Ынтымақтастығымыз нығаяды

891
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авиномен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму, энергетика, аза­мат­тық авиация, туризм, көлік және логистика сала­ла­ры­н­да­ғы Қазақстан мен Италия арасындағы серіктестікті кеңейту және екіжақты ынтымақтастық мәселелері тал­қыланды. Ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, тау-кен және металлургия өнеркәсібі салаларында жаңа инвестициялық жобалардың перспективалы бағыт­тары қаралды.
Бақытжан Сағынтаев Д’Авино мырзаны еліміздегі ел­шілік қызметінің басталуымен құттықтап, жоғары және жауапты лауазымында табыстар мен жетістіктер тіледі.
Қазіргі кезде Италия – Қазақстанның сауда серік­тестерінің алғашқы үштігіне (Ресей мен Қытай­дан кейін) кіреді: оның еліміздің жалпы тауар айналымындағы үлесі 15,9 пайызды құрайды. Сыртқы сауда көлемі бойынша Еуропалық одақ елдерінің арасында бірінші орын алады, сондай-ақ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі.
Бүгінде Қазақстанда Италия өкілдерінің қатысуы­мен 228 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, тау-кен және металлургия өнеркәсібі сияқты салаларда инвестициялық жобалар сәтті іске асырылып жатыр.
2017 жыл қорытындысында тауар айналымы 9,615 млрд долларды, соның ішінде экспортымыз – 8,669$ млрд, ал елге тасылған импорт – 946$ млн құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 16 пайызға жоғары көрсеткіш. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында тауар айналымы 1,824 млрд болды (экспорт – 1,699$ млрд, импорт – 125 млн). Бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артық. 2005-2017 жылдары Қазақстан экономикасына салынған тікелей италиялық инвестициялар көлемі 5,76 млрд долларға жетті.
Осы күні Үкімет басшысы Ресейдің еліміздегі жаңа төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Жүздесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты және интеграциялық өзара іс-қимыл, өңіраралық және шекара бойындағы ынты­мақтастық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев Алексей Бородавкинді елші қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жоғары және жауапты лауазымында табыстар мен жетістіктер тіледі және бұл тағайындаудың Қазақстан–Ресей ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға ықпал етеріне сенім білдірді.
Ресей Қазақстанның сауда серіктестері арасында көш бастап тұр, Қазақстанның бүкіл сыртқы сауда айналымының 20,6 пайызы солтүстік көршімізге келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 16 млрд долларды құрады, яғни 2016 жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға артты. 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында тауар айналымы 2,4 млрд доллар болды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға жоғары көр­сеткіш (2017 жылғы осы кезеңде 2,3 млрд). Қазақ­станның Ресейге өткізген экспорты 2018 жыл­дың қаңтар-ақпан айларында 6,6 пайызға өсіп, 737,3 миллион долларды құрады. Ресей болса, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында бізге сатқан тауарларының көлемін 3,9 пайызға арттырып, қазақстандық нарықтан 1,7 миллиард доллар табыс тапқан.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*