарихшы Бекет Тұрғараев осыған ерекше мән беріп, бір министрліктің, бір облыс әкімдігінің атқаратын жұмысын бір өзі атқарып жатыр. Сол себептен, Бекетке рақмет айтқым келеді. Ары-бері өткен жұрттың бәрі екі қаһарманның ескерткішіне көз тоқтатпай өте алмайды. Күре жолдың бойында орын тепкен еңселі ескерткіш ел рухын асқақтатып, мәртебесін биіктете түседі. Бұл тарих – бәрімізге үлгі, бәрімізге сабақ болуы тиіс. Бекет бауырымыз әрбір қазаққа не істеу керектігін айтып, жол көрсетіп отыр. Бәріміз Бекет бола алмаспыз, бірақ Бекет болуға тырысуымыз керек» деді.
Осыған дейін білікті азамат, заңгер, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев Салқам Жәңгір мен оның сарбаздары қаза тапқан жерге белгітас қойған еді. Қазығұрттағы ескерткіш – сол белгітастың жалғасы іспеттес дүние. Сәні мен салтанаты келіскен ерекше мүсін тұрғызылыпты. Бабалар рухына тағзым етіп, есімдерін ардақтап, ел есінде қалдыруға тырысып жүрген жалғыз адам бар. Ол тағы да – Бекет Тұрғараев. Ұлттың ұлы тарихын жаңғырту үшін берекелі іс атқарып жүрген азаматқа Алла абыройлы ғұмыр берсін деп тілейік.
Орбұлақ шайқасы туралы жазушы Әміре Әрін: «Орбұлақ шатқалындағыдай шайқас адамзат тарихында жоққа тән. Бұл ретте тек спартандық патша Леонидтің 300 жауынгерінің басқыншы парсылық Ксеркстің 80 мыңдық армиясынан тау мен теңіз арасындағы тар өткелді қорғап қалуын ғана мысалға алуға болады. Ал сол 300 гректік спартандығыңыздың атақ-даңқы жер-жаһанға мәшһүр. Қаншама кітап жазылды, поэмалар туды, спектакльдер қойылды. Голливудта екі бірдей көркем фильм түсірілген. Леонид патшаңыз Грекияның ұлттық батырына айналды. Біз болсақ, сол әлі де «ештен кеш жақсының» күйімен жүрміз» деп жазған еді.
Орбұлақ шайқасы туралы фильм түсіру қажет-ақ. Ол фильм батыр бабаларымыздың ұлы ерліктерін бүгінгі ұрпаққа паш ететін туынды болар еді. Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы қазақтарды жоңғарлардың ғана емес, бүкіл әлемнің алдында мойындатқан шайқас болды.
Бұл шайқас – қаһармандық пен ержүрек батыр бабаларымыздың ұлы жеңісі. Сондықтан тарихтағы ұлы істер, ерліктер ұмытылмайды.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*