Бюджетке түзетулер құпталды

920
0
Бөлісу:

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Түзетулер Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Бюджетке түзетулерді талқылау ба­рысында палатаның қаржы және бюджет, әлеуметтік-мәдени даму комитеттері талдамалық, социо­ло­гиялық зерттеулер жүргізу және кеңес-консалтингтік қыз­меттерді сатып алу шығын­дарын артты­рудың қаншалықты орынды екеніне қатысты мәселе көтерді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осы жекелеген баптар бойынша бірқатар министрлік­тердің бюджет шығыстарының ұлғайтыл­ғанына назар аударды.
– Шынында, әлеуметтік зерттеулер мен кеңес-консалтингтік қызметтердің байыбына бару қажет. Мысалы, 2018 жылға арналған бюд­жетте бұдан бұрын әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 мемлекеттік органға 7,2 миллиард теңге берілген болатын. Енді нақтыланған 2018 жыл бюджетінде әлеу­меттік зерттеу­лерге тағы да 3,3 млрд теңге бөлу қарас­тырылып отыр, – деді Палата төрағасы.
Осы орайда, ол дәл осы бюджетте мы­салға, мүгедек жандарды бағып-қағатын адамдарға бөлінетін жәрдемақы үшін республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге, ал елімізде орын алған су тасқындарына байланысты ІІМ-ге 1,6 млрд теңге беру көз­делгенін алға тартты.
– Бізде сонда әлеуметтік зерттеулер саласында су тасқындарынан да қиын төтенше жағдай туындап отыр ма? – деді аң-таң болды Н.Нығматулин.
Ол осы жағдайдың жыл сайын қайта­ла­на беретінін айтты. Мәселен, Білім және ғылым министрлігіне өткен жылы ал­дымен 770 млн теңге бөлінген, кейін бюд­жетті нақтылау кезінде ол сомаға тағы 540 млн теңге қосылған. Ал биыл БҒМ әлеу­меттік зерттеулер үшін осы бюджет аясын­да бұрын алған 460 млн теңгеге қосымша, тағы 800 млн теңге сұрауда.
– Бұл жыл сайын осы мақсатқа (әлеу­меттік зерттеулерге) миллиардтан артық қаржы жұмсау керек дейтін бір жоспарға айналып бара жатқан сияқты, – дей келіп, Н.Нығ­ма­тулин барлық министрліктер бойынша осын­дай зерттеулер нәтижелері мен қоры­тын­дыларын практикалық қол­дану, іске жарату мүмкіндігі мәселесіне де тоқталды.
Бюджетке түзетулерге сәйкес, сондай-ақ Инвестициялар және даму министр­лігіне – автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ин­же­нерлік инфрақұрылымды дамытуға, «Өңір­лерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағ­дарламасы» бойынша ауылды елдімекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға қосымша 100,6 млрд теңге беріледі.
Білім және ғылым министрлігіне жаңар­тылған білім беру мазмұны бойынша бас­тауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын іске асы­ра­тын мектеп­тердің мұғалімдеріне, сондай-ақ ұлттық біліктілік тестілеуінен өткен және бастауыш, негізгі, жалпы орта білім­нің оқу бағдарла­ма­ларын іске асыратын мұғалімдердің педаго­гикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақыларды төлеуге бұрынғы қаражаттар сыр­тында тағы 112,4 млрд теңге арна тартады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға несие беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, АӨК-ті және аграрлық ғылымды дамытуға, су ресурс­тарын тиімді басқаруға, жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттер беру арқылы мемлекеттік қолдаудың қар­жылық шараларын пайдалану тиімділігін арттыру жолымен АӨК өнімдерін өнді­рудің тиімділігін арттыруға қосымша 39,5 млрд теңге жұмсамақ.
Ішкі істер министрлігі «Тұрғын үй қа­тынастары туралы» жаңа заңның нор­маларын іске асыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңта­рынан бастап әскери қыз­метшілер мен олар­дың отбасы мү­шелерін тұрғын үймен қам­тамасыз етудің жаңа тетігін енгізуге бай­ланысты тұрғын үй төлемдеріне қосымша – 10,0 млрд теңге, Қорғаныс министрлігі 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап әскери қыз­метшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін енгізуге байланысты тұрғын үй төлемдеріне қосымша – 10,1 млрд теңге, Ұлттық эко­но­мика министрлігі жаңа микро­кәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне микро­кредиттер беруге қосымша 12,4 млрд теңге алады.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­меновтің айтуынша, 2018 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет па­раметрлері болжамының осылайша қайта қаралып, нақтылануына бірнеше негізгі фактор ықпал еткен.
– Біріншіден, 2017 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланған еді. Ол 558 млрд теңгеге ұлғай­ды. Нақты өсім 4 пайызды құрады. Екін­шіден, 2018 жылғы қаңтар-ақпанда эко­номи­каның өсімі 4 пайызға жетті. Үшін­шіден, 2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне 45 доллардан 55 долларға дейін ұлғайды. Металдардың баға индексі 0,4 пайызға артты. Төртіншіден, АҚШ долларына қатысты тең­генің есептік бағамы 340 теңге деңгейінде сақталды. 2017 жылғы нақ­тыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұл­данған көрсетекіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты ЖІӨ 3,8 пайыз дең­гейінде кү­тілуде, – деді Тимур Сүлей­менов.
Жалпы отырыста сонымен бірге, па­лата 2004 жылғы 18 маусымдағы ҰҚШҰ аясында құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз етуге байланысты келі­сімге өзгерістер енгі­зетін заң жобасын құп­тап, Сенатқа жолдады. Құжат ҰҚШҰ келісіміне қатысушылар орта­сын кеңейту мүм­кіндігін қамтамасыз етеді.
Осы күні Мәжіліс Вьетнаммен арада қыл­мыстық істер бойынша өзара құ­қық­тық көмек туралы және Литвамен арада бас бостан­дығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адам­дарды беру туралы шарт­тарды рати­фикациялауға қатысты заң жоба­ларын жұмысқа қабылдап алды.

 

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*