Айбек ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ, UIB университетінің оқытушысы: Сөйледі әлем тілімде…

651
0
Бөлісу:

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитар­лық сала мамандары ауадай қажет» деп атап өтіп, сол үшін әлемдік деңгейдегі 100 оқулықты қазақ тіліне аударуымыз қажеттігін айтқан бола­тын. Тапсырма толық орындалып үлгер­месе де, осы айтылған 100 оқулықтың 18-і халық назарына ұсынылып, таныстырылымы өтті. Әрқайсысы 10 мың данамен жарық көр­ген 18 оқулық гуманитарлық білімнің бар­лық бағытын қамтыған. Оның ішінде философия, әлеуметтану, психология, экономика, менедж­мент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология мен журна­листика секілді әлемдегі ең үздік универ­ситеттердің білім беру процесінде кеңінен қолданылатын озық оқулықтар бар. Олардың 16-сы – ағылшын, біреуі – француз, енді бірі орыс тілінен тәржімаланған екен. Бұлардың мемлекеттік тілге тәржімалануы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың тиімді нәтижесі. Өйткені бұрын-соңды әлемдік гуманитарлық ғылым дәл мұндай көлемде қазақ тіліне аударылып көрмегендігі бәрімізге аян.
Былтыр осы «100 оқулық» жобасы жария­лана салысымен еліміздің жоғары оқу орын­дарынан 800-ден аса оқулықты мем­лекеттік тілге аудару туралы ұсыныс түскенін естіген болатынбыз. Бірақ арнайы құрылған комиссия шешімінен кейін «Философияның қысқаша тарихы», «Экономикс», «Кәсіпкерлік теория­сы» сынды кітаптар іріктеліп, белгілі француз философы Реми Хэсс, әлеуметтану ғылымы­ның ең беделді өкілі Джордж Ритцер, антра­полог ғалым Алан Барнардтардың еңбектері қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің қатарына келіп қосылды. Аталған еңбектер кемінде баспадан 3 қайтара басылып шыққан, соңғы басылымдары өткен 3 жыл көлемінде жарық көрген екен. Осыған қарап-ақ бұл еңбектердің қаншалықты сұранысқа ие екенін бағамдай беруге болады. Жалпы, нарықта бұл кітаптар­дың бағасы анау айтқандай арзан да емес. Кейбірінің құны 280 долларға дейін бағала­нады. Неге десек, мұндай бір кітапты құрас­тырып басуға 500 мыңнан 3 млн АҚШ долларына дейін қаржы жұмсалады екен. Өзгесін айтпағанда, жалғыз «Құдайтану баяны» оқулығы Ұлыбританияда 30 фунт тұрады. Ал қазақстандық студенттер Елбасы саясатының арқасында осындай құнды еңбектерді тегін оқып, ілім-ғылым әлеміне еркін құлаш сермей алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Осыны меңзеген Президентіміз «Осы оқулықтар арқылы біздің ғалым­дарымыз да қуат алып, түбінде жазатын шығар деп ойлаймын. Сондықтан жас ғалымдарға рух беріп, ізденістің жолына салып, өзіміз де осындай оқулықтарды, осындай еңбектерді шығаруға болады деп сенемін» деп өскелең ұрпақ арасынан әлемге әйгілі ғалымдар шығатынына сенімін де білдірген еді.
Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың жалпы таралымы 47 миллионнан асып жығы­лады. Мамандар «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында атқарылып жатқан бұл бас­тамаларды ұлттың ұзақмерзімді даму жос­парына балайды. Сондай-ақ бұл жобаны ғылыми қазақ тілін қалыптастырудағы бірегей қадам деп есептейді. Себебі тіліміз халық­аралық ғылыми лексиконмен толығуда. Тек осы 18 оқулықтың негізінде қазақ тілінде үш мыңнан астам ғылыми терминдер мен ұғымдар пайда болып үлгеріпті. Кез келген тәуелсіз мемлекет сана сезімімен ойлау қабілетін өзіндік жүйеде қалыптастыра білуі керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл – ұлт боламын деген елдің негізгі мақсат-мүддесі. Қазақстан осы қағиданы тәуелсіздік алған кезеңнен бері ұстанып келеді. Осы ретте Елбасы қазақ әліпбиінің латын графикасына көшірілуі ана тіліміздің кемелденуі жолындағы қабылданған маңызды шешім екендігін еске салып өтті. Адамның сана сезімінің қалыптасуы бала кезден бастау алатындықтан, дәл осы шақта өскелең ұрпақ бойына сапалы білім нәрін сіңіре білу өте маңызды екендігін сөз етіп, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы отандық жоғары оқу орындарын дүниежүзіндегі ең озық тәжірибесімен таныстырып, оларды әлемдегі маңдайалды университеттер дең­гейіне шығаруға жол ашатынын да тілге тиек еткен еді. Қоғамдық сананы өзгерту ісінің тірегі жаңа мазмұнға сүйенетін білім беру жүйесі екеніне де ерекше тоқталған Президент жоба аясында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылу барысымен таныса отырып, әлемдегі үздік оқулықтардың қазақ тіліне аударылған нұсқасы биылғы оқу жылында білім беру бағдарламасына енгізілсін деген тапсырма жүктеді. Әрине, бірінші кезекте алдымызда «Рухани жаңғыру» жобасы аясындағы кешенді міндеттердің бірі әлемдік деңгейдегі үздік оқулықтардың жыл соңына дейін заман талабына сай тағы 30-ын мемлекеттік тілге тәржімалау міндеті бар.
Қазақ ғылымына келген тың жаңалық біз секілді талай жоғарғы оқу орны ұстаздарының жүрегіне жалын, қабілетіне қанат берді деп ойлаймын. Өзім дәріс беретін «Журналистика» ғылымының оқулықтарын қолыма ұстап көріп, сол еңбектермен студенттердің та­лаптарын ары қарай шыңдайтын күнді асыға күтіп жүрмін. Тағы бір айта кетерлігі, аталған жаңа оқулықтардың – кәдімгі кітап түрінде, 100kitap.kz сайтында онлайн түрде және үздік лекциялардың видеотекасы деген секілді 3 форматта болатыны да көңілге қуаныш сыйлады. Яғни, тәлімгерге де, білімгерге де қолжетімді, әрі қолайлы болмақ. Сонымен бірге, алдағы уақытта оқулықтар оқу орын­дарына таратылып, электронды нұсқалары Openu.kz ашық платформасына да енгізіл­мекші. Елбасымыздың сарабдал саясаты болашағымыздың бағдарын айқындап, рухани дүниемізді алтындап беріп жатқанының айқын дәлелі бұл.

Бөлісу:

Пікір жазу


*