«Самұрық-Қазына» жаңа даму стратегиясын қабылдайды

1082
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.

Жиынға Премьер-министр Б.Сағынтаев, Пре­зидент әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсы­беков, Ұлт­тық банк төрағасы Д.Ақышев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімов, Премьер-министрдің орынбасарлары А.Мамин және А.Жұма­ғалиев, Президенттің көмекшісі Ә.Смайылов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қо­ғамының тәуелсіз директоры Р.Эванс, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
Басқосу барысында «Самұрық-Қазына» акцио­нерлік қоғамының жаңарған даму стратегиясы мен Қорды трансформациялау бағдарламасын қабылдау мәселелері талқыланды.Кездесуді ашқан Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұ­мы­сы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақмерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорды дамыту үшін атқа­рылған жұмыстарға оң баға беріп, бұған дейін қа­былданған бағдарламаларды қазіргі жағдайларға сәйкес жаңарту қажеттігін айтты.
– Біз экономикамызды үшінші жаңғырту жолы­на түсіп, цифрландыру жөніндегі жұмыстарға белсенді түрде кірістік. Еліміздің 2025 жылға дейін­гі даму стратегиясы қабылданды. Осы орай­да, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа даму стра­тегиясын да қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ Қорды трансформа­ция­лау бағдарламасын жаңарту қажет. Бұл бағдар­ла­маның нәтижелері Қор ком­пания­ларының қызме­тінде де көрінуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-министр Б.Сағынтаевтың, «Самұрық-Қазына» АҚ басқар­масының төрағасы А.Есімовтің, «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры Р.Эванстың есептері тыңдалды. Жиынға қатысушыларға Қордың 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясы мен транс­формациялау бағдар­ламасы таныстырылды. Адами капиталды дамыту және Қордың кадр әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Нұрсұлтан Назарбаев баяндамашыларды тыңдап, жиынға қатысушылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларын цифрландыру үдерісіне арнайы тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бұл бағдар­ламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қордың ірі инвестициялық жобаларына қатысты жүйелі шешім қабылдау қажеттігін айтты.
Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған Даму стратегиясын және Қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның ары қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
– Ұлттық әл-ауқат қорының жұмысы қазақстан­дықтардың тұрмысын жақсартуға және ел экономи­касын көтеруге бағытталуы керек. Дамудың жаңа стратегиясы мен Трансформациялау бағдарламасы Қор жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканың одан әрі дамуына да ықпал етеді. Осыған орай, Үкімет Қор басшылығымен бірлесіп, осы бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет, – деді Елбасы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*