«Серпін» сенімді ақтады ма?

1639
2
Бөлісу:

2014 жылы елімізде «Серпін – 2050: Мәң­гілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жо­басы басталғаны белгілі. Соның аясында оң­түстік жастарына солтүстік өңірлердегі кол­ледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу, кейін сол аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді. Өкінішке қарай, біздің об­лысқа келген жастардың дені қолына диплом ала сала туған жеріне қайта оралса, енді бір бөлігі оқуын бітірместен кері қайтты. Бұған не себеп?

Ахуалды айтарлықтай арттырады
Алдымен бұл бағдарламаның мән-маңы­зы мен түпкі мақсатына тоқталып өтейік. 2014 жылы Елба­сының тапсырмасымен «Мәң­гілік ел жастары – индустрияға» мем­ле­кеттік бағдарламасы басталған болатын. Со­ның негізінде Маңғыстау, Қызылорда, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы об­лыс­тары­ның мектеп бітірушілеріне солтүс­тік­тегі оқу орын­да­рында тегін кәсіптік білім алу­ға жағдай жасалды. Алғаш­қы жылы жо­ғары оқу орындарына – 1050, колледж­дерге 1000 грант бөлінгенімен, маусымның соңына дейін небәрі 30 түлек бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Мұны байқаған еріктілер үгіт-насихат жұмыстарын мықтап қолға алып, көрсеткіш бірден артты. Айталық, «Серпін» қоғамдық жоба ретінде жү­зе­ге асқан бірінші жыл­да 2000 орынға 10 000 адам талас­ты. Екін­ші жылы өтініш берушілердің қатары 3 есе артып, грант саны 6200-ге жетті. Осы­лай­ша, теріс­­­кейге білім қуып келген жастар қа­та­ры күрт көбейді.
Сол тұста «Серпін – 2050» әлеуметтік жо­ба­сы республикалық үйлестіру кеңесінің тө­рағасы Мұрат Әбенов бағдарламаның басым тұс­тарын былай түсіндірген еді:
– Бұл жобаның екі маңызды тұсы бар.
Бі­­рін­­ші­­сі – экономикалық. Елі­міз­дің 9 өңі­рін­де бала туу деңгейі төмен және өз­­ге елге көшу белең алғандықтан, кадр тап­шы­лығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзек­тілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы уа­қытта іске қосылатын өндіріс орындарында жұ­мыс күшінің тапшылығы айрықша бай­қалуы әбден мүмкін. «Серпін – 2050» жобасы ар­қылы сол өңірлерге халық саны көп об­лыс­­тардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет маман­дықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру ар­қылы кадр мәселесі шешіледі. Екінші маңыз­ды­лық – әлеуметтік проблемаларды шешу. Республи­камыздың 5 облысында бала туу деңгейі өте жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталған өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық ал­­ғаннан кейін басым көпшілігі жұмыс­сыздар қата­рын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облы­с­та мек­теп бітірген жастарға жоғарыда аталған 9 өңір­­дегі оқу орындарына «Серпіннің» ар­найы гранты бөлінеді. Сонымен қатар қо­сым­ша әлеуметтік көмек көр­сетіліп, оқыған өңір­лерде қоныстап қалған жағдайда жұмыс­қа орналасуға 100 пайыз мүмкіндік жасалады.

Кері кетуінің себебі неде?
Қазіргі таңда облыстағы 7 колледжде «Электр стансалары мен желілерінің электр жаб­дықтары», «Ақпараттық жүйелер», «Та­мақтандыру кәсіпорын­дарының өнім өндіру тех­нологиясы мен оны ұйымдастыру» және тағы басқа мамандықтар бойынша барлығы 448 серпіндік студент оқиды. Жоғары оқу орындарында да осы бағдарламаның қатысу­шылары бар. Инновациялық Еуразия уни­вер­ситеті былтыр алғаш рет 20 студентті қа­былдады. С.Торайғыров атындағы Павлодар ме­м­лекеттік университетінде «Серпін» бойын­ша білім алушылардың саны – 541. Ал Пав­лодар мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінде оңтүстіктен келген 661 жас ма­мандықтың қыр-сырын меңгеруде.
Дейтұрғанмен, «түпкі мақсат іс жүзінде то­лықтай орындалып отыр» деп ауыз тол­тырып айту қиын. Оған мына бір дерек дәлел бо­ла алады: 2017 жылы Павлодар облы­сын­да­ғы колледжерді «Серпін» бағдарламасы бо­йын­ша алғаш бітірген 67 түлектің небары 14-і біздің аймақта қалды. Оның 11-і жұ­мыс­қа орналасты, үшеуі жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда. 5 түлек Қазақстанның басқа қалаларында еңбек жолын бастауды құп көрсе, тағы бірі әскерде азаматтық боры­шын өтеп жүр. Түлек­тердің жалпы санының 70 пайызы немесе 47 колледж бітіруші өз өңір­­леріне қайта оралды. Ал әу баста олар бі­лім алған облыста қалып, осындағы жұмыс кү­­шінің көбеюіне ықпал етеді деген мол се­нім болған-ды. Өкінішке қарай, бұл үміт ақ­тал­­мады. Осы жылы да бұл жағдай қайта­лануы әбден мүмкін. Себебі, студенттердің кей­­бірі солтүстікте тұруды қаламайды.
– Осыдан 4 жыл бұрын Қызылорда об­­­лы­сынан келіп, Павлодар мемлекеттік пе­дагогикалық институтының студенті атан­дым. Биыл осы оқу орнын қазақ тілі мен әд­е­биеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бі­ті­ремін. Кейін ұстаздық жолымды туған же­рімде бастамақ ойым бар. Өйткені Павло­дар облысында тек ауылдық аймақтардан жұмыс ұсынылып отыр. Ал менің шалғай ел­ді­ме­кенге барғым келмейді. Оған қоса, үйдегі жал­ғыз қыз болғандықтан, ата-анам­ның қа­сында, Қызылордада тұрсам деймін, – дейді Инабат Махмұтова.

Жалпы, биыл колледждерде оқитын 174 сер­піндік қолына диплом алмақ. Павлодар мем­лекеттік педагогикалық университетінде осы бағдарлама бойынша білім алатын 135 сту­дент те маман атанады. Осыдан тура төрт жыл бұрын ПМПИ-ге оңтүстіктен келген 145 ба­ла мемлекеттік грантты иеленген-ді. Бай­қағанымыздай, оның 10-ы оқуын соңына дейін аяқтамады. Бұл оқу орнының оқу-әдіс­темелік жұмыс жөніндегі проректоры Қайрат Текжанов студенттердің үйіне оралуына негіз бар дегенді алға тартты.
– Серпіндіктер денсаулық, отбасы жағ­дай­­ларына байланысты туған жерлеріне қайт­­ты. Кейбірі тұрмысқа шықты, кейбірі біз­­дің климатқа үйренісе алмады. Ал біздің олар­­ды күшпен ұстап, мәжбүрлеп оқытуға құ­­қығымыз жоқ. Әркімнің жағдайына түсі­ніс­­тікпен қараймыз, – дейді Қ.Текжанов.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мем­ле­кеттік университетінің 30 студенті де оң­түс­­тікке оралды. Жастардың теріскейде тұ­рақ­­­та­мауының себебі неде? Мұны сер­­­­­пін­­діктердің өзі­нен білмек болдық. Олар­дың айтуынша, бас­­ты себеп – баспана.
– «Серпін» бойынша білім алуға келген сту­денттердің барлығы жатақханамен қам­ты­лып, үш жыл бойы алаңсыз оқиды. Ал дип­­ломымызды алған соң қиындықтар туын­­дай бастайды. Соның бастысы – бас­па­на­ның жоқтығы. Бұл жақта пана болар ағайын-туысымыз жоқ, ал пәтерді жалға алу қым­бат. Кейбір кәсіпорындар қызмет­кер­ле­ріне үй береді дегенді естідім, бірақ оны да бі­раз уақыт күтуге тура келетін түрі бар. Сон­дықтан амал жоқ, өз үйімізге ораламыз, – дей­ді Шымкенттен келген студент Нұрбол Айтуаров.
Павлодар қаласының тұрғыны Жанғабыл Сә­биев тағы бір мәселені алға тартты.
– Ата-ана, ағайын-туыстан алыста тұру оңай емес. Менің жақын туысымның баласы «Сер­пін» бағдарламасы бойынша Қызыл­орда­дан келіп, қазір Павлодар қаласындағы кол­ледждердің бірінде оқиды. Бір жылда үйі­не небәрі екі-үш рет барады. Себебі, Пав­лодар мен Қызылорданың арасын жалғайтын автобус, пойыз не ұшақ жоқ. Оған алдымен Астанаға не Алматыға, содан кейін ғана Сыр еліне жетуге тура келеді. Мұның өзі студент­тер­ге әжептеуір салмақ салады. Сондықтан сол­түстік аймақтарда оңтүстіктен келіп оқи­тын жастардың барын ескеріп, тым құры­ған­да аптасына бір рет жүретін автобус қарас­тыр­ған дұрыс деп ойлаймын. Егер пойыз, ұшақ қатынасы оң жолға қойылса, тіпті жақ­сы болар еді, – дейді Ж.Сәбиев.

Қайтарымы болса…
Жасыратыны жоқ, бұл бағдарлама бойын­ша білім алуға келген жастарға жергілікті сту­дент­термен салыстырғанда көп басымдық бе­ріледі. Барлығы бірдей жатақханамен қам­тылады, шәкіртақы беріледі, үйіне барып-келетін билеттің ақысы төленеді. Облыстық білім беру басқармасы ұсынған мәліметке сүйен­сек, колледждерде оқитын «серпіндік» сту­денттерге ай сайын 16579 теңге шәкір­та­қы, үйіне бару үшін жылына екі рет 4 ай­лық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақы, яғни 9620 теңге және Қазақстан Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 Қаулысына сәйкес, бір реттік тамақтану ақысы беріледі. Жалпы, мем­лекеттік қазынадан бір студентке жылы­на 690,62 мың теңге бөлінеді. Алматыдан келген ИнЕУ студенті Ғалымжан Хасан мұн­дай мүмкіндіктердің жасалғанына риза. Бі­рақ оқуын бітірген соң Алматыға оралуды ар­мандайды.
– Достарымнан «Серпін» бағдарламасы туралы естіп, Павлодар қаласында білім алу­ға бел будым. Сөйтіп, былтыр Инновациялық Еу­разия университетіне оқуға түстім. Сол­түс­тіктегі ағайын жылы қарсы алды, жатақ­ха­на берді, ай сайын 24 мың теңге шәкіртақы аламын. Инженер-технолог мамандығын бітірген соң туған жерге оралуды ойластырып жүр­мін. Себебі, мегаполис қала – Алматыда мүм­кіндік көп. Естуімше, егер «Серпін» бағ­дарламасы бойынша келген студенттер оқуын тәмамдаған соң осы жақта 3 жыл жұ­мыс істемей, оңтүстікке кері қайтса, мем­ле­кет­тік гранттың ақысын қайтаруы тиіс. Бі­рақ оқуға түскенімде осы міндеттемелер бел­гіленген қандай да бір шартқа қол қойған жоқ­пын, – дейді Ғ.Хасан.
Қолына диплом алған тү­лек белгілі бір себепке байланысты оңтүс­тік­ке оралса, оны оқытуға жұмсалған қаражат­тың қайтарымы қарастырылмағанын билік өкіл­дері растап отыр.
– Түлек өз өңіріне қайтқан жағдайда оқуы үшін «Мәңгілік ел жастары – индус­т­рия­ға» тұжырымдамасы бойынша өтемақы тө­леу қарастырылмаған, – дейді облыстық б­і­лім беру басқармасы басшысының орын­ба­с­ары Сәуле Әлекпарова.
Осыдан соң «Серпін» бағдарламасы оқу­ға түсудің оңай жолы емес пе?» деген сауал ерік­сіз туындайды. Яғни, кейбіреулер оны аз бал­мен грантқа түсудің амалы ретінде ғана қа­растыратынға ұқсайды. Сонда бұл бағдар­лама арқылы келген студенттердің әлеу­мет­тік-экономикалық ахуалды жақсартуға, сол­т­үстіктегі жұмыс күшінің көбеюіне әсер ете­тіні құр сөз болып қалғаны ма? Бәлкім, Ел­басы белгіленген міндет-мақсаттар орын­далып, түлектердің тұрақтауы үшін талаптар қою қажет шығар. Мәселен, «Дипломмен – ауыл­­ға!» бағдарламасына қатысушылар ауыл­­­дық жерлерде міндетті түрде кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе, мем­лекет тарапынан берілген төлема­қы­ларды қай­таруы қажет. Егер серпіндіктерге қатысты да арнайы шарттар белгіленсе, бағдарлама өз жемісін берер ме еді, білім қуып келген жас­тар кері кетпес пе еді, кім білсін?! Сіз қа­лай ой­лайсыз?

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Павлодар облысы

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. Макс 24 Сәуір, 2018 at 19:32 Жауап

    Яғни, кейбіреулер оны аз бал­мен грантқа түсудің амалы ретінде ғана қа­растыратынға ұқсайды.

Пікір жазу


*