Кәсіпкерлік күткен заң қабылданды

1480
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында бірқатар заңдар қабылданып, Елбасының қол қоюына жолданды. Палата кәсіпкерлік қызметті реттейтін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын екі оқылымда талқылап, құптады. Бұл құжат бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді қысқартуға және ауыртпалықты азайтуға арналып отыр.

Бұл ретте 123 заңнамалық актіге, оның ішінде 14 кодекс пен 109 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіледі. Олар мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, бә­секеге кедергі жасайтын норма­ларды алып тастауға бағытталған. Іріктеу тәртібімен жүзеге асырылатын тексерулер орнына «әкімшілік іс жүр­гізуді қозғамастан құқық бұзушы­лықтардың профилактикасы мен алдын алуды» қарастыратын профи­лак­тикалық бақылаудың жаңа инс­титуты енгізіледі. Заң аясында 20 бақылау саласы мен бірқатар бақылау функциялары қайталанушы және тиімсіз ретінде алып тасталады.
Талқылау барысында сенаторлар жоба сапасына сын ескертпелерін айтты. Депутат Е.Мамытбеков де­регінше, қазір 20 кодекс қолданыста, оның 19-ына өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді, сондай-ақ 296 ар­наулы заңның 266-сына өзгеріс ен­гізілді. «Ережелердің көптігі мен заң­намаға ұдайы өзгерістер енгізу экономиканың тиімді дамуына кедер­гі болады» деді депутат.
Сенатор А.Бейсенбаев заңнама ережелерінің тұрақсыздығына тоқ­талды. «2015 жылы қабылданған Кәсіп­керлік кодексіне, өткен жылғы Салық кодексіне бірнеше мәрте өзгерістер енгізілді. Заңға жиі түзету енгізу кәсіпкерлік пен бизнестің тиімді дамуына ықпал етпейді», – деді ол.
Жиында заңнамаға жер қатынас­тары мәселелері бойынша түзетулер де екі оқылымда қаралып, қабыл­дан­ды. Вице-премьер – Ауыл шаруа­шылығы министрі Ө.Шөкеев бұл ережелер Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленгенін айтты.
Заңдағы негізгі ережелері азамат­тарды жеке мал ұстау үшін жайы­лымдық алқаптармен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерімен қам­тамасыз ету мақсатында алып қоюды мемлекет мұқтажына жатқы­зуға, жер учаскесін беру кезінде жа­рия­лылықты қамтамасыз етуге, Қа­зақ­стан азаматтарына және заңды тұлғаларына жалдау шартымен бе­рілетін ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жердің ауданына шектеулер енгізуге бағытталған.
Оның айтуынша, ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы ауқымы үлкен жерді бір қолға беруді жою мақсатында құжатта еліміздің әр облысындағы әкімшілік ауданы шегінде ел азамат­тарына жалға берілетін жер телімде­рінің ең үлкен көлемін белгілеу көз­деліп отыр. Олардың көлемін жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дардың ұсынысы бойынша үкімет белгілейтін болады. Шекті көлемді анықтау үшін есептеу әдістемесі әзір­ленді.
Депутаттар «Қазақстан халқы ас­самблеясы туралы» заңға түзетулерді де қабылдады. Халықаралық құжат­тар да ратификацияланды. Сондай-ақ сенаторлар Елбасының ұсынуы бойынша А.Смолинді Жоғарғы сот­тың судьясы етіп сайлады.
Отырыс соңында сенаторлар депу­таттық сауалдар жолдады. Сенатор Ә.Құртаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметін жетілдіру туралы, М.Бортник Маңғыстау облы­сындағы «Қошқар ата» қалдық қой­масын қалпына келтіру үшін қаржы бөлу туралы, М.Тағымов лифтілердің қауіпсіздігі мен оларды күтіп ұстауды ұйымдастыру туралы, Ғ.Дүйсембаев Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысына қаржыландыру туралы, В.Волков ІІМ жедел басқару орталықтарының қызметін жақсарту, Е.Мамытбеков «Кәсіби әскерилен­дірілген авариялық-құтқару қызметін» жекешелендіруге жататын мекемелер тізімінен алып тастау туралы айтты.
Ал Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қайырылған сенатор Д.Мусин тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды заман тала­бына сай кәдеге жарату және қайта өңдеу шараларын қабылдау жайына назар аудартты. «Үкімет Энергетика министрлігімен бірлесіп, кешенді шараларды белсенді іске асыруы, қажет болған жағдайда ар­найы бағдарлама мәселесі қаралып, тиісті заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасауы керек» деді сенатор.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*