Зейнетақы активтерін басқарудың бағыты өзгерді

921
0
Бөлісу:

Зейнетақы жинағындағы қаражаттың қанша табыс табатыны қарттығын ойлап қам жейтін әр азаматтың көкейінде болса керек-ті. Ақша құнын жоғалтқан сайын бұл «уайым» санамызда сайрай түседі. Бұған дейін инвестицияның жілігін шағып майын ішкен мамандар Ұлттық банктің зейнетақы активтерін басқару тәсілін талай сынға алды. Әсіресе, Халықаралық Әзірбайжан банкі өзін банкрот деп жариялағанда мұндай пікірлер легі БАҚ беттерін шарлағанына көзіқарақты оқырман куә. Бірақ ескертулер назардан тыс қалған жоқ. Енді Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаражатты инвестициялауда жаңа стратегиялық бағытты жүзеге асыратын болды.

«Ұлттық банк дербес басқару аясында арнайы механизм әзірледі. Ол макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау негізінде инвестициялық жағынан тартымды елдерді таңдауға мүмкіндік береді. Ал бұл елдер JPMorgan және Merrill Lynch компаниялары әзірлеген және қадағалайтын дамушы елдер облигацияларының ғаламдық индексіне енген» делінген ресми баспасөз хабарламасында.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басшысының орынбасары Сәуле Егеубаева зейнетақы активтерін шет­ел­дік жеке компаниялардың басқаруы­на беру процесі басталғанын хабарла­ды. Оның айтуынша, 2018 жылдың нау­рызында алғашқы келіссөздер жүр­гізілген. «Биыл наурызда 220 млн дол­лар Aviva Investors компаниясының се­німгерлік басқаруына берілді. Бұл ме­кеме – қаражаттарды басқарудағы ірі топ саналатын Aviva PLC-тің бір бө­­­лім­шесі» деді ол. Бірақ қордың бас­қар­ма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева­ның айтуынша, әзірге БЖЗҚ қа­ра­жатының бір бөлігін отандық ком­паниялардың бас­қаруына беру туралы нақты ақапа­рат жоқ. «Ол Ұлттық банктің инвести­ция­лық стратегиясына тікелей байла­ныс­ты» деді ол Нұрбүбі Наурызбаева.
Бұған дейін, 2017 жылы зейнетақы ак­тивтерін инвестициялау мақсатында жүр­гізілген талдау нәтижесінде тұрақ­ты макроэкономикалық көрсеткіш­тер­ге және кредиттік рейтингтерге ие 11 дамушы ел таңдап алынған екен. Олар – Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа ай­мақтарындағы мемлекеттер. Ал 2017 жыл­дың қарашасында Ұлттық Банк зей­нетақы активтерін Бразилия, Мек­сика, Чили, Перу, Польша, Индонезия жә­не басқа да дамушы елдер Үкіметінің АҚШ долларында номинирленген мем­лекеттік бағалы қағаздарына ке­зең-кезеңмен инвестициялау шара­ла­рын жүзеге асыра бастаған.


Жиында белгілі болғандай, 2018 жыл­дың 1 сәуіріне қарай зейнетақы ак­тивтерінің 73,29 пайыздан астамы рей­тингі «ААА»-дан «BBB-»-ға дейінгі тәуе­келі ең төмен қаржы құралдарына, ал 15,58 пайызы ұстамды дәрежедегі тәуекелі бар (рейтингі «ВВ+» -тен «В-») қаржы құралдарына орна­лас­тырылған. Бі­рақ инвестициялық портфельдің 10,08 пайызына тең 849 млрд теңге мөл­шеріндегі қаржы құралдарының рей­тингі бағаланбаған. Соған қара­мас­тан, олардың эмитенттері алдыңғы қа­тарлы халықаралық агенттіктер та­ра­пынан барабар кредиттік рейтинг­тер­ге ие және олардың қаржыны қай­тару жө­нінде мемлекеттік кепілдігі бар.
Енді өткен жылы қазақ­стан­дық­тардың зейнетақы қорындағы жинақ­тары қанша пайда тапқанын есептелік. Қор ұсынған ресми деректерге сүйен­сек, 2017 жылы БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шот­тарына есептелген таза инвес­ти­циялық табыс сомасы 550,6 млрд теңге бол­ған. Яғни, табыстылық деңгейі – 7,92 пайыз, ал бұл кезеңде инфляция 7,1 пайызды көрсетті.
Зейнетақы активтерін бір арнаға т­о­ғыстырған 2014 жылдан бері қордағы қа­ра­жат орташа есеппен инфляциядан жоғары деңгейде табыс тауып отырған. Бірақ теріс сальдо көрсеткен кездері де жоқ емес. Мысалы, инфографикаға на­зар салсақ, 2014 және 2016 жылдары ин­фляция табыс деңгейінен жоғары бол­са, 2015 жылдың көрсеткіші, кері­сін­­ше, көңілге қонымды екенін кө­ре­міз.
Еліміздің зейнетақы жүйесі үшін ин­вестиция қандай маңызды болса, эко­номикалық белсенді халықтың ба­сым бөлігін құрайтын өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтушылар мәселесі де сондай өзек­ті. Өйткені ширек ғасыр өтпей-ақ олар­дың да біразы қарттардың қата­рында болады. Мемлекет басшысының өзі биылғы халыққа Жолдауында «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұ­мыссыздар экономикалық өсім­нің резерві саналады» деп атап көр­сетті. Бұл мәселеге келгенде зейнетақы қоры өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың ста­тусын анықтау мақсатында ай сайын жарна түспейтін шоттарды өң­деу процесін жүзеге асырып жатқанын хабарлаған еді. «2018 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында 71 мыңнан астам салымшымен байланыс орна­тыл­ған. Телефон арқылы хабарласу нә­тижесінде сол салымшылардың 25 пайы­зы (8 953 адам) қосымша ақыл-кеңес алу үшін қорға хабарласты. Сон­дай-ақ 9 789 жеке зейнетақы шотына жар­на түсті. Ал бұл байланыс орна­тыл­­­ған салымшылардың 14 пайызын құ­рай­ды» делінген хабарламада. Осы­­­лай­­ша, қор өкілдері хабарласқан са­­­­лым­шылардың 68 пайызының жұ­мыс­­сыз екендігі, ал 15 пайызының өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екен­­­­ді­гі анықталған. Әрине, қор өкіл­­дері жур­налистерге эконо­ми­ка­лық тұрғы­дан белсенді тұр­ғын­дар­дың барлығын жинақтаушы зей­не­тақы жүйесімен қамту үшін осы ба­­ғыттағы жұмыстар­дың одан әрі жал­­ғасатынын айтты.
Зейнетақы қорынан қаражат жым­қыр­ды деп айыпталған экс-басшы­лар­дың жағдайын да БАҚ өкілдері ес­керу­сіз қалдырмаған екен. Отандық бас­­па­сөз құралдарының хабарлауын­ша, Нұрбүбі Наурызбаева БЖЗҚ қара­жа­тын ысы­рап еткендері үшін соттал­ған бұрынғы жетекші Руслан Ерденаев пен басқа да аза­маттардан зейнетақы қоры тағы да 1,7 млрд теңге өндіріп алуды көздеп отыр­ғанын жеткізген.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*