БАҒДАРЛАМАЛАР БІР-БІРІНЕ БАЙЛАНСА

Бастама, бағдарлама, жоба, жоспар дегендер жағынан еш кенде емеспіз. Осыған дейінгі жүріп өткен жолымызға қарасақ, талай нәрсенің болғанын көреміз: жекешелендірудің бірнеше жобасы, экономикалық дамудың бірқатар бағдарламасы, оның ішінде «кластер» деген бар, соңғысы – индустриялық-инновациялық даму, қыл аяғы «бес бастамаға» дейін қыруар бағдарлама қабылданған. Алайда, соның бәрі – кезең-кезеңге арналған; бір-бірімен қабыса бермейді, бір сөзбен айтқанда мағыналық тұтастық, мазмұнды сабақтастық жоққа тән.
Елбасы биылғы бес бастамасын жариялағанда былай деді: – Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз.
Президенттің бес бастамасы: – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» – ел үшін өзекті.
Н.Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жоба іске қосылғаны белгілі. Бұл жоба – бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірегейі. Осы «Серпін» арқылы қазақ жастары сапалы білім алып, тұрақты жұмыс таба алады. Жобаның басты мақсаты – еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республиканың оңтүстік өңірінің – Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасап, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау. Жоба бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге жатақхана беріледі. Жастар оқуды бітіргеннен кейін оларды жұмысқа орналастыру мәселесі де қарастырылған. Тұрмыстық жағынан да қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Қазір қазақ жастары жұмыс іздеп Оңтүстік Корея, Канада, Түркия жаққа кетіп жатыр. Ал Қазақстанда жұмыс күші аз, оның үстіне еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен. Қайда қарасақ та, еңбек күші мен кадр тапшылығы байқалады. Мемлекет индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға құмбыл кірісті. Жастар елден іргесін аулаққа салып, жайлы жер іздеп, кете бастаса елде кім қалады? Қазақстанды кім көтереді? Мемлекетіміз қалай өркендейді?
«Серпін – 2050» жобасының мақсаты жақсы: халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, солтүстік облыстардағы жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа орналастыру, сөйтіп кадр мәселесін шешу. Демографиялық деректер бойынша, республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі өте жоғары. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы халық саны 500 мыңға жуықтады. ОҚО әкімшілігі бұл ауданды қайта бөлу туралы текке бастама көтеріп отырған жоқ. Оңтүстік өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жердегі жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына оқуға түсуі қиындап кеткені жасырын емес. Қолдарында табақтай дипломы болса да олардың көбі жұмыссыздар қатарына қосылатыны белгілі.
Ең алдымен, жастарды жатақхана табу қинайды. Сосын нақты жұмыс табу – үлкен мәселе. Одан кейінгісі – сол өңірде тұрақтап қалу. Ал бұл үшін баспана қажет. Қазақстан Үкіметі осы тұрғыдан алғанда жастардың солтүстік өңірлерде тұрақтап қалуы үшін кешенді іс-шаралар жоспарын жасап, бекітуі тиіс. Мемлекет басшысының бес бастамасы мен мемлекеттік бағдарламалар бір-біріне тығыз байланса дұрыс болады. Жыл сайын арнаулы грантқа түсіп, қажетті мамандықтар бойынша оқитын жастардың есебін алып, олардың болашақ жұмыс орындары мен тұрғын үй мәселесін шешуді бірінші кезекте қолға алу керек. Әйтпесе, жастар «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып, диплом алып, кейін не жұмыс таппай, не баспана таппай, айналып келгенде өзінің туған жеріне қарай тартып кететін болса, бәрі бекерге шығады.
Мемлекет басшысы стратегиялық бағыт-бағдарды белгілеп береді. Үкіметтің міндеті – соларды үйлестіру. «Бес бастама» – жап-жақсы дүние. Соның орайын келтіру, әдемі үйлестіру, нақты орындау керек-ақ. «Әләуләйлім таусылса, қалауләйлім тағы бар» деп, ұзын арқан, кең тұсауға салынып жүре беруге әсте болмайды.
Нұртөре ЖҮСІП