Борышкер батпаққа батпайды

1250
0
Бөлісу:

Мәжілісте «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» жаңа заң жобасының бейресми тұсауы кесіліп, алдын ала сарапшылар талқылауына тартылды. Бұл құжат арқылы мемлекет борыш батпағына батып, одан шыға алмастай ауыр жағдайға жеткен азаматтарды құтқарып, сауықтыруға бел буып отыр.

Қаржы министрлігінің дере­гінше, 2018 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 1,2 миллион адамның мемлекет алдындағы салықтар бойынша қарызы 19,1 миллиард теңгеге жетті. Бұдан тура бес жыл бұрын бұл сома небәрі 1,7 миллиард теңге болатын. Бұдан өзге, сот үкімі шыққанымен, ат­қару қағазы негізінде өндіріп алар дүние-мүлкі жоқ жандардың «армиясы» 2014 жылғы 25 мың ­адам­нан енді 937 мың адамға, ал олар­дың берешегі 44 миллиард тең­ге­ден 142,8 миллиардқа өсіп отыр.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша қазақстандықтарға банктер берген барлық 4 триллион 259,1 миллиард теңгенің 414,5 мил­лиар­ды қайтарылмайтын кредит күйіне көшіпті.
Осының барлығы жеке тұлға­ларға өздерін банкрот деп жариялап, еңсесін езген зілбатпан жүктен арылуға мүмкіндік беру мәселесін өзекті етуде. Әлемдегі дамыған ел­­дерде қолданылатын бұл тетікті өз елімізде ендіруге саяси ерік-жігер де бар. Бұдан үш жыл бұрын, 2015 жылғы 30 қарашада Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақ­ты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауында жеке тұлғалар банкрот­ты­ғының нақты әрі түсінікті рәсімдерін әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Тиісті заң жобасы қазір ғана әзір болып отыр.
Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділовтің айтуынша, бұл жоба арқылы мемлекет Қазақстан азаматтарының қарызын реттеу бойынша проблемаларды тиімді шешуді мақсат тұтады. Ол сондай-ақ бұл тетіктің игілігін қандай адамдар көре алатынын да түсіндіре кетті.
– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесін ашу үшін азаматтың қарызының көлемі, өтініш берген күні, оған тиесілі мүлік құнынан асып түсуі, ал оның міндеттемелерін орындамау мерзімі үш айдан артық болуы шарт. Бұған қоса, банктік заем шарты бойынша қарызы бар борышкер банкроттық процесін ашқанға дейін, алдымен кредит келісімшартының талаптарын өзгерту туралы банкке жүгінуге міндетті, – деді Қ.Баеділов.
Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, жеке тұлғалардың банкрот­тығы тетігін алаяқтар, яғни «алдау­мен, өзгелердің сенімін теріс пайда­ланумен, сондай-ақ міндеттемелерін қасақана орындамаумен байланыс­ты қылмыстары үшін өтелмеген соттылығы бар тұлғалар» қолдана алмайды.
Сонымен, жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялау процесі оның «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша төл жоспарын түзуден» және «сот шешімі негізінде оның меншігіндегі мүлікті саудаға қою рәсімінен» тұрады.
Бұл үшін борышкер мемлекеттік кірістер басқармасына өтінішпен жүгінуі шарт, онда ол кем дегенде үш айдан артық уақыт бойы тө­лем­дері тоқтатылған қарызы мен борышының көлемін, қандай ак­тивтері барлығын көрсетеді. Осыдан кейін басқарма процесті ашу туралы шешім қабылдайды да, істі қаржылық әкімшіге тапсырады. Содан соң, ақпарат жинау жүреді. Оның қорытындысында «жоспар құру орынсыз» деп бас тартылуы да ықтимал. Егер бәрі заң талаптарына жауап берсе, борышкердің жос­парын құру кезеңі басталады.
– Жоспарға сай төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру рәсімі сот­тың қатысуынсыз, борышкердің уәкі­летті мемлекеттік органға өті­ніш беруі жолымен жүзеге аса­ды. Бұл рәсім қарызды қайта құры­лым­дауға және қалыптасқан дағдарыс­тық жағдайдан бірте-бірте шы­ғаруға бағытталған шаралар кеше­нінен тұрады. Жоспарды тәуел­сіз кәсіби маман – қаржы әкім­шісі құрастырады. Оның кандидатурасына борышкердің және қарыз берушінің келісімі алына­ды. Өз кезегінде, бұл рәсім аясында кредитор­лар борышты бөліп төлеуді немесе кейін төлеуді ұсынуға, сондай-ақ өтемақы-пеня­ны, айыппұлдарды алып тастауға, қарыздың бір бөлігін кешіруге және басқа да шараларды ұсынуға міндетті болады. Әр борышкердің төл жоспарын жүзеге асыру мерзімі
5 жылға ұзайды. Жоспарда бекітілген барлық шараларды орындау борышкер үшін міндетті, – дейді қаржы вице-министрі.
Ал «мүлікті саудаға қою және өткізу рәсімі» келесі жағдайларда: «борышкердің тұрақты табыс көзі болмаса», «жоспар талап­тары бойын­ша борышкер мен креди­торлар келісімге келе алмаса», «жос­парда қарастырылған шаралар­ды борышкер орындамаса», «борыш­кердің адал емес, жосықсыз қаре­кеттерге бару фактілері анықталса», қолданылады.
Бұлар қарызға мелдектеген тұлғаның бар дүние-мүлкін сауда арқылы сатуға соқтырады.
Бірақ заң жобасында осы орайда ізгі бап бар. Оған сәйкес, борышкердің жалғыз тұрғын үйін сатуға шығаруға тыйым салы­на­ды. Яғни, өзін банкрот деп жария­лаған адам «бомж» боп, далада тентіремеуге тиіс. Рас, бұл ретте бір шарт бар: ол баспананың тұр­ғын ауданы борыш­кермен бірге тұратындардың әрқайсысына шаққанда он сегіз шаршы метрден аспауы керек.
Заң жобасы сатылудан түскен қаражатты кредиторлар арасында кезектілікке сәйкес үлестіруді талап етеді. Мәселен, бұл ретте мемлекет (салық және басқа да төлемдер бойынша қарыздар) бірінші орында, ал банктер, компаниялар және басқасы кейін тұрады. Әрине, онсыз да қарыз құрдымынан шыға алмай қиналған жанда татымға тұрарлық дүние болмауы мүмкін. Тиісінше, кейінгілерге тиын-тебен тимеуі де ғажап емес. Соған қарамастан, осы сауда-саттықтан кейін борышкердің өтелмеген барлық қарыздары сот шешімі бойынша есептен шығарылып, жойылады.
Бірақ алименттер бойынша борыш, адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген залалды өтеу бойынша қарыздар жойылуға жатпайды, ары қарай да оның атында жазылып тұра береді.
Заң жобасында көзделгендей, жеке тұлғаның банкроттық рәсімі кез келген кезеңде тоқтатылып, азаматты қарыздарынан босатуға тосқауыл қойылуы ықтимал. Бұған дейін жеткізбеуі үшін борышкер келесі жайттарға жол бермеуге міндетті: біріншіден, «өтірік айтпауы», яғни өзінің қаржылық ахуалы, мүлік-активтері, табыстары мен міндеттемелері туралы жалған ақпарат ұсынбауы керек. Екіншіден, «жасырмауы», яғни дүниесін басқаға жазып, тасалауға тырыспауы, әкімшінің оның дүние-мүлкі туралы ақпарат алуына, өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына қандай да бір жолмен кедергі жасамауы қажет. Үшіншіден, «соңғы жылда әлденені сатуға және сатып алуына», яғни сол арқылы өзінің қаржылық жағдайын нашарлатуына немесе борышының көлемін арттыруына рұқсат жоқ.
Төртіншіден, «той-думанға несие алмауы», дәлірек айтқанда, процесті ашуға дейінгі үш жыл ішінде ойын-сауық шараларын өткізу үшін заем туралы келісімшарт бекітпеген болуы шарт. Бесіншіден, тұрақты табысы болса, жоспар құрудан бас тарта алмайды. Бұлардан бөлек, өз бетінше сот та борышкердің арамза әрекеттерін, қарау ниетті қылығын анықтап, оны банкроттыққа бөгет болатын жағдай деп тануы мүмкін.
Қанат Баеділовтің мәліметінше, осындай жағдайлардың бірі орын алған кезде, борышкер мүлкінен айырылса да, кредиторларға қарыз болып қала береді. Яғни, қалған қарызды есептен шығару рәсімі жүзеге аспай қалады. Тиісінше, кредиторлар одан ары азаматтық заңнамада белгіленген тәртіпте қарыздарын өтеуді талап етуге құқылы болады.
– Осы салдарлар өз қарыздарын қулық жолымен есептен шығаруға тырысушылар үшін тежеу тетігіне айналады. Өйткені бұл оларды төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесін ашпас бұрын, әбден ойланып шешім қабылдауға мәжбүрлейді, – деген пікір айтады вице-министр.
Сонымен қатар ол «өз борыш­та­рын есептен шығару жолымен жою үшін кредит алған азаматтардың жап­­пай осы тетікке жүгінуіне тос­қауыл қою» мақсатында, халық­ара­­лық тәжірибеге сүйене оты­рып, заң жобасында шектеулер ен­­гізу ұсынылатынын мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, банкроттықтан өткен тұлғалар біріншіден, бұдан былай банктерден кредит ала алмайды. Өйткені олардың «кредит тарихы» қалпына келместей, бүлі­нері сөзсіз. Екіншіден, ол басқа бір адамға – туыс-туғанына, жора-жолдасына гарант, қарызды бірге алушы, кепіл беруші ретінде көмектесе алмайды. Үшіншіден, оған жеке кәсіпкерлікпен айна­лысуына тыйым салынады, шаруа қожалығын да өз атына аша ал­майды.
Төртіншіден, заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді оңалту және банкроттау рәсімдерінде, сондай-ақ өзге Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесінде әкімші-ад­министратор қызметімен шұғыл­дана алмайды. Бесіншіден, оған енді медиатор, нотариус, бағалау­шы, адвокат, аудитор, сот орындаушысы қызметімен айналысуына жол жабық. Әрине, бұл шектеулер мәңгілікке, «өмір-бойға» енгізілмейді, мүлкін сату рәсімі аяқталған күннен бастап, үш жылға созылады. Осы мерзім ішінде ол шетелге саяхаттап не сапарлап шыға да алмайды.
Заң жобасы беретін игіліктерді теріс пайдаланудың алдын алу мақсатында Қылмыстық кодекс қосымша баптармен толықты­рылады. Олар кредиторлар алдын­дағы міндеттемелерінен жалтару, қарызын төлемеу үшін банкроттық рәсіміне жүгінгені үшін жаза қарастырады.
«Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» жаңа заң жобасы Парламентке биылғы маусым айында ресми түрде енгізілуге тиіс. Бірақ бұл заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарлануда. Себебі, қай азаматтың иелігінде қандай дүние-мүлік барлығы нақты тіркелуі үшін 2020 жылы өмірге жолдама алатын жаппай декларациялау науқанының нәтижелерін күту қажет көрінеді.
Парламент қабырғасында талқылану барысында үкіметтік заң жобасы талай баппен толық­тырылары, талаптары түрленері анық. Қалай болғанда, жеке тұл­ғаның өзін банкрот деп жария­лауы халықаралық тәжірибе көр­сеткендей, қалыпты өмірге, тұл­ғалық беделге келер кесел емес, құрдым түбіне тасталған арқан, қараңғы қапаста жағылар шамшырақ болса керек.
Шетелдік ақпарат құралдары банкрот болған атақты тұлғалардың «ондығына» белгілі рэппер 50 Cent, атақты голливудтық актриса Ким Бесинджер және Памела Андерсонды, танымал режиссер Фрэнсис Форд Копполаны, телевизиялық шоу атаулының май­талманы Ларри Кингті, жаһанға мәшһүр боксшы Майк Тайсонды, анимация «атасы» Уолт Диснейді, талантына талай жан тәнті әнші Тони Брэкстонды және басқаларын жатқызады.
АҚШ-та азаматтың жеке жағдайына қарай банкроттықтың әртүрлі рәсімдері қолданылады. Бұл процесс мамандандырылған соттарда шешіледі. Ең басты мақсат ретінде Америка заңнамасы азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, оған «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік беруді көздейді.
Швецияда «Қарыздан босату туралы акт» жұмыс жасайды. 120 күннен бері төлем жасалмайтын қарызы барларды мәжбүрлі түрде банкроттау институты Ұлыбритания мен Францияда әрекет етеді. Жапонияда өзін банкрот деп жариялаған аза­маттар компания басқару, адвокат, нотариус, бухгалтер қызметтерін атқару, бәлиғатқа жасы толмағандарға қамқоршы (опекун) болу құқығынан өмір-бойға айырылады.
Банкроттық институтының тарихы терең. Ежелгі Римде қа­рызын қайтара алмайтын адамды ең ауыр жазаға тартуға рұқсат етілген екен. Ғалымдардың айтуынша, дала демократиясын өркендеткен қазақ елінде бұлар әлдеқайда жеңіл жазамен құтылатын болған, атап айтқанда борышкердің не оның туыстарының малын барымталауға ұлықсат етілген көрінеді.
Әрине, қазір заман басқа, заң басқа. Тіпті «банкроттық» сөзінің мазмұны мен ұғымы да өзгерді. Әйтпесе, әу баста, орта ғасырларда италиялық саудагерлерде өз қарыз­дарын төлей алмайтын күйге жеткенін паш ету үшін дүкен алдын­да клиенттер үшін қойылған орын­дықтарды жұртшылықтың көз алдында қирату салты болған екен. Сынған орындықтар (итальян­ша banka rotta) сауда операцияларының тоқтатылуын, экономикалық субъек­тінің қаржылық күйреуін паш еткен.
Бүгінде дәрменсіздікке ұшыраған жаннан ешкім мүлік-мүкәммалын бұзуды талап етпейді. Керісінше, аман қалған құнды заттарын саудаға шығарып, олар жаба алмаған қалған қарыздың барлығын кешіріп, жалғыз үйін қалдырып, қайырымдылық көрсету көзделуде.
Тұрғындарының жалпы саны алпауыт көршісіндегі бір жылдық қана халық өсіміне пара-пар Қазақстан әр азаматын жалғызындай бағаласа, қиыншылықтармен жалғыз қалдырмаса керек-ті. Адам өмірі қағаз бен металлдан қымбат. Кредитін өтеу үшін бүйрегін сатқан Алматы облысындағы 52 жасар ананың, жатаған үйінен айырылып қалғанына қайғы шегіп, өзін өртеген 46 жасар тараздықтың, қарызгері баспанасын тартып алғанына ашынып, өзін биік ғимарат төбе­сінен төмен тастаған Павлодар тұрғынының көзге жас үйірер қасіретті тағдыры қайталанбауы қажет.
Дамыған ел қатарына қосылғысы келетін мемлекетте бұл проблемалар өркениетті, заң жолымен шешілуге тиісті.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*