Көлсай көзден бұлбұл ұшпасын десек…

1098
0
Бөлісу:

Өткен аптаның соңында «Кеген ауданының Көлсай көлдері орналасқан аумағында таулар көшіп жатыр» деген суыт хабар тарап, ел-жұртты елең еткізді. Әртүрлі болжамдар айтылып, әлеуметтік желілерде ақырын ғана жылжыған тау бөктеріндегі жер қыртысының көріністері пайда болды.

Демалыс күндері ауданға арнайы барып, Көлсай шатқалында орналасқан жедел штабтың жұмысын және қалыптасқан жағдайдың барлығын өз көзімен көріп, тиісті мамандардың болжамы мен зерттеулерінің барысын тыңдаған облыс басшысы аудандағы барлық тау бөктерін зерттеп, зерделеуді тапсырды.
Қалыптасып отырған төтенше жағдай жайында ІІМ ТЖ комитетіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Тоқтар Баймолдаев баяндады. Оның айтқанына қарағанда, көшкіннің басы Көлсай өзенінің арнасына жақындады. Жер қыртысының жылжуы сағатына бір метрге жеткен. Топырақ өзен арнасын жауып қалуы және өзеннің ағыны өзіне жаңа арна жасап алуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде өзенмен 2 текше метр су өтеді. Мамырдың соңы мен маусымның басында өзеннің су өткізу көлемі 30 текше метрге дейін барады. Жиналып қалған қалың топырақ өзен суы арқылы шайылып кетеді. Бірақ бұл жағдай өзеннің түбіне шөгетін тұнбаның қалыңдап кетуіне ықпал етіп, соның салдарынан арнадан асып, өзеннің сағасына жайылған су жұртты әбігерге салады. Осының алдын алу мақсатында суды эвакуациялық каналмен жіберудің қамы жасалуда.
Сарапшылар мен мамандарды мұқият тыңдаған облыс әкімі сол жерде бірқатар тапсырма берді. Бірінші кезекте өзеннің табанын тереңдету үшін оның сағасына шынжыр табанды экскавотарлар қойған жөн. Егер тау жынысының салмағы өзенді бөгеп тастаса, жоғары жақтағы суды тұйық көлдерге құюдың тәсілдерін пайдалану қажет.
– 8 сәуір күні мұнда жер сілкінісі тіркеліп, іле-шала жаңбыр жауған болатын. Бұл жер арқылы тектоникалық жарылыс өтеді. Осының барлығының әсері тау жынысының қозғалуына әкеліп соқтырған сияқты. Бірінші кезекте елдімекендер маңында орналасқан тауларды қоса алғанда, аудандағы барлық тау бөктерін мұқият зерттеуден өткізу керек. Сондай-ақ геологиялық шарттарды ескере отырып, айналма жол төсеп, электр желісін де тарту қажет, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Қазіргі кезде оқиға болған жерге барлық қажетті техника шоғырландырылып, тау бөктерінің қозғалысы тұрақты бақылауға алынған. Әзірге елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін бірқатар БАҚ-та жарияланған: «Сатыға апаратын жол жабылып қалыпты» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған ауылға жеткізетін жол ашық және бұған дейін де жабылмаған.
Өйткені тау жынысының жылжуы ауылдан кейін, «Көлсай көлдері» Ұлттық саябағы кардонының арғы жағындағы аумақта тіркелген.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*